«Латынға көшу – заман талабы»

26 Мамыр 2021, 12:33 8140

Филолог Нұрбол Садуақаспен сұхбат

 

Қазақ жазуын латын графикасына көшіру мәселесі көтерілгелі төрт жылдан асып барады. Бұл жұмыс 2017 жылы 12 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласынан кейін бірден қолға алынды. Сол уақыттан бері әліпбидің бірнеше нұсқасы жарияланғанын білеміз. Осы жөнінде және басқа сұрақтарға жауап алу мақсатында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Абдуллаұлы Садуақаспен сұхбаттасқан едік.


 

– Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру ісінде ұлттық әліпби құрастыру жұмысы қалай жүргізілді?

 

– Елбасының мақаласындағы қазақ жазуын латын қарпіне көшіру туралы ұстанымдары елдің болашағына, мемлекеттік тілдің келешегіне жасалған игі іс, жазу мәдениетіміздегі маңызды тарихи оқиға ретінде халықтың зор ықыласына бөленді. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің алғашқы жобасы 2017 жылдың 11 қыркүйегінде Парламент депутаттарының талқылауына ұсынылды. Латынша қазақ әліпбиінің бұл жобасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов таныстырды. «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасы» аталған латын негізді қазақ тілі әліпбиінің осы нұсқасында 25  әріп және 8 дыбысты таңбалайтын 8 диграф ұсынылған болатын. «Диграф» деген сөзді «бір дыбысты қос әріппен таңбалау» деп түсінген жөн. Әліпбиде «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымымен әр дыбысқа бір-бір әріп алынса да, бас-басына латынша жеке әріп жетіспегендіктен, қазақ тілінің Ә, Ө, Ү, Ң, Ғ, Ч, Ш, Ж дыбыстары қос әріппен (диграф) таңбаланған еді. «Бір дыбыс – екі таңба, диграф жүйесі» ұстанымымен алынған 8 диграф тіл мамандары тарапынан қолдау таба алмады. Қазақ тілінде дауыссыздарға дауысты дыбыстардың ықпалы күшті болады, сөз құрамында «а», «е» дыбыстары актив қолданылатынын ескерсек, әліпбиде «Ә» – [ae], «Ө» – [oe], Ү– [ue] болып таңбаланып, диграфтар құрамында келуі осы дыбыстарды жиі пайдалануды қажет етеді. Бұл өз кезегінде біршама қиындықтар туғызатыны белгілі жайт. Сондықтан бірдей әріптердің жиі қолданысы жазу мен оқуға салмақ салатыны айтылды. Ең алғашқы диграф нұсқасы біздің жазуымызға сәйкес келмеді. Қазақ тілі – жалғамалы тіл. Еуропаның фликтивті тілдерінде сөзге қосымша жалғанғанда түбірі өзгеріске түсіп отыратын болса, біздің тілімізде түбірі көп өзгеріске ұшырамайды. Оған қосымша сөздің соңына жалғана береді. Мысалы, «от» - «отын», «отыншы». Осыдан-ақ дыбысты қос әріппен жазу бізге оңтайлы болмайтынын аңғаруға болады. Тиімсіздігі нақтыланған соң, бұл нұсқаны тізімнен алып тастауға тура келді.     

 

Екінші ұсынылған нұсқа – апостроф, яғни дәйекші арқылы белгіленген әліпби болды. Бұл әліпбидің нұсқасында 9 дыбыс, яғни қазақ тіліне тән 5 төл дыбыс (ә, ө, ү, ғ, ң), 1 кірме дыбыс (ч) және екі тілге де ортақ 3 дыбыс (и/й, ш, у) дәйекші (апостроф) арқылы таңбаланды. Өткен ғасырдың 30 жылдарына дейін қолданыста болған Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуында да дәйекші болғанын білеміз. Дәйекші жазудың тиімділігі сол, диакритикалық белгілері бар. Бірақ қазіргі жазу заманы, ақпарат тасқыны кезінде бұл нұсқаға көшу орынсыз болар еді. Оның әріптен тыс белгі ретінде жазғанда ұмыт қалдыру, математикалық формулалар арасында келген сөздерді оқуда басқа таңбалармен шатастырып алудан бөлек, көзшалым мен тез оқуға да қиындық келтіретіні айтылып жүр.

