Әл-Фараби – «екінші ұстаз», ал біріншісі кім?

11 Ақпан 2020, 10:53 7642

Ғалым Ғарифолла Есім әлемге әйгілі ойшыл жайында сөз етеді

Әл-Фараби 870-950 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Ол турасында араб пен парсы дүниесінде жиі айтылып келеді. Оған қоса, ирандықтар да ғалымды «өз адамымыз» деп есептейтіні бар. Ғұлама ғылымдарды жіктеуді арифметикадан бастап, метафизикамен тәмамдаған. Ағылшынның белгілі ғалымы Карен Армстронг «Нағыз пәлсапаның негізін салған Әбу Насыр әл-Фараби» деп баға береді.


Әл-Фараби еңбегі тікелей аударылса...

Биыл әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын тойлауға кірісіп кеттік. Іс-шаралар анықталып, қашан, қалай өтетіні жоспарланып жатыр. Осы жерде айта кететін мәселелер баршылық, оның алғашқысы – ұйымдастырылатын шаралардың сапасы болса, келесісі аударма ісі. Әл-Фарабидің 1110 жылдығы осыдан 50 жыл бұрын кең көлемде аталып өткен еді. Одан кейін арнайы топ құрылып, әл-Фараби еңбектері қазақ тіліне тәрмажалана бастады. Алайда, сол аудармаларға менде ептеп күдік туғаны бар. Себебі, біз «екінші ұстазымыздың» еңбектерін түпнұсқадан аудардық па? Менің де орыс тілінен алынған «Мәселенің мәні» және «Ғылымдар квалификациясы» деген аударма еңбектерім бар. Расын айтқанда, ол еңбектерді орысша түсіргенде біраз нәрселер ортада қалып қойды ғой, ал оны кеп тағы да қазақшалап тастадық. Ендігі күннің басты мәселесі – әл-Фараби өз кітаптарын қай тілде жазып қалдырса, содан тікелей тәржімалау. Болмағанда, жақында ғұлама шығармаларын түрікшелеген түрік ағайындарынан алуымыз қажет. Қазір бізде осы аударма мәселесімен айналысатын кәсіби мамандар, аудармашылар жеткілікті. Ибн Синаның өзі Аристотельдің еңбектерін қырық рет оқып еш түсіне алмағанын айтыпты. Бір күні қолына әл-Фарабидің метофизиканы түсіндірген кітабы түсіп, соның арқасында грек ғалымының ойын түсініп, меңгеріп кетеді. Бұл нені білдіреді? Әл-Фараби өз шығармаларын өте ұғынықты тілде жазған. Біз оны қазақшалағанда ешқандай мәселе туындамау керек. Ал түсініктемені сол аудармаларды жасаған соң, жазған дұрыс дер едім.


Пәлсапа ма, философия ма?

Философия – атеистік білім жүйесі. Онда Құдай Тағала деген ой жоқ. Сол себепті, әл-Фарабиді философ дей алмаймыз, әйтпегенде ол атеист болып кетер еді. Қарап отырсаңыз, Абай да, Шәкәрім де, Алаш қайраткерлері де философия сөзін мүлде қолданбаған.

Әл-Фараби Алланың таза ақыл иесі, шексіз және мәңгі құдіреттің иесі екенін өз еңбегінде айтып кетеді. Өмір сүретін заттардың бәрі содан басталатынын, күллі заттарда тәңірдің таңбасы бар екенін жазады. Сол сияқты бұл дүние соның арқасында ғана тұр және соның үйлесімімен жаратылған дейді. Көріп отырсаңыз, Жаратушы иемізді мойындап, оның құдіреттілігіне бас ұрып, пәлсапалық ойлау жүйесін жасап отыр. Бұл жерде қандай философия болуы мүмкін? Барлық білімнің Алладан келетініне еш күмән келтірмейтін ғалымды «философ» деп шатасып жүргеніміз шынында ұят емес пе? Әл-Фараби жаратушының барлық нәрсені жаратқанын айта келе, ғылымның түбі ақыры аяғында сол Тәңіріге қарай бұрылатынына назар аудартады. Ғұлама Жаратушымыздың қандай құдірет иесі екенін тілге тиек етеді де, сол құдіретті зерттейтін ғылымдар жүйесінің квалификациясын жасайды. Осының негізінде грек ғалымы Аристотельдің еңбектеріне көз тастап, аударады. Кей сөздерін ары қарай жалғастырып кетеді (бірақ, бұл Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деген сөз емес). Осылайша, әл-Фараби пәлсапа ғылымының негізін салады. Қазір мен және менің шәкірттерім әл-Фарабиден бастап, Хакім Абайға дейінгі он ғасырды саралап жатырмыз. Х ғасырда пәлсапаны түсіндіріп кеткен ғұламаның ойлау жүйесі жеті ғасыр бойы өз қажеттілігін жойған жоқ. Пәлсапалық дәстүр ең соңында Абайдан бір-ақ шыққан, яғни хикмет айту пәлсапалықтың бірі түрі болып табылады. Әл-Фарабиден кейін әл-Кенди, ибн Сина, әл-Ғазали, ибн Баз, ибн Туфейл, ибн Рушд, ибн Араби, ибн Халдун секілді пәлсапалық ойлау жүйені жалғаған адамдар жетіп артылады.

Мұқағали Мақатаев:

Дін – ғылымның анасы,
Дін – ғылымның әкесі.
Ғылым – діннің баласы,
Дін – ғылымның көкесі, – деп жырлайды.

Шәкәрім «Үш анық» кітабында «адамзаттың ең анық жолы – мұсылмандық жол» дейді. Шынында да солай! Бұл діншілдік емес, дінді уағыздау емес, мына дүниені түсінудегі ойлау жүйесінің мәселесі. Осы күнге дейін әл-Фарабиді түсіне алмай келуіміздің себебі – діннің бөгет жасағаны.

Енді, «пәлсапа» деген сөздің қайдан шыққанына мысал келтірсек, заманында Мұхаммед пайғамбар (с.а.у) пәл деген сөзді жиі айтады екен. Айналасындағылар оның мәнін сұрағанда Алланың елшісі «адамдардың арасындағы жақсы сөз» депті. Ал «сапа» деген – кәдімгі қазақша сапа. Яғни, жақсы сөз, жақсы сапа, жақсы ойлау дегеннен шығады.

Әл-Фараби «екінші ұстаз», ал біріншісі кім?

Әл-Фраби «екінші ұстаз» десе, бірінші ұстаз Аристотель деген пікір жүр. Көпшілік те осыны айтады, тіпті оқулықтардан да кездестіруге болады. Бұл – дұрыс емес! Әл-Фараби Аристотельдің қателіктерін ашқан адам. Тек ол емес, басқа да ғұламалар грек ғалымынан біраз кемшіліктер тапты. Ибн Сина ол уақыттың қашан басталғаны туралы мүлде мәселе көтермейтінін жазған. Сол сияқты оның шығармаларында адамның қайғысы, қуанышы деген нәрселер де ешқандай қозғалмағаны туралы айтылады. Бірінші ұстазы дегенде ойланатын мәселе бар.  

Алла Тағаладан біздің пайғамбарымызға Құран келді. Оны насихаттаушы Мұхаммедтің (с.а.у) өзі. Егер Алладан келген кітапты алғаш насихаттаушы пайғамбарымыз болса, ол бізге ұстаз ба, ұстаз емес пе? Ұстаз! Бұл жайтты әл-Фараби өте жақсы біліп, оны ғылымға айналдырып отыр. Терең саралап, жалпақ жұртқа түсіндіріп, ғылымдар квалификациясын жасаған адамға замандастары «Екінші ұстаз» деп баға берген. Демек, мұсылмандар қауымына Мұхаммед пайғамбарымыз бірінші ұстаз болса, екіншісі – әл-Фараби. Тағы бір мысал, Құл Қожа Ахмет Яссауидің еңбегі «Дәптер Сәни» деп аталады. Ондағы «сәни» сөзі екінші деген мағынаны білдіріп тұр. Қазірдің өзінде батыстық ыңғайдан, ескі ойлау жүйесінен шыға алмай жүрген қара таяқтар гректі бірінше ұстаз деп, екінші қатарға әл-Фарабиді қойып жүр. Қойып қана қоймай, басқаларды да адастырып келеді. Өкініштісі, менің осы сөзіме көптеген азаматтар қарсы келеді.

Қазір бабамыздың 1150 жылдығын тойлап жатқан уақытта, алдымен оның кім екенін анықтап алуымыз керек!

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: