23.09.2025
15:21
2442
La Sapienza студенті: «Отаныма оралып, еліме қызмет етемін»

La Sapienza студенті: «Отаныма оралып, еліме қызмет етемін»

Тараз қаласының тумасы Анель Шарафутдинова – Еуропада білімін шыңдап жүрген жас қазақстандықтың бірі. Мәдениет пен ғылымға ерекше қызығушылық танытқан ол бүгінде Италиядағы беделді La Sapienza университетінде магистратура оқып, халықаралық тәжірибе жинақтауда. Анель үшін бұл – тек сапалы білім алу емес, сонымен қатар әлемдік мәдениет пен ғылымды терең түсінуге жол ашатын өмірлік мектеп.

El.kz тілшісі отандасымызбен тілдесіп, шетелде білім алудың артықшылығын сұрап білді.

Анель Шарафутдинова – жас болса да ғылым мен мәдениет саласында өз орнын табуға ұмтылып жүрген білімді жастардың бірі. Ол №1 гимназияның түлегі, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мәдениеттану» мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда Анель Италияда магистратурада білімін жетілдіріп, кәсіби дамуының жаңа белесіне қадам басып жүр.

Анель Шарафутдинованың жеке мұрағатынан 

Анель бала кезінен Еуропа мәдениеті мен өнеріне ерекше қызығушылық танытып келген. Әсіресе итальяндық өнер, тарих және сәулет өнері оның кәсіби ізденістеріне шабыт берген. Білім алу мүмкіндіктерін зерттей келе, Италияның мәдениет пен өнер саласында жоғары сапалы білім ұсына алатынына көзі жеткен соң, ол батыл шешім қабылдап, құжаттарын тапсырып, Еуропадағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірінде білім алу жолын бастайды.

Мен үшін Италия – тек сапалы білімнің ордасы ғана емес, сондай-ақ мәдениет пен тарихтың қайнар көзі. Бұл елде оқу – болашақ мамандығымды жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік береді, – дейді Анель.

Жас қазақстандық студент бүгінде өз арманын жүзеге асырып, халықаралық білім кеңістігінде лайықты орын алуға сенімді қадам басып келеді. Оның басты мақсаты – жинақтаған білімін ел игілігіне жұмсап, Қазақстанның мәдениеті мен ғылымының дамуына үлес қосу.

Таңдауым – La Sapienza университеті

Анель білім алып жатқан La Sapienza университеті – Еуропадағы ең көне әрі ең ірі жоғары оқу орындарының бірі. Оның айтуынша, бұл университетті таңдауы кездейсоқ емес.

Мен La Sapienza-ны академиялық деңгейінің жоғарылығы, халықаралық беделі және менің мамандығыма сәйкес бағдарламалардың мол мүмкіндіктері үшін таңдадым, – дейді ол.

Анельдің таңдаған мамандығы – «Даму және халықаралық ынтымақтастық ғылымдары». Бұл бағыт халықаралық көзқарасты қалыптастырып қана қоймай, әлеуметтік маңызы зор салаларды қамтиды әрі жаһандық мәселелерді шешуге арналған нақты білім мен құралдарды ұсынады.

Анель Шарафутдинованың жеке мұрағатынан 

Бұл мамандық мен үшін тек теориялық білім емес, сонымен қатар әлемдік деңгейде өзекті мәселелерге үлес қосуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті.

Жас түлектің айтуынша, аталмыш сала – заманауи әлемде ерекше өзекті. Себебі ол әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жаһандық даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.

Қазақстандағы мысалдар мен тәжірибе

Қазақ қызы Италиядағы білім беру жүйесі студенттердің дербестігі мен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуға басымдық беретінін айтады. Бұл жерде оқытушылар бағыт-бағдар көрсеткенімен, негізгі жауапкершілік пен ізденіс студенттің өзіне жүктеледі. Ал Қазақстандағы оқу процесі болса, құрылымдылығы мен жүйелілігі, сондай-ақ қатаң бақылау арқылы ерекшеленеді. Оның пікірінше, екі жүйенің де өзіндік артықшылықтары бар. Бірі тәртіп пен жүйелілікке үйретсе, екіншісі шығармашылық ізденіс пен дербес ойлауды дамытады.

