Күз келіп, күн суытқан сайын адам ағзасы түрлі өзгерістерге ұшырайды. Кей адамдарда шаршау, ұйқышылдық, ашушаңдық, көңіл күйдің төмендеуі секілді белгілер байқалса, кейбіреулер иммунитеттің әлсіреуінен жиі ауыра бастайды. Мұндай сәттерде көпшілік бұл белгілерді дәрумен жетіспеушілігімен байланыстырып, өздігінен дәріханадан түрлі витаминдер сатып алып, қабылдауға көшеді. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс?
Қазіргі таңда салауатты өмір салты мен иммунитетті күшейту туралы ақпарат көбейіп, дәрумендерге деген сұраныс та артты. Алайда интернеттегі кеңестер мен жарнамаларға сүйеніп, ағзада нақты қандай дәрумен жетіспейтінін білмей тұрып, кез келген биоқоспаны қабылдау – денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.
Осы және басқа да маңызды сұрақтардың жауабын білу үшін El.kz тілшісі эндокринолог-дәрігер Гүлжан Аманбаймен арнайы сұхбаттасып, күз мезгілінде дәрумен жетіспеушілігінің себептері мен оны дұрыс жолмен толықтыру жолдары туралы егжей-тегжейлі сұрап көрді.
– Гүлжан ханым! Күз мезгілі келген сайын адамдарда шаршау, ұйқышылдық, көңіл күйдің төмендеуі сияқты белгілер байқалады. Көпшілігі мұны дәрумен жетіспеушілігімен байланыстырады. Бұл қаншалықты ғылыми дәлелденген нәрсе?
- Иә, күз – адам ағзасына біраз сынақ болатын кезең. Күн сәулесінің азаюы, температураның төмендеуі, белсенділіктің азаюы – мұның бәрі адам метаболизміне әсер етеді. Бұл кезде ағзада кейбір дәрумендердің (әсіресе Д дәрумені) деңгейі төмендей бастайды. Сонымен қатар, күзде тамақтану рационы өзгеріп, жеміс-жидек пен көкөністер азаяды, бұл да дәрумен жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін.
– Соңғы кезде адамдар дәрігерге бармай-ақ, өз бетінше витамин қабылдайды. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Бұл өте маңызды сұрақ. Өкінішке қарай, көптеген адамдар "шаршадым" немесе "көңіл күйім жоқ" деген сылтаумен өздігінен дәріханадан дәрумендер сатып алып іше береді. Бұл дұрыс емес. Әр адамның ағзасы әртүрлі, дәрумен тапшылығы нақты қандай екенін тек қан талдауы арқылы ғана білуге болады. Кейбір дәрумендер артық мөлшерде қабылданса, ағзаға зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, майда еритін дәрумендер – A, D, E, K – ағзада жиналып қалуы мүмкін, бұл гипервитаминозға әкеледі.
– Жалпы, адам ағзасында қандай дәрумен жетіспейтінін қалай білуге болады?
– Әр дәруменнің жетіспеушілігі өзінше белгілер береді. Мысалы: Селен жетіспеушілігі: иммунитеттің әлсіреуі, күйзеліске бейімділік, шаршау, терінің бөртуі.
D дәрумені: сүйек пен бұлшықет ауруы, артық салмақ, летаргия, ісіну.
Магний жетіспеушілігі: ашушаңдық, бұлшықеттің тартылуы, тәттіге құмарлық, ұмытшақтық.
С дәрумені: жиі ауыру, көгеру, буындарда ауырсыну, терінің құрғауы.
Бірақ бұл белгілер басқа аурулармен де байланысты болуы мүмкін. Сондықтан нақты диагноз үшін қан талдауын (витаминдерге арналған) тапсыру қажет. Кейде жай ғана өмір салтын өзгерту жеткілікті болады.
– Қазір дәріханаларда бюджеттік дәрумендерден бастап өте қымбат брендтік өнімдерге дейін сатылады. Дәрі-дәрмекті қалай таңдаған дұрыс?
– Баға әрқашан сапа көрсеткіші бола бермейді. Витаминдердің тиімділігі оның құрамындағы белсенді заттарға, биожетімділігіне және тазалығына байланысты. Бюджеттік нұсқалар арасында да сапалы өнімдер бар. Ең бастысы – сертификатталған, клиникалық зерттеуден өткен, құрамында қажетсіз бояғыштар мен консерванттары жоқ өнімдерді таңдау.
Дәрі-дәрмек немесе витамин сатып алмас бұрын дәрігермен немесе нутрициологпен кеңесу маңызды. Сондай-ақ, өз бетіңізше витамин қабылдайтын болсаңыз, нұсқаулықты нақты орындау және ұзақ уақыт қолданбау қажет.
– Күнделікті рационда дәрумен жетіспеушілігінің алдын алу үшін не істеу керек?
– Біріншіден, теңгерімді, пайдалы тамақтану қажет. Жеміс-жидек, көкөніс, ет, балық, сүт өнімдері – мұның бәрі дәрумен мен минералдың табиғи көздері. Екіншіден, таза ауада көбірек серуендеу, әсіресе күн түскен кезде – D дәруменінің табиғи синтезіне көмектеседі. Үшіншіден, қалыпты ұйқы, физикалық белсенділік және күйзелісті басқару – бұл да ағзада дәруменнің дұрыс сіңуіне әсер етеді.
– Қосымша витаминдер барлық адамға керек пе?
– Жоқ. Барлық адамға бірдей қосымша витаминдер қажет емес. Бұл әркімнің өмір салтына, денсаулығына, жасына, тамақтануына байланысты. Мысалы, жүкті әйелдер, балалар, егде жастағылар, вегетариандар және созылмалы аурулары бар адамдар – бұлар қосымша витамин қабылдауды қажет етуі мүмкін. Бірақ мұны міндетті түрде дәрігер анықтауы керек.
– Дәрумен қабылдауда адамдарға қандай кеңес бересіз?
– Дәрумендер – бұл жай ғана "таблетка емес", ағза үшін өте маңызды заттар. Бірақ оларды дұрыс қолданбаса, пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін. Сол себепті, өз бетіңізше емес, дәрігер кеңесімен дәрумен қабылдауды ұсынамын. Әсіресе күз-қыс мезгілдерінде алдын ала қан тапсырып, профилактикалық бақылаудан өтсеңіз – бұл сіздің денсаулығыңызға жасалған ең дұрыс қадам болады.
– Қызықты әрі пайдалы сұхбатыңызға рахмет, Гүлжан ханым!
– Сіздерге де рахмет! Барша оқырманға мықты денсаулық тілеймін!