06.11.2025
17:09
8328
Күздің соңғы премьералары: қарашада қандай фильмдерге баруға болады

Күздің соңғы премьералары: қарашада қандай фильмдерге баруға болады

Күздің жылы лебі аяқталып, тағы бір оқиғаға толы жылдың соңына таяп келеміз. Алтын мезгілді Франкенштейн, Робин Гуд, қазақстандық алаяқтар және Хоукинс қаласының тұрғындарымен бірге шығарып саламыз. Қараша айының ең қызық кинопремьераларына шолу жасайық, деп жазады El.kz интернет порталы.

Әлемдерді қиратушы («Разрушитель миров»)

Премьера: 6 қараша

Бес жыл бұрын екі әлем арасындағы шекара бұзылып, Жерге өзге өлшемнің жаратылыстары енеді. Әкесі қызының амандығын сақтау үшін оны алыс аралға жасырады. Бірақ бір кездері қауіпсіз болып көрінген мекеннің өзіне енді қауіп төнді.

Ғылыми фактастика жанрындағы бұл туындыны Брэд Андерсон («Машинист», «Тревожный вызов») түсірген. Басты рөлдерде – Люк Эванс пен Мила Йовович.

Жыртқыш: Өлім планетасы («Хищник: Планета смерти»)

Премьера: 6 қараша

Қуғын-сүргінге ұшыраған жауынгер Дек өз күшін дәлелдеу үшін Калиск атты қауіпті планетаға аттанады. Онда ол жұмбақ қыз Тиямен кездесіп, екеуі бұрын-соңды болмаған мықты қарсыласпен бетпе-бет келеді.

Бұл ­– «Жыртқыш» франшизасының жаңа бөлімі. Режиссер – Дэн Трахтенберг («Добыча», «Убийцы убийц»). Басты рөлдерде – Эль Фаннинг пен Димитриус Коломатанги.

«Көлеңкенің ізімен» («Охота за тенью»)

Премьера: 6 қараша

Макаодағы бірқатар тонаудан кейін полиция аты аңызға айналған ізкесушіні көмекке шақырады. Ол жас детективтер тобын жинап, «Көлеңке» деген атпен танылған қылмыскерді іздеуге шығады.

Басты рөлде – Джеки Чан. Фильмді режиссер Ларри Ян түсірген. Бұл – олардың екінші бірлескен жобасы («Кунг-фу айғыры» 2023 жылы шыққан).

Ауру

Премьера: 13 қараша

Қарызға белшесінен батқан Азамат пен Таңшолпан құйтырқылыққа барады: ер адам жұбайын өлім аузындағы науқас ретінде көрсетіп, емге ақша жинайды. Бастапқыда бәрі сәтті көрінгенімен, алдау мен ашкөздік олардың өмірін тозаққа айналдырады.

Фильмнің режиссері – Айтөре Жолдасқали («Sheker», «Shulamah»). Продюсері – Қуаныш Бейсек, ал сценарий авторлары – Қазыбек Оразбек пен Алдияр Жапархан. Басты рөлдерде – Аян Өтепберген мен Дильназ Құрманғали.

«Қазір сен мені көріп тұрсың» («Иллюзия обмана 3»)

Премьера: 13 қараша

Атышулы «Төрт салт аттылы» сиқыршылар тобы қайта бірігіп, жаңа таланттарды өз қатарына қосады. Бұл жолы олар танымал мафия әулетіне тиесілі әлемдегі ең ірі алмазды көздейді.

Франшиза тоғыз жылдан кейін қайта оралды. Жаңа бөлімді Рубен Фляйшер («Venom», «Zомбилэнд») түсірген. Басты актерлер құрамында Джесси Айзенберг, Вуди Харрельсон, Дейв Франко, Айла Фишер және Морган Фримен бар. Сондай-ақ қатарға Розамунд Пайк, Ариана Гринблатт те қосылды.

