Күйеуі жауыздықпен өлтірген әйелдің өлімі үшін 25 жастағы полицей сотталып жатыр

1 Шілде 2023, 15:36 1345

2022 жылы 3 тамыз күні Қызылордада үш баланың анасы Ажар Шадиева көз жұмды. Оны 29 жастағы күйеуі ұрып-соғып, өлтірген. Істі тергеу барысында марқұмның туыстары қылмысқа қатысы бар деп тағы төрт адамды атаған. Олар кінәлілердің жазаланғанын қалайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қайғылы оқиға күні Ажар күйеуімен, оның досымен және екі туысқанымен бірге кафеде туған күнін атап өткен. Әйел үйіне ертерек оралғысы келген. Бұл күйеуінің шамына тисе керек, ол сол жерде жарын ұрып-соға бастаған. Сол арада куәгерлер полиция шақыртқан. 

“Кейін Ажардың телефонымен полицей анасына хабарласқан. Ол кезде Ажарды күйеуі үйіне алып кеткен. Ал оның телефоны кафеде қалған екен. Полицей анасына хабарласып болған жағдайды айтып, олардың шотты төлемей кеткенін жеткізген. Тіпті қызын ауруханаға апаруға кеңес берген екен. Өйткені күйеуі оны есінен танып жатқан жерінен алып кеткен. Ажардың анасы хабарды естіп, бірден оның үйіне жүгірген. Барған кезде күйеу баласы оның демалып жатқанын айтып, кірмеуін сұраған екен. Алайда анасы көрпешеде оранып жатқан қызын көру үшін ашып қалған кезде оның жан тапсырғанын бірден ұққан. Күйеуі мәйтті жасыруға тырысса керек, оны жуындырып, жақсылап орап тастапты”, – деді марқұмның әпкесі Жұлдызай.

2 тамыз күні марқұм 27 жасқа толған. Сол күні балаларын анасына тастап, күйеуімен туған күнін атап өткен.

Олар үнемі тек екеуі тойлайтын, өйткені күйеуі қатты қызғаншақ, -  дейді қайтыс болған әйелдің туысы.

Сөйтіп, қайғылы оқиға 3 тамызға қараған түні болған.

Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен (Адам өлтiру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Күдікті ұсталғанымен, марқұмның туыстары қылмысқа қатысы бар өзгелердің де жазаланғанын қалайды.

Әйелді қаскөйдің қолында қалдырып, аса ауыр қылмысқа жол берген полицейлерді жауапқа тартуды талап етеміз. Ағасы Нұрболды қылмыстың қатысушысы ретінде тануды, ал оның әйелін қылмыс туралы хабарламағаны үшін, ал караоке қызметкерлерін жазбалардың көзін жойғаны үшін жауапқа тартуды сұраймыз,  – делінген марқұмның туыстары жазған хатта.

Олар Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының қызметтен кетуін де талап еткен. Себебі қызметкерлер оқиғаның алдын алмай, керісінше, жәбірленушіні көлікке тиеуге көмектескен. Қазіргі уақытта 15 полицейдің ішінен патрульдік полицияның бір инспекторы 25 жастағы Ерсұлтан Қуанышбай айыпталуда. 

Ерсұлтанның әкесінің айтуынша, ұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс заңсыз. Оқиға кезінде 15 полиция қызметкері болғандықтан тек ұлының сотталушы болғанына наразы. Айтуынша, оны өткен күнмен жұмыстан шығарып жіберген.

Балам ауруханада болған кезде оны Қызылорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі Абаев ауруханадан шақыртып, қамауға алды. Екі айдан бері менің ұлым тергеу изоляторында отыр, ал қалған полицейлер қандай да бір себептермен күдікті емес, куәгер ретінде қатысып жатыр. Мен өзім ішкі істер министрлігінің ардагерімін, отставкадағы майормын, мұны түсіне алмаймын, – деді айыпталушының әкесі.

Ол бірінші кезекте осы учаскеге бекітілген учаскелік патрульдер, сол күні  учаскеде болған патрульдер және олардың басшылары жазалануы тиіс деп санайды.

Ұлым ол жерге бәрі ушыққан кезде барған, бірақ соңына дейін болмады. Себебі оны басқа жерге шақыртқан. Соған қарамастан тек жалғыз өзі жауапты болып отыр. Антикор мен прокуратурада сыбайлас жемқорлық өршіп тұр”, – деді Қуанышбайдың әкесі.

Оның жұмыс істегеніне он ай болды. Әкесі әділдік орнап, бәрі жазаларын алатынына сенімді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: