Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Бала би ауылында болған жантүршігерлік оқиға қоғам назарын аударды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
23 сәуірде көпбалалы ер адам өз әйеліне балтамен шабуыл жасап, ауыр дене жарақатын салған. Sputnik Қазақстан хабарлағандай, жарақат алған әйел аудандық ауруханадан санитарлық авиация көмегімен облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккен әйел — Бала би ауылындағы орта мектепте 21 жыл бойы биология пәнінен сабақ берген тәжірибелі ұстаз.
Дәрігерлердің айтуынша, әйел есін біледі, сөйлей алады. Алайда ауыр психологиялық шок алғандықтан, оқиға жайлы ештеңе есінде жоқ екенін айтқан. Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Берік Болатұлы науқастың жағдайын былай сипаттады:
Жарақаты өте көп. Өзі шокта, кейіннен не жағдай болды деп сұрағанымда науқас еш нәрсені есіне түсіре алмады, ‘не болғанын білмеймін’ деді. Тұрмыстық жанжалдан жарақат алғандар кездесіп жатады, бірақ менің тәжірибемде мұндай сұмдық жағдай бірінші рет, — дейді ол.
Жәбірленушінің шынтағы мен алты саусағы балтамен шабылған. Бұл туралы Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпатта:
Ауруханаға алғаш түскенде жағдайы ауыр болды. Басы жараланып, миынан соққы алған. Шынтақ сүйегі мен екі қолының алты саусағын балтамен шауып тастаған. Құдай сақтағанда саусақтары түсіп қалмаған. Шынтағы мен саусақтарын орнына қойып, аман сақтап қалдық, — деп мәлімдеді.
Науқастың қазіргі жағдайы біршама тұрақталғанымен, ол әлі де жансақтау бөлімінде. Дәрігерлердің рұқсатынсыз оған ешкім, тіпті полиция қызметкерлері де кіргізілмейді. Себебі кез келген күйзеліс оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Ауыл тұрғындары бұл оқиғаға сенер-сенбесін білмей отыр. Олардың айтуынша, күдікті ер адам намаз оқитын, жаман әдеттен аулақ, ауыл ішінде сыйлы азамат болған. Әйелі үй шаруасымен айналысқан, еш жерде жұмыс істемеген. Куәгерлердің пікірінше, ерлі-зайыптылар арасында сырттай қарағанда ешқандай түсініспеушілік байқалмаған. Дегенмен, орын алған жағдай ел ішінде дүрбелең тудырып, қоғамды бейжай қалдырмады.
Қазір күдіктіге қатысты «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қызылорда облыстық полиция департаменті:
Ол қылмыстың ізі суымай ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу изоляторында отыр. ‘Адам өлтіруге оқталу’ дерегі бойынша тергеу жалғасуда, — деп хабарлады.
Қылмыстық іс облыстық полиция департаментінің басшылығының жеке бақылауына алынған.