 

Әліпбидің келесі нұсқаларындағы акут белгісі де сөздің екпінін білдіруге арналған Еуропа тілдерінде тиімді болғанмен, қазақ тіліндегі сөздерді жазуда тиімсіздігі көп талқыланды. Сонымен бірге әліпбидің акут арқылы берілген алғашқы нұсқасында екі дыбыс тағы да қос әріппен (диграф) (Ch [ч], Sh [ш]) таңбаланды. Қазақ тілінде «ш» дыбысы жазуда көп қолданылатындықтан, оны екі әріппен таңбалау жазуымызды қиындата түсетіндігі де ғалымдар тарапынан сынға алынды. Бұдан кейін ұсынылған әліпбидің акут және умляут арқылы берілген екі жаңа нұсқасын талқылай келіп, умляут нұсқаға бет бұрдық. Бұл диакритикалық белгі түрік, әзербайжан, неміс, эстон, швед сияқты т.б. халықтар  қолданысында бар, біздің де пайдалануымызға тиімді деп білеміз.

 

Әліпбидің бұл нұсқасына 31 әріп алынып, жіңішке «ә», «ө», «ү» дауыстылары умляут арқылы – Ä ä, Ö ö, Ü ü, «ұ» дыбысы «Ū» макрон диакритикасы арқылы, ал «ғ» дауыссыз дыбысы бревис диакритикасымен (Ğ), «ң» дыбысы халықаралық фонетикалық әліпбиде бар «Ŋ» таңбасымен, «ш» дыбысы седиль «Ş» таңбасымен берілді. Бұдан бұрынғы нұсқалардан тағы бір өзгешелігі  «Ii» әрпімен «й, и» дыбыстары, «1ı» әрпімен «і» дыбысы таңбаланды. Бұл нұсқада «Ш» дыбысының мәтін ішіндегі жиілігі жоғары, оны екі таңбамен беру мәтінді жасанды ұзартатыны, оны таңбалауға алынған (sh) қосар әріп екі түрлі оқылып, көпшілікті шатастыратындықтан, бір седиль таңбасымен (ş) берілуі қазақ тіліндегі «бір дыбыс – бір таңба» принципіне сәйкес келеді деп танылды.

 

– Әліпби құрастыру аз уақытта бола қоймайтын іс екені белгілі, бұған дейін осы салада зерттеу жүргізген ғалымдар туралы не айтар едіңіз?

 

– Латынға көшу туралы айтпас бұрын, қазақ жазуына қатысты мәселелерге назар аударатын болсақ, жазу жүйесіндегі «дыбыс – фонема – графема – әріп» ара қатынасының теориясы ғалым Нұргелді Уәли зерттеулерінде, дыбыс-фонеманың жасалым, айтылым, естілім, жазылым сипаттамалары, сингармофонема, сингармовриант-сингармовариациялық табиғаты ғалым Әлімхан Жүнісбек зерттеулерінде, қазақ тіліндегі фонемалардың фонологиялық дамуы мәселелері ғалым Зейнеп Базарбаеваның мақалаларында, қазақ әліпбиі мен жазуының жалпы теориялық мәселелері ғалым Құралай Күдеринованың зерттеулерінде, шетел тілінен енген сөздерді тіліміздің табиғатына қарай бейімдеудің ұтымды тұстары ғалым Айман Алдашеваның, т.б. еңбектерінде терең қамтылған.