Анель шетелде тәжірибе жинау бір жағынан жоғары сапалы білім беріп дүниетанымды кеңейтсе, екінші жағынан дербес болуға үйрететінін тілге тиек етті.

Анель Шарафутдинованың жеке мұрағатынан 

Дегенмен бұл жол жеңіл емес екенін жеткізді. Яғни, жаңа мәдени ортаға бейімделу, тілдік кедергіні еңсеру, тұрмыстық және қаржылық қиындықтармен күресу қажет болады. Соған қарамастан, ол бұл тәжірибені үлкен өмірлік мектеп деп санайды.

Әр қиындық – жаңа мүмкіндік. Шетелдегі оқу маған табандылықты, жауапкершілікті және кез келген жағдайда шешім таба білуді үйретті, – дейді.

Ол алғашқы кезде жаңа ортаға бейімделу оңай болмағанын айтады. Десе де, уақыт өте келе ол тосын жағдайларға үйреніп, Италияның тыныс-тіршілігіне үйренісіп кеткен.

Рим – ерекше шаһар

Жас түлек Рим қаласын «ерекше шаһар» деп сипаттайды. Оның айтуынша, мұнда көне тарих пен заманауи өркениет үйлесім тапқан. Бұл өз кезегінде білім алуға да, бос уақытты тиімді өткізуге де бірегей мүмкіндік береді.

Студенттер үшін мұражайларды аралау, әсем көшелерде серуендеу, итальяндық асхананың дәмін көру, түрлі мәдени және студенттік шараларға қатысу сынды сан алуан мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ әлемнің әр түкпірінен келген жастармен достасу оңай, бұл оқу процесін пайдалы ғана емес, сонымен бірге қызықты әрі есте қаларлық тәжірибеге айналдырады, – дейді ол.

Анельді италиялықтардың ашықтығы мен шынайылығы ерекше тәнті еткен. Өмірге шаттықпен қарап, әрдайым жылы шырай танытатын халықтың бұл қасиеті оның жүрегінде ерекше із қалдырған.

Анель Шарафутдинованың жеке мұрағатынан 

Мен бұл мәдениеттің барлық қырын өз көзіммен көріп, оның шынайы жылуын сезінгеніме қуаныштымын. Итальяндық өмір салты – жарқын, өмірге деген сүйіспеншілікке, үйлесім мен дәстүрге толы, – дейді жас түлек.

Оның пікірінше, шетелде оқудың артықшылығы тек білім алумен шектелмейді. Жаңа ортаға бейімделу, басқа мәдениетті қабылдау және түрлі халықпен достасу – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ететін басты факторлардың бірі.

Өз бетіңше шешім қабылдауды үйрен

Анель өз қатарластарына әрдайым жаңа мүмкіндіктерге ашық болып, қорқынышсыз өз аймағынан шығуға кеңес береді. Оның айтуынша, Италияда оқу тек білім алумен ғана шектелмейді, сонымен бірге өзге мәдениеттің өмір салтын тереңірек тануға жол ашады.

Өз бетіңізше шешім қабылдауды үйреніңіз, сұрақ қоюдан тартынбаңыз және қажет кезде қолдау іздеңіз. Сонда ғана жаңа ортаға тез бейімделіп, бұл ерекше кезеңнен барынша мол тәжірибе жинай аласыз, – дейді ол.

Анельдің айтуынша, мәдениеттану саласындағы білімі оған түрлі халықтардың ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Ал «Даму және халықаралық ынтымақтастық» ғылымы бойынша алған білімін бұл түсінікті ғаламдық әлеуметтік әрі экономикалық мәселелерді шешуге қолдана алады. Оның пікірінше, мұндай дайындық халықаралық ұйымдарда, мәдени жобаларда немесе гуманитарлық миссияларда еңбек етуге жол ашып, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты дамуды қолдауға мүмкіндік береді.

