Адам денсаулығы мен тіршілігінің негізі — су. Жер бетіндегі бүкіл тіршілік иесі үшін ауа мен судың орны ерекше болса, адам ағзасы үшін судың маңызы тіптен жоғары. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, ересек адамның денесінің 60–70 пайызы судан тұрады. Демек, ағзаның әрбір жасушасы, әрбір жүйесі қалыпты жұмыс істеу үшін суға мұқтаж. Ол жасушаларға нәр беріп, ағзадағы әрбір биологиялық процестің дұрыс жүруіне себеп болады. Сондықтан күнделікті су ішуді әдетке айналдыру — денсаулықты сақтау жолындағы ең қарапайым, бірақ ең маңызды қадамдардың бірі. Осы ретте суға қатысты барлық пайдалы деректерді ұсынамыз.
Судың пайдасы
Су адам денесінде зат алмасуды, қанды тазартуды, дене қызуын реттеуді, жасушалардың қоректенуін қамтамасыз етеді. Таңертең аш қарынға ішілген 1 стақан жылы су — метаболизмді (зат алмасу) іске қосып, ағзаны ұйқыдан оятады. Бұл – ағзаны тазартудың, сергек болудың және күні бойы энергияны сақтаудың табиғи жолы.
Су ағзаның қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Су — жасушалардың тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі орта. Ол қан айналымын жақсартады, оттегіні бүкіл денеге жеткізеді, тамақтың қорытылуын жеңілдетеді. Токсиндер мен қалдықтарды шығарады. Су бүйрек пен бауырдың жұмысын жақсартады. Улы заттарды, қалдықтарды зәр мен тер арқылы сыртқа шығарады. Бұл — иммунитетті нығайтудың ең табиғи жолы. Су ішкі органдардың дұрыс жұмыс істеуіне жағдай жасап, иммундық жүйені қуаттандырады. Теріні жақсартады. Күнделікті жеткілікті су ішу теріні ылғалдандырып, әжімнің алдын алады. Терінің жарқырап, сергек көрінуі де осы су мөлшеріне байланысты. Энергия мен көңіл-күйді реттейді. Судың жетіспеуі — шаршау, бас ауруы мен көңіл-күйдің төмендеуі сияқты белгілерге әкеп соғады. Бір стақан су — табиғи сергіткіш. Артық салмақтың алдын алады. Су аштық пен шөлді шатастырмауға көмектеседі. Тамақ ішпей тұрып су ішсеңіз, тәбетіңіз де төмендеуі мүмкін.
Зерттеулер не дейді?
«Суды қалай дұрыс ішу керек?» деген сұраққа мамандар таңертең ұйқыдан тұрған соң 1 стақан жылы су ішіңіз деп кеңес береді. Күніне шамамен 6–8 стакан (1,5–2 литр) су ішуге тырысыңыз, бірақ бұл мөлшер адамның салмағына, өмір сүру салтына, климатқа байланысты өзгеріп отырады. Спортпен шұғылданатын немесе ыстық аймақта тұратын адамдарға судың мөлшерін арттырған дұрыс. Газдалған тәтті сусындардың орнына таза су таңдаңыз.Күнделікті су ішудің маңыздылығы жайлы көптеген ғылыми зерттеулер мен еңбектер бар. Олар судың адам ағзасына әсері мен денсаулыққа пайдасын жан-жақты қарастырады.
Калифорния университетінің (UCSF) зерттеушілері жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша, күнделікті жеткілікті мөлшерде су ішу бүйрек тастарының пайда болуын алдын алуға, салмақты бақылауға, мигрен мен төмен қан қысымын реттеуге көмектеседі. BMC Medicine журналында жарияланған зерттеу нәтижелері бойынша, жеткілікті су ішпеу когнитивті функциялардың төмендеуіне әкелуі мүмкін. Зерттеуде 2 жыл ішінде судың жеткіліксіздігі когнитивті функциялардың төмендеуімен байланысты екені анықталған. Иллинойс университетінің зерттеуі бойынша, күнделікті су тұтынуын 1% арттырған адамдардың жалпы калория, қант, натрий және холестерин тұтынуы азайған. Еуропалық тамақтану журналының шолуында, су ішудің зәр шығару жолдарының инфекцияларын алдын алуға көмектесетіні айтылған. Зерттеулер көрсеткендей, суды жеткілікті мөлшерде ішу бактерияларды ағзадан шығарып, инфекциялардың алдын алады. ДДСҰ мен басқа да денсаулық сақтау ұйымдары судың ағзадағы температураны реттеу, буындарды майлау, қоректік заттарды тасымалдау және қалдықтарды шығару сияқты маңызды функцияларды атқаратынын атап өтеді.
Күнделікті су ішудің маңыздылығы ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Су ішуді әдетке айналдыру арқылы денсаулығыңызды жақсартып, көптеген аурулардың алдын алуға болады.