 

Жалпы әліпбиді құрастыру ісінде Қазақстан Республикасы Мәденит және спорт министрлігі Тіл комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, сол сияқты Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары көп еңбек сіңірді. Жоғарыда айтып кеткен, бірнеше әліпби нұсқасын жасап, құрастырып, қазақ тілінің дыбыс құрамымен сәйкестендіріп, тіліміздің өзіндік фонологиялық үндесім ерекшелігін ескеріп, фонема мен графема арасындағы байланысты айшықтап, әліпби жасауда асқан жауапкершілік танытты. Орталық пен институттағы ғалымдар латынға көшкен түркі халықтарының әліпбилерін жете зерделеп, жазуда кездесетін қиындықтардың алдын алуға ерекше назар аударғаны анық. Олардың бұл атқарған жұмысына жоғары баға беруге болады. Себебі әліпби құрастыру қазіргі кезде, яғни тілімізде кірме дыбыстар мен өзге тіл сөздері әбден орнығып қалған тұста, таза ұлттық әліпби мен жазуды қалыптастыратын кемшіліксіз әліпби жасау айтуға ғана оңай болып тұр. Әліпбиіміз халықаралық деңгейде танылып, әлемдік стандартқа сай келуі тиіс деп айтқанда, ол тек ана тіліміздегі сөздерді ғана жазып қоймай, өзге тіл сөздерін жазуға да қиындық келтірмеуін ескеру керек деген көзқарас та бар. Шындығына келгенде, кез келген елдің әліпбиінде ойлантар жақтары, өздеріне ұнамайтын тұстары болады. Мысалы, әзербайжан әліпбиінде барлығы таза латын әріптері емес. Олар өте жиі қолданылатын «ә» дыбысын умляут «Ä» әрпімен алса, сөздерінің үстінде нүктелер көбейіп кететін болғандықтан, бұл дыбысты латын әрпімен таңбаламаған екен. Сондықтан кириллицадағы «е»-ні төңкеріп, «ә» етіп алған. Сол сияқты, өздерінің әліпбиін қайта жасайтындай күн туа қалса, қазіргі ағылшындар да оған көп өзгеріс енгізер еді. Сондықтан жаңа әліпбиіміздегі кемшіліктерге түсіністікпен қарау керек. Бізде де үлкен мәселе тудырып, амалсыздан таңбаланған белгілер бар. Дауысты-дауыссыз дыбыстарымызбен сай келмейтін латынның 26 таңбасын қазақтың барлық дыбыстарына сәйкестендіру оңай болмаса керек.

 

Соңғы ұсынылған әліпбиімізде 31 әріп тұр. Бұл – ең жетілдірілген нұсқа. Қазіргі таңда бір топ ғалымдар 28 әріпке түсіру керек дегенді айтса, қалғаны 31 әріпті жақтап отыр. Кейбір ғалымдар «қазақ тілінде 9 дауысты, 19 дауыссыз бар, қазіргі нұсқада 3 әріп («х», «ф», «в»)   артық тұр» дейді. Олар «в» әрпі қазақ әліпбиінде тұрса, орыс сөздері сол күйінде айтыла береді, сондықтан оны ұлттық әліпби деп айта алмаймыз» деген пікірді алға тартып отыр. Ал екінші бір ғалымдарымыз «в» дыбысымен келетін сөздердің барлығын «б» дыбысымен бұрып айтсақ, «в» дыбысымен айтылатын көптеген терминдерді түсінбей қаламыз» деген қауіп айтады. «Тіліміздегі дыбыстарды таңбалауға әріп жеткізе алмай жатқан кезде әліпбиге латынның «С», «W», «X» әріптері алынбай қалды» деп айтушылар да бар.   Осындай ерекшелік болмаса, әліпбиіміздің соңғысы таза қазақы нұсқаға жақын келіп тұр.

 

– «Таза қазақы нұсқаға сәйкес келіп тұр» дейсіз, сонда ғалымдарымыз латыннегізді қазақ әліпбиі мен жазуында қандай принциптерді негізге алып отыр?

