21.08.2025
17:15
704
Күзде қайда демалуға болады?

Күзде қайда демалуға болады?

Күз – саяхат үшін ең қолайлы мезгілдердің бірі. Жаздың аптап ыстығы басылып, қыстың суығы әлі түсе қоймаған бұл уақытта көптеген елде жылы ауа райы сақталады. Осы орайда El.kz интернет порталы күзде саяхаттауға ыңғайлы елдердің тізімін жасақтады.

Біріккен Араб Әмірліктері

Күз мезгілінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Тамыздағы +50°С ыстықтың орнына қыркүйек-қараша айларында ауа температурасы шамамен +30…+35°С деңгейінде болады. Күндіз әлі де жылы әрі ыстық ауа райы сақталғанымен, кешкі уақытта жағымды салқындық сезіледі. Ауа температурасы төмендегенімен, теңіз суы өз жылуын жоғалтпай, кейде +30°С-қа дейін жетеді. Сондықтан дәл осы маусымда жағажайдағы демалыс ерекше жайлы әрі ыңғайлы өтеді.

Күз айларында Әмірліктерге бағытталған турлардың бағасы жаз мезгілімен салыстырғанда сәл жоғары болғанымен, туристер бұл кезеңді ерекше ұнатады. Өйткені қоңыржай климат, жылы теңіз және жайлы демалыс жағдайлары сапарды барынша көңілді әрі есте қаларлық етеді.

Катар

Ауа райы жағынан Катар Әмірліктерге ұқсас: кей күндері әлі де ыстық болғанымен, қазан-қараша айларында жағажайда демалуға да, экскурсияға шығуға да өте қолайлы.

Заманауи қонақүйлер, жібектей жұмсақ құмды жағажайлар мен көгілдір теңіз – барлығы да сапалы тынығуға жағдай жасайды. Сондықтан Катар – күзгі саяхат үшін таптырмас таңдау.

Үндістан

Үндістанның Дели қаласына барсаңыз, махараджалардың ертегідей сарайларын, қамалдарды және алтын түстес шөлдерді аралап көруге үлкен мүмкіндік бар. Көшелерінде тағамның иісі, шығыс дәмдеуіштері мен хош иістердің аңқығанын сезіп, жол-жөнекей пілдер мен маймылдарды кездестірсеңіз, өзіңізді ертегінің ішінде жүргендей не болмаса кинематографиялық көрініске тап болғандай сезінесіз.

Үндістанға саяхат – бұл аймақтың бай мәдениетімен, тарихымен, халқының тұрмысымен және табиғи әсемдігімен жан-жақты танысудың бірегей жолы. Елдің туристік инфрақұрылымы жақсы дамыған екі батыс штаты – Гоа мен Керала. Сондықтан экскурсиялық бағдарламаны Аравия теңізінің керемет жағажайындағы демалыспен ұштастыруға мүмкіндік беретін ұсыныстар да бар.

Түркия

Көптеген туристердің пікірінше, Түркияға саяхаттау үшін ең қолайлы кезең – күз айлары. Расында да, жаз мезгілінде мұнда ауа райы өте ыстық болып, жағажайдан басқа жерлерді аралау қиынға соғады. Ал қыркүйек пен қазан айлары демалыс үшін ұтымды таңдау болып саналады.

Қараша айында күн біршама салқындағанымен, соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, Түркиядағы туристік маусым біршама ұзарып келеді. Әсіресе қарашаның алғашқы күндерінде ауа мен теңіз суының температурасы әлі де жағымды болып, демалушыларға теңіз жағасында тынығуға мүмкіндік береді.

Мысыр

Күз – Мысырға баруға ең қолайлы маусым. Қыркүйектің ортасына қарай жаздың аптап ыстығы бәсеңдеп, қазан айында ауа райы ерекше жайлы болады. Елдегі кейбір экскурсиялар тек күз мезгілінде ғана өткізіледі, себебі жазғы кезең мұндай сапарлар үшін тым ыстық болып келеді. Осы уақытта турларға сұраныс жоғары болғандықтан, саяхатты алдын ала жоспарлаған жөн.

Қыркүйек-қазан айларында Мысырдағы ауа температурасы күндіз +28…+33°С, түнде +20…+23°С шамасында болады. Теңіз суы шамамен +26…+27°С деңгейінде сақталады. Ал қараша айында судың температурасы сәл төмендеп, +24…+26°С-ты құрайды, күндізгі ауа райы шамамен +30°С деңгейінде қалады. Мұндай климаттық жағдай демалушыларға теңізден де, экскурсиялық бағдарламалардан да толықтай ләззат алуға мүмкіндік береді.

Индонезия

Күздің алғашқы айында Бали аралы қонақтарын ашық аспанмен, құрғақ әрі жайлы ауа райымен қарсы алады. Бұл кезең жағажайда тынығу үшін қолайлы жағдай жасайды. Қазан айында маусым алмасып, құрғақ кезеңнің орнына ылғалды маусым басталады. Жаңбыр жиілегенімен, ауа райы әлі де қолайлы болады. 

Қарашада аралға жергілікті жаз маусымы келеді. Бұл уақытта күннің ыстығы артып, жауын-шашын көбейеді, ауаның ылғалдылығы жоғарылап, кейде аспан бұлттанып тұрады. Таулы аймақтарда қалың тұман жиі байқалады. Дегенмен нөсер жаңбыр әдетте екі сағаттан артық созылмайды, ал одан кейін күн тез ашылып, аспан қайтадан жарықтанып шығады. Осындай ауа райында аралды аралау экскурсияларын ұйымдастыруға да, жағажайда демалуға да мүмкіндік бар.

Таиланд

Таиландта саяхаттауға екі маусым қолайлы. Біріншісі – қараша мен наурыз аралығында, екіншісі – маусымнан қазанға дейінгі кезең. Күз мезгілі күнтізбе бойынша осы екі кезеңнің аралығына сәйкес келеді. Қазан айы – жауын-шашын маусымының соңғы кезеңі, ал қарашаның соңына қарай елдің басым бөлігінде құрғақ әрі жұмсақ ауа райы орнайды.

Дегенмен, күзгі кезеңдегі ауа райы тұрақсыз болып келетінін ескерген жөн. Кей күндері жауын жаууы мүмкін, ал кей уақытта күн ашық болады. Қыркүйек-қазан айларында демалысты жоспарлағанда Самуи аралы немесе Паттайя курорты қолайлырақ. Бұл аймақтарда ауа ылғалдылығы жоғары болғанымен, орта есеппен айына 12 күннен артық жауын-шашын тіркелмейді.

Куба

Кубаға сапарды күздің соңына қарай жоспарлаған дұрыс. Бұл кезеңде аймақтағы дауыл маусымы аяқталып, туристер үшін қолайлы кезең басталады. Қазан айының ортасына таман жауын-шашын азаяды, ал қарашада ауа температурасы жазғы +30…35 °С деңгейінен төмендеп, орта есеппен +25…28 °С шамасында болады. Қарашадан сәуір айына дейін аралда құрғақ әрі жайлы климат қалыптасады. Бұл мезгілдегі ыстық жазғы кезеңге қарағанда әлдеқайда жеңіл сезіледі.

Қараша айы Кубаны зерттеп, елдің мәдениетімен жақынырақ танысуға ең қолайлы уақыт болып саналады. Мәселен, Гаванада күндіз ауа температурасы шамамен +27 °С болса, кешке қарай +20 °С-қа дейін төмендейді. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы – 75 %. Мұхит суы осы мезгілде +28 °С-қа дейін қызады, сондықтан тарихи орындар мен экскурсияларды жағажайдағы тынығумен, балық аулаумен немесе сүңгуірлікпен ұштастыруға мүмкіндік мол.

Туристер көп шоғырланатын Варадеро курортында ауа райы Гаванаға ұқсас. Мұндағы су температурасы небәрі бір градусқа салқындау болғанымен, күн шуақты, ал жауын-шашын сирек жауып, ұзаққа созылмайды.

Танзания

Елімізде күз басталған сәтте Занзибарда көктем орнайды. Қыркүйек пен қазан айлары аралығында аралдағы ауа райы тұрақты, сондықтан бұл кезең Занзибар мен жалпы Танзанияда демалыс өткізу үшін ең қолайлы уақыттардың бірі болып саналады. Күндізгі ауа температурасы +29…+30 °С болса, теңіз суы +26…+27 °С-қа дейін жылы болады. Түнде орташа температура шамамен +24,4 °С деңгейінде сақталады.

Қараша айында Танзанияда жауын-шашын кезеңі басталады. Дегенмен, жергілікті халық бұл уақытты «ұсақ жаңбырлар маусымы» деп атайды. Себебі жауын көпке созылмайды және күн ұзаққа бұлттанып кетпейді. Занзибар экваторға жақын орналасқандықтан, мұндағы жауын-шашын Үндістан немесе Таиландтағыдай ұзаққа жалғаспайды.

Бұл мезгілдің тағы бір артықшылығы – туристік турларға және қонақүйлерге едәуір жеңілдіктер жасалады. Сондықтан қараша айында саяхаттауды жоспарлағандар үшін Занзибар бағасы жағынан да, ауа райы тұрғысынан да қолайлы таңдау болмақ.

Грузия

Күздің алғашқы айларында Грузияда әлі де жағажайда демалуға қолайлы ауа райы сақталады. Дегенмен бұл маусымда саяхатты тек теңізбен шектемей, экскурсиялық бағыттармен ұштастырған әлдеқайда тиімді. Себебі ауа райы кейде жаңбырлы немесе суға түсуге салқындау болуы мүмкін, алайда мұндай жағдайлар тарихи және табиғи нысандарды аралауға қолайлы жағдай жасайды.

Күзде елде қонақүй бағалары айтарлықтай төмендейді. Сонымен қатар, бұл кезең – өнім жинау уақыты. Дәл осы мезгілде қонақтар грузин ұлттық тағамдарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. Жаңа піскен жүзім, табиғи жүзім шырыны, түрлі жемістер мен жаңғақтар, шарап және сан алуан чурчхела – осының барлығының күзгі сапарда дәмін көруге болады.

Қыркүйек-қазан айларында ауа температурасы орта есеппен +25…+27 °С шамасында, ал Қара теңіз суы қазан айының басына дейін +25 °С-қа дейін жылы болып, шомылуға қолайлы жағдай жасайды. Қараша айында ауа салқындай бастайды: күндіз +15…+20 °С аралығында, ал түнде +3…+5 °С-қа дейін төмендеуі мүмкін.

Қазан мен қараша айлары – Грузияның ерекше әдемі мезгілі. Бұл уақытта табиғат түрлі түстерге оранып, күзгі көріністерге бай пейзаждар ашылады. Сондықтан ұлттық мәдениетпен, табиғатпен және аспаздық дәстүрлермен тереңірек танысқысы келетін саяхатшылар үшін дәл осы кезең ең қолайлы уақыт болып саналады.

Айта кетейік, бұған дейін өмір сүруге ең қолайлы қалалар тізімін жариялаған едік.