Күніне 8 стакан су ішу: аңыз ба, ақиқат па?
Су — адам ағзасының тіршілігі үшін аса маңызды. Бүгінде «күніне 8 стакан су ішу керек» деген кең таралған ұстаным бар. Алайда бұл кеңес ғылыми деректерге сүйене ме, әлде миф пе? Осы сұрақ төңірегінде зерттеулерге, медицина мамандарының пікірлеріне және денсаулық сақтау ұйымдарының ұстанымына сүйене отырып жауап беріп көрелік. «Күніне 8 стакан су ішу керек» деген кеңес алғаш рет 1945 жылы АҚШ-тың Тамақтану жөніндегі кеңесі шығарған ұсыныста айтылған. Онда ересек адамға күніне 2,5 литр су қажет делінген. Бірақ бұл көлемге тек таза су емес, тағамдар мен өзге сусындардан алынатын сұйықтықтар да кіреді. Уақыт өте келе бұл мәлімет бұрмаланып, көпшілік тек таза суды ғана ішуді міндет деп түсіне бастады.
Институт of Medicine (АҚШ) мәліметінше, ер адамдарға тәулігіне шамамен 3,7 литр, әйелдерге 2,7 литр сұйықтық керек. Бірақ бұл тек су емес — оның ішіне шай, шырын, кофе, көкөніс пен жемістер де кіреді. Harvard Health Publishing сарапшылары күнделікті сұйықтық қажеттілігі адамның жасы, салмағы, қозғалыс деңгейі, климаттық жағдайы және ауру-сырқатына байланысты екенін айтады. British Medical Journal жариялаған бір шолу мақаласында күніне дәл 8 стакан су ішудің еш ғылыми негізі жоқ екені айтылған, әрі бұл кеңес барлық адамға бірдей қолданылмайтынын ескертеді.
Артық су ішу де зиян
Көп су ішу гипонатриемия (қандағы натрийдің тым азаюы) деген қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Бұл кезде ағзадағы су мөлшері шектен тыс көбейіп, жасушалар ісіне бастайды. Спортпен шұғылданатын адамдардың арасында мұндай жағдай жиі тіркелген. «Күніне 8 стакан су ішу керек» деген — баршаға бірдей келетін қағида емес. Бұл аңызға айналған кеңесті салауатты өмір салтының бір бөлшегі ретінде қарауға болады, бірақ әр адам өз ағзасының қажеттілігіне сай су тұтынуы тиіс. Құрғау белгілері — шөлдеу, ауыздың кебуі, зәрдің түсінің өзгеруі сияқты сигналдарға назар аудару — су ішуді реттеудің ең дұрыс жолы.
Егер ағзаңыз шөлдемесе, өзіңізді су ішуге мәжбүрлемеңіз. Бірақ денеңіздің сигналдарына құлақ асып, жеткілікті мөлшерде сұйықтық қабылдауды әдетке айналдырған жөн.
Ыстық су ішкен дұрыс па, салқын су ма?
Гастроэнтерологтар мен диетологтардың пікірінше, су температурасы ағзаның жағдайына, тұтыну уақытына және мақсатқа байланысты таңдалуы керек. Мамандар ыстық (жылы) суды таңертең ашқарынға ішкенде (ағзаны ояту үшін), ас қорытуды жақсарту үшін, салмақ тастағысы келетін адамдарға (метаболизмді тездетуі мүмкін), іш қату немесе асқазанның жайсыздығында ішкен дұрыс деп санайды. Себебі, асқазанды тітіркендірмейді, қан айналымын жақсартады, улы қалдықтарды шығаруға көмектеседі, бауыр мен өт жолдарын «іске қосады».
Ал салқын суды жаттығудан кейін (дене қызуын төмендету үшін), ыстық ауа райында (шөлді басу үшін), дене қызуы жоғары болғанда ішуге болады.
Дегенмен, салқын су асқазанға ауыр тиіп, кейде түйілулер мен ас қорыту жүйесінде жайсыздық тудыруы мүмкін, ас қабылдағаннан кейін бірден салқын су ішу — ас қорыту ферменттерінің белсенділігін бәсеңдетуі мүмкін.
Күнделікті ішуге ең қолайлысы – бөлме температурасындағы су (18–24°C). Асқазаны сезімтал адамдарға, таңертең және тамақ алдында – жылы су, жаттығудан кейін немесе шөлдегенде – сәл салқындау су ішкен дұрыс. Газдалмаған, таза, сүзгіден өткен немесе минералды су ұсынылады.
Құбырдағы суды ішу дұрыс па?
Күнделікті тұтынатын судың сапасы — өмір сүру сапасының да көрсеткіші. Қазақстанда халықтың көп бөлігі ауыз суды құбырдан (орталықтандырылған жүйеден) алады. Бірақ көпшілік арасында құбырдағы суды сүзгіден өткізбей, қайнатпай ішуге бола ма деген сұрақ жиі туындайды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен Санитарлық ережелер бойынша құбырдағы су санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келуі керек. Алайда бұл талаптар әрдайым орындала бермейді. Құбыр жүйесінің ескіруі, суды тазартуда қолданылатын хлор, ауыр металдар мен тұнбалар — ауыз судың дәмі мен сапасына әсер етеді.
Хлор — судағы микробтарды өлтірсе де, ұзақ уақыт бойы тұтынылса, ағзаға зиян. Ескі құбырлар — суды қорғасын, темір, тот қалдықтарымен ластауы мүмкін. Бактериялар мен паразиттер — толық тазартылмаған суда кездесіп, ішек ауруларына әкелуі ықтимал. Гастроэнтерологтар мен токсикологтар құбырдағы суды сүзгіден өткізіп немесе қайнатып ішуге кеңес береді. Ерекше жағдайда ғана (мысалы, сапасы қатаң бақыланатын жаңа жүйеде немесе сүзгі арқылы тазартылған болса) тікелей ішуге болады.
Құбырдағы судың ішуге жарамдылығы — оның сапасына байланысты. Егер тазарту жүйесі мінсіз болмаса, суды тікелей ішу қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан денсаулықты сақтау үшін тазартылған, сүзілген немесе қайнатылған суды тұтыну — ең дұрыс таңдау.
Әлем халықтарының су ішу мәдениеті
Әлемдегі кейбір мемлекеттерде су ішу күнделікті режимнің маңызды бөлігіне айналған. Су тек физиологиялық қажеттілік ретінде ғана емес, мәдени, діни және салауатты өмір салтының негізі ретінде де қарастырылады. Әр елдің суға деген қатынасы мен ұстанымдары ұлттық менталитетпен тығыз байланысты. Мәселен Жапонияда таңертеңгілік ашқарынға су ішу — денсаулық кепілі деп есептеледі. Бұл әдет медицинада «Жапон су терапиясы» деп аталады.Су ішуді тамақтан кейін емес, бұрын ішу ұсынылады. Көп жапон үйінде арнайы сүзгіден өткізілген су қолданылады. Бұл елде сусын ретінде газдалған сусындардан гөрі су мен көк шайға басымдық беріледі.
Ал Германияда көптеген немістер минералды суды көп тұтынады, кейде тіпті газдалған түрін. Мектептерде балаларға су ішу әдеті ерте жасынан қалыптастырылады. Елде қоғамдық орындар мен мектептерде тегін су ішу бұрқақтары жиі кездеседі. АҚШ-та «8 стакан су» ережесі кең таралған. Жеке бөтелке алып жүру мәдениеті дамыған. Салауатты өмір салтын ұстанушылар үшін арнайы су ішу еске салғыш қосымшалар қолданылады.
Үндістанда Аюрведа ілімінде су ерекше орын алады. Таңертең жылы су ішу – ағзаны тазартудың тәсілі ретінде ұсынылады. Тамақтану кезінде емес, тамақ алдында немесе кейін су ішу ұсынылады. Су — діни ритуалдар мен тазарту рәсімдерінің де негізі. Түркияда тамақтан кейін міндетті түрде су ішеді. Қонаққа су ұсыну — құрмет белгісі. Қоғамдық орындарда ауыз су қолжетімді.
Елімізде де соңғы жылдары дұрыс су ішуді насихаттау артты. Дегенмен, әлі де шай, тәтті сусындарға басымдық басым. Мектеп бағдарламасына «салауатты өмір салты» аясында су ішудің маңызы енгізіле бастады.
Су ішу мәдениеті әр елде әртүрлі дамығанымен, оның денсаулық үшін маңызы жаһандық деңгейде мойындалған. Көп елдер су ішу тәртібін балабақшадан бастап үйретіп, қоғамдық кеңістіктерде таза ауызсуға қолжетімділікті арттыруда. Су – тек қажеттілік емес, салауатты өмірдің мәдени көрінісіне айналып келеді.
Түйін: ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының) мәліметіне сәйкес, күнделікті жеткілікті су ішетін адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына, бүйрек тастарына, семіздікке аз ұшырайды. Ал Ұлыбританиядағы Public Health England агенттігінің зерттеуі су ішуді дағдыға айналдырған адамдардың еңбек өнімділігі 14–25%-ға артатынын көрсеткен. Су — ең арзан, бірақ ең құнды "дәрумен". Ағзаңызға көмектескіңіз келсе, суды серік етіңіз. Күнделікті әдетке айналған қарапайым әрекет – үлкен өзгерістердің бастауы. Суды ішу үшін арнайы дәрігер кеңесі қажет емес. Тек өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарау және суды әдетке айналдыру жеткілікті. Судың құнын ауру арқылы емес, сау өмір арқылы бағалайық!