 

– Қазақ жазуын латынға көшіруге байланысты ұсынылған әліпбилерді талқылау барысында ғалымдар «бір дыбыс – бір таңба» деген ұстанымды басшылыққа алуды ескертіп келген болатын. Екі дыбысты бір таңбамен алу жазуымызды жеңілдетсе де, айту, сөздерді тасымалдау, буынға бөлу мен грамматикалық табиғатын тануда бірқатар қиындықтар туғызады. Араб графикасын реформалап, «төте жазу» деген атпен танылған Ахмет Байтұрсыновтың әліпбиінің ерекшелігі «бір әріп – бір таңба» ұстанымымен құрастырылуы деп айтар едік. Енді, латын әліпбиіне көшкенде де осы принципті сақтау керек болды. Алдында айтып кеткенімдей, диграфтарды біз неге құптамадық? Себебі диграфтардың қазақ тілінің бұрыннан халық жазып үйренген қалпына, қазақ тілінің табиғатына сәйкес келмеуі. Дегенмен де, осы жағдайға байланысты біздің әліпбиімізде «и» мен «у» әріптерінің жазылуында екі түрлі пікір қалыптасып отыр. Мұндай екі түрлі көзқарас А.Байтұрсынұлы заманынан бастау алған. Ғалым соңғы еңбектерінде қосарланған әріптерді бір әріппен жазған еді. Ал профессор Қ.Жұбанов та «Қоса ма, дара ма?» деген мақала жазып, қалай жазғанымыз дұрыс деген сұрақты көтерген. Бұрын «ұу», «үу», «ый», «ій» деп қосарлана жазылған әріптерді тек бір «у», «и» әріптерімен жазуды жақтап, дара жазылу керек деген пікірін айтқан еді. Осы мәселені белгілі ғалым Ә.Жүнісбек те үнемі көтеріп, қазақ сөзі өз үндесіміне сай, өзінің дыбыстық құрылымымен танылуы үшін тіркесіп келген екі дыбысты да таңбалау керектігін айтып жүр. Ғалымның пікірінше, екі дыбысты бір таңбамен беру қазіргі жазуымыздағы қиындықтарының бірі. Бұл жерде қосар дыбыстарды таңбалайтын «и» мен «у» әрпінің жазылу мәселесі қазірге дейін екі түрлі көзқарастың қалыптасуына итермелеп отыр. Бірақ, мұны әдістемелік жағынан шешуге болады деп ойлаймын. Мысалы, ағылшын жазуында 26 әріп бар болғанмен, жүзден аса қосымша орфограммалар арқылы жазу заңдылығы түсіндіріледі. Сондықтан біздер де осы «и» мен «у» әрпінің жазылу заңдылығын әдістеме ғылымы арқылы дұрыс түсіндіруге көбірек назар аударсақ, мәселе де шешілер еді. Яғни, жазуымызда «бір дыбыс – бір таңба» деген ұстаныммен бірге «екі дыбыс – бір таңба» арқылы берілген «и» мен «у» әрпінің жазылуы да бар екенін ескертіп отыру керек болады. Жалпы алғанда, жазудағы ұстанымдарымыз да жетілдіріле түсті. Емле жасаушылар «айту мен жазуды бірдейлестіру ғылым мен білім дамыған, ақпараттар тасқыны өсе түскен кезеңде дұрыс болмайды, сондықтан біріккен сөз аралығындағы дауысты дыбыстарды кіріктіріп жаза беру мүмкін емес» дегенді айтады. Олар орфоэпия мен орфография өз алдына бөлек-бөлек ғылым саласы екенін ескеру керектігін алға тартады.

 

– Қазақ әліпбиін жасау барысында техникалық мәселелер мен халықаралық стандарттарға назар аударылды ма?