«Жүгірген адам» («Бегущий человек»)

Премьера: 13 қараша

Болашақта адамдар өмір үшін өлім шоуына қатысады. Ал Бен Ричардс қызының еміне ақша табу үшін қатысушы атанады. 30 күн бойы ол кәсіби өлтірушілерден қашып, аман қалуы керек.

Режиссері – Эдгар Райт («Скотт Пилигрим»). Бұл Стивен Кинг романының екінші рет экранға шығуы. Басты рөлдерді Глен Пауэлл, Эмилия Джонс, Джош Бролин сомдаған.

№37

Премьера: 20 қараша

Метродағы жарылыстан кейін Расул қаза тапты деп айтылады. Бірақ 15 жылдан соң, еске алу күні ол аяқ астынан үйіне оралады. Ол қайда болғанын айтпайды, ал оның үнсіздігі айналасындағылардың күдігін күшейтеді.

Бұл – актер әрі каскадер Жандос Айбасовтың режиссерлік дебюті. Басты рөлдерде – Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Зарина Кармен.

«Зұлым: 2-бөлім» («Злая: Часть 2»)

Премьера: 20 қараша

Батыстың Зұлым сиқыршысы атанған Эльфаба орманға жасырынса, Глинда халықтың сүйіктісіне айналады. Бірақ олардың арасындағы достық сынаққа түсіп, Оз елін дүр сілкіндіреді.

Фильмді Джон Чу («Иллюзия обмана 2») түсірген. Басты рөлдерде: Ариана Гранде, Синтия Эриво, Мишель Йео, Питер Динклэйдж.

«Қолымнан келсе, сені теуіп жіберер едім» («Я бы тебя пнула, если бы могла»)

Премьера: 20 қараша

Линда науқас қызын бағып, әбден қажыды, себебі күйеуі үнемі жұмыста. Одан қалды дәрігерлердің де талабы көп. Үйдің төбесіндегі тесік пен тұрмыстық қиындықтардың кесірінен бұл отбасы арзан қонақүйге көшуге мәжбүр болады.

Бұл – Мэри Бронштейннің 17 жылғы үзілістен кейінгі екінші фильмі. Картина Берлин кинофестивалінде жоғары баға алып, Роуз Бирн «Үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алды. Фильмде A$AP Rocky де ойнайды.

«Зверополис 2» (Zootopia 2)

Премьера: 27 қараша

Джуди мен Ник қала тыныштығын бұзған жұмбақ кесірткенің ісін тергеуге кіріседі. Тергеу барысында олар қаланың түкпір-түкпірін аралап, өздерінің ескі қорқынышымен бетпе-бет келеді.

Бірінші бөлімнің жетістігінен кейін Disney тоғыз жыл өткен соң жалғасын ұсынды. Режиссерлері – Джаред Буш пен Байрон Ховард.

«Джекпот»

Премьера: 27 қараша

Арнайы агент Сил мексикалық картельді аңдып жүргенде, кенет пайда болған белгісіз ұры мафияның ақшасын қолды етіп, оны кедейлерге тарата бастайды. Енді картель де, барлау да соның ізіне түседі.

Режиссер – Майкл Даус. Басты рөлдерде: Дэйв Батиста, София Лиллис, Бобби Каннавале.

Өкінішім («Сожалею о тебе»)

Премьера: 27 қараша

Морган мен оның 16 жастағы қызы Клара өзгелердің жіберген қателігін қайталағысы келмейді. Бірақ тағдырдың жоспары бөлек еді: анасы жұбанышты ескі досынан, ал қызы бұзақы жігіттен табады.

Фильм Колин Гувердің танымал романының желісімен түсірілген. Режиссер – Джош Бун («Жұлдыз кінәсі»), басты рөлдерде Эллисон Уильямс, Маккенна Грейс, Дэйв Франко.

Қараша айында әркім өзіне керек фильмді таба алады: біреу үшін бұл – экшн мен фантастика, біреу үшін – драма мен махаббат.