Жас түлек үшін шетелде жинақталған тәжірибе – үлкен мектеп. Ол тек кәсіби біліктілікті арттырып қана қоймайды, сонымен бірге дүниетанымды кеңейтеді, жаңа көзқарас қалыптастырады және заманауи дағдыларды жетілдіреді. Бұл қасиеттер болашақта Қазақстанның да дамуына үлес қосуға септігін тигізері сөзсіз.

Отаныма оралып, еліме қызмет етемін

Жас магистрант алдағы уақытта елге оралып, шетелде жинақтаған білімі мен тәжірибесін Қазақстандағы әлеуметтік жобаларды жетілдіруге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жұмсауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Бұл – ұмытылмас тәжірибе, себебі ол дүниетанымды кеңейтіп, ойлау икемділігін және қарым-қатынас дағдыларын дамытады, түрлі мәдениеттер мен әлемдік үдерістерді тереңірек түсінуге жол ашады, – дейді ол.

Шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу студентке тек академиялық білім беріп қана қоймайды. Ол сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытады, жаһандық үрдістерді түсінуге мүмкіндік береді және түрлі мәдениет өкілдерімен еркін қарым-қатынас орнатуға жол ашады.

Анель Шарафутдинованың жеке мұрағатынан 

Мен әрдайым жастарға шетелде білім алуға кеңес беремін, себебі ол кәсіби тұрғыда өсуге де, жеке тұлғалық дамуға да зор мүмкіндік береді. Өзім осы жолды таңдағаныма өте ризамын, өйткені ол өмірімде жаңа белестерге жол ашты, – дейді Анель.

Оның айтуынша, қазіргі жастардың басты артықшылығы – әлемдік деңгейде білім алуға, тәжірибе жинауға және оны ел игілігіне пайдалануға мүмкіндік мол. Сондықтан ол өзі сияқты білім жолында жүрген жас отандастарына батыл қадам жасап, халықаралық тәжірибе жинап, білімнің шексіз мүмкіндігін сезінуді тілейді.

Мен үшін ең үлкен арман – алған білімімді елдің дамуына пайдаланып, Қазақстанның жарқын болашағына үлес қосу. Әлем көрген, озық тәжірибе жинаған әрбір жас елге оралса, біздің қоғамның әлеуеті әлдеқайда артады, – деп атап өтті ол.

Отбасымның қолдауы – басты мотивация

Анель үшін өмірлік мотивацияның ең үлкен қайнар көзі – оның отбасы. Әсіресе ата-әжесі мен ата-анасының мейірімі, сенімі мен үлгісі оның әрбір қадамына демеу болып келеді.

Олар әрдайым жанымнан табылып, қандай қиындық болса да берілмеуді үйретті. Сол үшін де өзімді жалғыз сезінбеймін. Жақындарымның қолдауы – менің ең басты күшім, – дейді ол.

Оған ата-ананың сенімі мен махаббаты тек оқу мен дамуға ғана емес, сонымен бірге өз болашағына жауапкершілікпен қарауға үйретті.

Олардың сенімін ақтап, үмітін орындағым келеді. Мен үшін ең маңыздысы – өз армандарымды жүзеге асырып қана қоймай, отбасым мен отаным үшін де игі іс атқару, – дейді жас маман.

Анель шетелде оқу – тек жеке жетістік емес, жақындарының сенімін ақтау жолындағы үлкен қадам екенін айтады. Болашақта алған білімін ел игілігіне жұмсап, халықаралық деңгейде де, туған жерінде де пайдасын тигізуді мақсат етеді.

Жаһандық көзқарас пен заманауи білімге сүйенген осындай жас түлектердің көп болуы – еліміздің ертеңгі жарқын болашағының кепілі екені сөзсіз. Анель сияқты жас мамандардың өмірлік ұстанымы мен алға қойған мақсаты қазақстандық жастарға үлгі болары анық.

Оның әңгімесінен білімге деген құштарлық, жаңа мүмкіндіктерге ашықтық және туған жеріне деген сүйіспеншілік айқын көрінеді. Мұндай жастар өз армандарын жүзеге асырып қана қоймай, ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге дайын.