 

– Әрине, бұл мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Әліпби жасаудың басынан бастап техникалық мәселелер ескерілді. Қарапайым түрде қағазға жазу кезіндегі әрекетімізді көзге елестетіп көрейікші, жазу-сызуда қандай әріпті қолданғанымыз оңтайлы болар еді? Сырттай көзшалымда арабтың жазуы – сызық-сызық болса, латын әліпбиі биік, көзге көрініп, жазуға да, оқуға да ыңғайлы, түсінікті болып тұрады. Араб әріптерін жарық жер болмаса, оқудың өзі қиындық туғызады. Бірінші кезекте техникалық мәселе деп осыдан бастап айтуға болады. Қазір әлем осы латын әліпбиінің пайдасын көріп отыр. Ғылымын дамытуда да, әлемдік көшке ілесуде де оң әсері бар. Сонымен қатар, дәйекші, акутпен берілген әліпбиді неге назарға алмадық? Бұл жерде дәйекшінің өзі бір белгіні білдіреді. Оны қолданудың өзі қиындық тудыратыны белгілі. Әсіресе, ІТ мамандары әртүрлі формуланы жазғанда апострофтар басқа бір таңбамен шатастыруға бейім тұратынын көрсетеді. Сол сияқты әліпбиді жасау кезінде қазақ тілінің сөздерін тек қазақы ғана айтуға бейімделген әліпби емес, басқа елдердің сөзін жазғанға да оңтайлы, көпшілікке танымал графема болу жағы қарастырылған еді. Сондықтан әліпбиімізді латын графикасына көшуіміздің өзі жазуымызды халықаралық стандартқа сәйкестендіру дегенге сайып отыр.

 

Тағы бір айтып кететін жайт, қазақ тілінде «у» дауыссыз дыбыс болса, орыс тіліндегі «у» дауысты дыбыс. Осы дауыссыз-дауысты екі түрлі дыбысты ажырата қарау үшін әліпбиде екі түрлі әріппен белгілейік, деген ұсыныстар да болды. Ал осы ұсынысқа қарай, қазақша «у»-ды «w» таңбасымен алсақ, ағылшын тілін меңгергендерді шатастырып, «u»-мен жазылатын универистет сөзін «w» арқылы оқу қиындық келтіреді деген ойлар айтылды. Шетелдік фирмалардың атын да жазу кезінде біздің әліпбиіміз ыңғайлы болу керектігі талқыланды. Әрине, шетел сөзінің барлығын сол күйінде өзгеріссіз жазуға міндетті емеспіз, олай жаза беру мүмкін де емес. Осындай жайттар қазақ әліпбиін жасау барысында техникалық мәселелер мен халықаралық стандарттарға ерекше назар аударылғандығын байқатады. Сонымен бірге, әліпбиіміздің мінсіз болуы үшін кейбір сөздердің тұтасымен өзгертілмей, аралас буынды болып жазылуы, өзге тіл дыбыстарының әліпбиімізде әлі де бар екендігі, қосар дыбыстарды таңбалайтын «и» мен «у» әріптерінің дара жазылуы, қазақ тілінің табиғатын танытатын «қ» дыбысымен жазылатын сөздердің «х», «һ» таңбасымен берілетін тұстары да көп екендігі т.б. емлеге қатысты мәселелер өз шешімін күтеді.   

 

– Қазақ жазуын латынға көшіру барысында алдағы кезеңде, болашақта қандай қиындықтар, кедергілер болуы мүмкін?

 

– Қазір қазақ жазуын латынға көшіру басталды. Бұл қазақ жазуы ғана латынға көшеді деген сөз емес. Қазақстанның барлық мемелекеттік істері латын әліпбиімен жүреді дегенді халыққа түсіндіру керек. Қазақ тілі мен жазуы қоғамда әлі де өз мәнінде қолданыс таба алмай келе жатқанын ескерсек, біршама күрделі мәселелер туындайтыны айдан анық. Алдымен, біз латынға көшкен кездегі қиындықты айтпас бұрын, латынға не үшін көшіп жатқанымызды қайта түсіндіріп, бір мақсат үшін бүкіл халқымызды бір бағытқа бұруымыз қажет. Бұл тек бір топқа ғана тиісті нәрсе емес. Латынға көшу – мемлекеттік іс. Сондықтан осы мемлекетте тұрып жатқан, өзін тұрғыны, азаматы деп санайтын әрбір адам бұл маңызды істен тысқары қалмауы керек.

 

– Сұқбатыңызға көп рахмет!

(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: