Құрлықтағы қарақшылар

24 Сәуір 2018, 09:11 6576

Қарақшылар өмірі қандай болған?

Епті ұрылар мен жолы болғыш қарақшыларды біздер әдетте теңізбен байланыстырамыз. Карибтің қарақшысы Торғай Джек біздің санамыздағы қарақшы образын біржола кемеге бекітіп тастағандай. Егер сондай әділетсіз оқырман  екенімізді білсе, олардан еш кем түспеген құрлықтың қарақшылары бізге қатты өкпелер еді. Күмәніңіз болмасын: қым-қуыт шытырман да, қыршаңқы сөз де, баянды-баянсыз махаббат та, бақытты не трагедиялық финал да - құрлықтың қарақшыларында да  жетіп-артылады. Тек оқып үлгер, біз айтып үлгерейік.

XVII-XVIII ғасырлардағы Англияда, әсіресе Лондонда - сауысқанның құйрығын ұрлағандар мен ақсүйектің күймесін еш шімірікпестен тонайтын қарақшылар жыртылып айрылатын. Рас, бай-манаптарды тонап, тапқанын жарлы-жақыбайларға бөліп берген Робин Гудтар енді ертегіге айналды; оның орнына дүниеден баз кешкен жанкештілер келді. Әдіс те өзгерді, ендігі қарақшылар даланың емес, қаланың орманында әрекет етуге үйір болды. Қылмыстың аты қылмыс; алайда құрлық қарақшыларының көбі ел есінде мырзалықпен болмаса да, асқан джентльмендік ізетпен есте қалды.

Мейірімді Хайнд

Джеймс Хайнд астанаға бақыт іздеп келген көптің бірі болатын. Бірақ оны құшақ жая қарсы алған Лондон жоқ. Мейірімсіз тас қалада  ол қылмыстың ордасынан бір шықты. Маскүнемдікке, ырду-дырду бейберекет өмір салтына бірден бой алдырды. Мұндай әдеті оны қарақшылардың тобына әкеліп қосты: әлдебір қылмысы үшін түрмеге тоғытылған болатын. Темір тордың ар жағындағы көршісі анау-мынау емес, сол кездің кәнігі қарақшысы - Томас Алленнің өзі болып шықты.

Мұндай көрші - тәртібіңді ойлап, қорытынды шығаруға еш көмектеспейді әрине. Хайндты  түрмеге емес, университетке түсті деуге болады. Себебі жаңа көршісі Хайндқа ізгілік пен парасат туралы емес, кісі тонаудың қыр-сыры туралы айта бастады.

Сөйтіп, бұл екеу алғашқы «шаруаларына» кірісті. Жол үстінде кісі тонау үшін олар Лондонның шет аймағын таңдады. Бірінші «істерін» сол жерде бастады.

Бірде олар саяхаттап жүрген кісі мен оның қызметшісін ұстап алды. Хайнд жолаушыға тапаншасын кезеніп, ақша талап етті. Зәресі ұшқан жолаушы 10  фунты бар қалтаны Хайндқа ұстата салды.

Бірақ біз Хайндты ерекшелігі үшін әңгіме қылып отырмыз ғой. Ендеше Хайнд қалтадан 20 шиллинг шығарып, әлгі кісіге ұстатып:

- Мынау жол-пұлыңызға – деген екен.

Хайндтың мұндай жан тебірентерлік ізеті  даңқын аспандатты. Тез-ақ қарақшылар тобының серкелерінің біріне  айналды. Бұдан әрі қарай  қылмысқа итермелеген - ақшақұмарлықтан гөрі, атаққұмарлық болған шығар: Хайндтың бұдан былайғы бүкіл әркетінен джентльмендіктің көріністерін табуға болады.

Тағы бірде олар қымбат күймені  тоқтатты. Жолаушы анау-мынау емес, кезінде Хайнд қызмет етуге ант берген Карл патшаны өлім жазасына кескен судья Джон Брэдшоудың өзі екен!

Судья оны алдамақ болып алдымен 40 шиллинг беріпті. Осы кезде Хайнд оған - Карл патшаны өлім жазасына қиғаны үшін әлі де ашулы екенін, жалпы, парламент пен ондағы арамтамақтар туралы ойын айтып, «шер» тарқатады. Жайратып салудан тайынбайтынын түсінген судья сол кезде барып Хайндқа бір қалта алтынын шығарыпты. Ал Хайнд болса судьяға сабақ ретінде күймені сүйреп келе жатқан алты атын атып тастап, қаражаяу қалдырыпты.

Айтпақшы, сол кездегі ақшаның құны туралы. Бірде Хайнд қалаға бара жатқан фермерді тонайды. Фермер болса, әйелі мен он баласын асырауға сиыр сатып алуға екі жыл бойы жинаған 40 шиллингін алмауды өтініп, жалынады. Бірақ Хайндқа  ақша керек еді. Ол фермерден ақшаны қазір бере тұруын «өтініп», бір аптадан кейін екі есе қылып қайтаратынын айтады. Шынымен, Хайнт уәдесінде тұрып, бір аптадан кейін фермерге екі есе қылып беріп жібереді. Осыдан-ақ қарақшылықтың қандай «аса тиімді» болғанын аңдай беріңіз. 1 фунт – екі жарым сиырдың құны болып тұр ғой.

Хайндты даңққұмарлығы құртты. Қызды-қыздымен ол бір күні патшаны төңкерген Оливер Кромвельдің күймесіне шабуыл жасады. Кромвельдің күзеті жақсы еді, атыс болып, Хайнд жалғыз қашып құтылды. Тығылып өмір сүруіне тура келді. Ақыры біреулердің сыбырлауымен ұсталып тынды. Тұтқындалған кезде ақсүйектердің барлығы қуанды деуге болады. Себебі Хайнд тек қарақшы емес, саяси жүйенің де қатал сыншысы болатын. Ел аузында Хайнд айтыпты деген билікке деген ащы мысқыл мен әжуа көп еді. Осылайша, ол дарға тартылып тынды.

Көңілді Клод сері

Клод Дюваль, есімі айтып тұрғандай, Нормандияның тумасы (Франция). Реставрация кезеңінің кейіпкері.

Англияда монархия қайта орнап, бұрын қудалауда болған роялистер елге қайта ағылып жатқан кез еді. Олардың ішінде Нормандиядан қайтқан ақсүйектердің бірінің малайы Клод Дюваль да болды.

Әрине, Клод жұмыс пен кәсіп туралы бір сәт те ойланған емес. Есіл-дерті шарап пен қыз-қырқын, сарай думандары болатын. Оған ақша керек. Ендеше Клод бірден қарақшылықтың жолын таңдады.

Оның атағын шығарған әрекеті - ішінде бикеші бар күймені тонағаны еді. Бірде оның бандысы жолда ауқаттылардың  күймесін тоқтатты. Күйменің  қожайынымен әрі-бері салғыласқан соң, олардан 400 фунт ақша тауып алды. Осы кезде күймеде отырған бір бикеш қорықпайтынын көрсеткісі келіп, сыбызғысымен ойнай жөнеледі. Клод Дюваль бикешпен билеуге рұқсат сұрады. Билеп болған соң 400 фунттың 300-ін қайтарып беріп, 100 фунтты «музыка қызметі үшін» алып қалғанын айтады.


Клод Дюваль жәбірленуші бикешпен билеп жатыр ©WikiMedia Foundation

Клодтың да ертегіге бергісіз өмірі тез аяқталды. Кезекті шабуылынан кейін пабқа барғанда қолға түсті. Өлім жазасына кесіліп, сот кезінде өзіне ғашық ондаған бикештің ара түсуі де оны дар ағашынан құтқара алмады.

Сынаптай Джон

Қарақшы Джон Невиссонның аты әлгіндей жан тебірентерлік джентльмендікпен емес, аузы-мұрны бітеу қораптан да қашып кете алатын сиқырымен аты шықты.

Ол алғаш рет 1674 жылы тұтқындалған дейді жылнамашылар. Бірақ жандаралдар нағыз жанкештіні қолға түсіргенін білмесе керек. Күзетпен түрмеге келе жатқан ол бір сәтте зып етіп, кемеден секіріп кетіпті.

О, тоба, «өлдіге» балаған Джон келесі де тағы да қолға түседі. Бұл жолы оның күзетін мықтап қолға алады. Түрмеге аман-есен жеткізіп, қырыққұлып зынданға қамайды.

Көп ұзамай, Джон қызғыны көтеріліп ауырады. Оған алғашқы келген дәрігер – оба деген сұмдық диагноз қояды. Джонның денесінде қара дақтар пайда болады. Ендігәрі күзеттің барлығы одан бойын аулақ салуға тырысады.

Бір күні Джонды сығалаған күзетші оның сұлқ жатқанын көреді. Дереу дәрігер шақырады. Дәрігер келіп, Джонның өлгенін анықтайды. Сол жерде табытқа салып алып шығып, қала сыртына көміп тастайды. Дәлірегі, көміп тастауға алып кетеді дәрігер. Түрмеден ұзағаннан кейін, дәрігер табытты ашып, Джон қайта «тіріледі»!

Кейін белгілі болғандай, дәрігер шын мәнінде Джонның ... суретші досы екен. Денесіне обаның қара дағының суретін салып берген де сол. Кез келген заманда оба десе зәресі ұшатын адамдар «өлікке» қарамақ түгілі, анадайдан тұрып бақылауға да қорыққан. Қарақшылар осы жәйттерді сәтті пайдаланған екен.

Джон туралы ел аузындағы әңгімелер осы жерден үзіледі. Бақытын тапса игі деген тілекпен аяқтайды жұрт ол туралы әңгімесін.

 Жылдам Никс

Никс деген қарақшыны ұры-қарылардың ішіндегі ең ақылдысы деуге болады. Себебі ол тонап қана қоймай, алиби қалдыру жағын да ойлайтын сұм болған екен.

Бірде ол Родчестерде байдың күймесін тонап, 500 фунтқа олжалы болады. Никс ақшаны ала сала Йоркке қарай зымырайды. Ат ауыстырып отырып, 1-ақ күн ішінде 380 шақырым тоқтамастан шауып, Йоркке келіп, киімдерін ауыстырып... қала мэрі крикет ойнап жатқан алаңқайға келіп, елдің бәріне сәлем беріп шығады! Енді жәбірленушілер Никсті танып қалса да ештеңе істей алмайтын еді. Себебі мэрден бастап, басқа да қадірлі ақсүйектердің барлығы тонау болған күні - Никстің өздерімен бірге ойнағанына сотта ант ішуге дайын еді. Ол кезде адамның 1 күнде соншама жерден келуін ешкім елестете алмайтын. Қарақшыны ел содан бері жылдам Никс деп атап кеткен екен.

Жынқаққан МакКлейн

Асып бара жатқан хикаяты жоқ. Көптің бірі болып, ел есінен тез ұмытылар ма еді, кім білген. Бірақ МакКлейн анау-мынау емес, премьер-министрдің баласын тонаған еді. Ал ол бекзаданың күймесінен қымбат маталар шыққан болатын. Мұны қалай кәдімгі ақшаға айналдырарын білмеген МакКлейн қаладағы тауар сататын дүкендердің біріне өткізбек болады. Дүкенші маталарды алып қалып, ақысын алуға кешірек келуін өтінеді. Кешке алақанын ысып келген МакКлейн дереу тұтқынға алынады. Сүйтсе, премьер-министрдің баласы матаны осы дүкеннен алған екен. Ал дүкенші өзінің матасын танып қойыпты.

МакКлейннің даңқы шыққаны соншалық, ол түрмеде отырған кезде бас-аяғы үш мыңдай адам оның кескінін көруге түрмеге ақша төлеп кірген екен.

Дарға тартылды.

Қаныпезер Тюрпин

Ричард Тюрпин де ізеттілігімен көзге түскен емес. Ол тіпті, қаныпезер болатын. Жәбірлеу, қорлау, зорлап қинау – оның қарақшылығының міндетті көріністері еді.

Ричард бірде салт аттыны жайратып тастап, қойын-қалтасын тінтуге көшті. Атқа сосын назар аударды. Аттың өзі де олжа екен: тұрқы бөлек, келісті сәйгүлік болып шықты. Қызығып, атты дереу мініп алды. Сосын «ауыр жұмыс күнінің» ақысын өтемекке бір сыраханаға барды.

Бекер екен. Оның сәйгүлігі тым ерекше еді. Және мына қарақшыға еш жараспай тұрған болатын. Сосын ба, күдіктенбеген адам қалмады. Сол жерде қолға түсіпті дейді аңыздар.

Қызықпаңыз!

Байқасаңыз, қарақшылар туралы әңгімемізде романтиканың табы бар. Бірақ олай жазып отырған біз емес.

XVII ғасырдың аяқ шенінде Англияда баспа ісі қарқынды дамыды. Қысқаша әңгімелер, хикаялар өте жақсы сатылатын болды. Сосын ба, көп авторлар өтірікті шындай қылып жазуға машықтанып алды. Қарақшылар туралы осы әңгімелердің көбі «Шын болған оқиға!» деген сияқты айдармен басылған. Алайда зерттеулер шын мәнінде - қылмыскерлердің ит өмірінен, қайғылы тағдырынан хабар береді. Мысалы, алғашқы атап өткен Хайнд қарақшыны тергеу құжаттары бар. Сонда Хайнд ел айтып жүрген «ерліктері» сандырақ екенін айтып, ант-су ішеді.

Бірақ кім біліпті. Көп қылмыскерлер ұсталмаймын деп емес, ұсталғанша деп әрекет етеді емес пе. Әйтеуір қазіргі заманда – міндетті түрде ұсталасың...

Ерлан Оспан
Бөлісу: