Дұрыс иммундық жүйе – денсаулығымыздың басты кепілі. Ал мықты иммунитетті қалыптастыру үшін алдымен сапалы ұйқы, дұрыс тамақтану және ағзаның қорғаныс қабілетін арттыратын пайдалы сусындар қажет, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Иммундық жүйені қалыпты ұстап тұрудың ең қарапайым жолы – жеткілікті мөлшерде су ішу. Егер ағза сусызданса, бұл бактериялар мен вирустардың көбеюіне жағдай туғызады. Су ағзаға қоректік заттарды жақсы сіңіруге көмектеседі, сондай-ақ мұрын, ауыз және тамақтағы шырышты қабықтарды ылғалдандырады. Ал бұл – патогендерден қорғайтын алғашқы тосқауыл әрі табиғи иммундық барьер. Сонымен қатар су – ағзаны инфекциялардан қорғайтын лейкоциттерді тасымалдайтын лимфа сұйықтығының негізгі құрамдас бөлігі.
Шайдың да пайдасы медицинада талай рет дәлелденген. Әсіресе лимон мен зімбір қосылған шай – иммунитетті көтерудің тамаша әдісі. Оны дайындау үшін ыстық суға жаңа үгітілген зімбір мен лимон шырынын қосу жеткілікті. Мұндай шай С дәруменіне, антиоксиданттарға бай. Ал зімбірдің құрамында 100-ден астам биоактивті қосылыс бар. Олар жүрек айнуды басуға, кейбір қатерлі ісік түрлерінің даму қаупін төмендетуге, қан липидтерін жақсартуға, қабынуды азайтуға және басқа да көптеген пайдалы әсер беруге көмектеседі.
Апельсин шырыны да иммунитетке пайдалы. Оның құрамындағы С дәрумені мен фолат ағзаның қорғаныс барьерлерін сақтап, табиғи киллер-жасушалар мен Т-жасушалар сияқты иммундық жасушаларды қорғайды. Бұдан бөлек, цитрус жемістеріндегі биоактивті заттар қабынуға қарсы әсер етіп, иммунитетті нығайтады.
Грейпфрут шырыны да аса пайдалы – бір ғана порциясының өзі адамға тәуліктік қажеттіліктен артық С дәруменін береді.
Қызанақ шырыны да пайдалы сусындардың қатарында. Цитрустар сияқты, қызанақ та С дәруменіне бай. Сонымен қатар олардың құрамында ликопин бар – ол күшті антиоксиданттық қасиетке ие каротиноид. Ликопин жүйелі қабынуды азайтып, жалпы денсаулыққа оң әсер етеді.
Айранның да иммунитетке пайдасы көп. Оның құрамындағы түрлі пайдалы пробиотиктер ішек-қарын микрофлорасының тепе-теңдігін сақтайды. Бұдан бөлек, айранның антиоксиданттық, микробтарға қарсы, қабынуға қарсы, жара жазатын және денсаулыққа тағы да көптеген пайдасы бар.