Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова елімізде сұраныс ие мамандықтардың қатарына күзетші мен такси жүргізушілері де енгенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жыл сайын өздерінің (сұраныс ие салалар бойынша – ред.) болжамдарын әзірлейді. Сол болжамға сәйкес, 2023-2030 жылдар аралығында Қазақстанда 25 мамандық өте жоғары сұранысқа ие мамандықтардың қатарында. Бірақ сол тізімді ашып қарасақ, қуанатын мәселе емес. Себебі екінші орында – күзетші мамандығы, төртінші орында такси жүргізушілері сұранысқа ие болып отыр. Біз бұдан не көреміз? Экономикамыз үшін ойланатын мәселе. Шынын айтқанда, еңбек нарығын төлемі және біліктілігі төмен мамандықтармен толтырып отырмыз. Осы орайда Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі осы дисбалансты жою үшін қандай бағдарлама қабылдайды? – деп сұрады мәжілісмен.
Депутаттың бұл сауалына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жауап берді.
Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа бағдарлама жасалды. Сіз нақты қай дерек көзінен мәлімет алғаныңызды білмеймін, бірақ біз жыл сайын үш мерзімде болжам береміз. Ұзақ мерзімді уақыттағы және қысқа мерзімді уақыттағы сұранысқа ие мамандықтарды жариялаймыз. Сонымен қатар оларды еңбек нарығына тартуға жол жасаймыз. Атап айтсақ, атом саласының мамандары, ІТ мамандары, программистер, блокчейн және басқалары, - деді министр.