Адам ұзақ уақыт бойы күн сәулесінсіз өмір сүрсе, оның бойында физиологиялық қана емес, психологиялық тұрғыда да өзгерістер болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Психологиялық өзгерістер
Күннің жоқтығынан ең кең тараған ауыр салдардың бірі – күйзеліс. Себебі күн сәулесі қуаныш пен ләззат гормоны саналатын серотониннің бөлінуін ынталандырады. Сондай-ақ жарық біздің ішкі сағаттарымыз – циркадтық ырғақтарды реттейді. Күндіз жарықтың әсерінен ағзада мелатонин аз бөлінеді, ал қараңғылық түскенде керісінше көбейеді.
Күн сәулесінің жетіспеушілігі мазасыздыққа, ұйқысыздыққа, созылмалы шаршауға әкеледі. Сонымен қатар күнмен тұрақты байланыс үзілген адамда есте сақтау қабілеті мен зейін төмендейді – әсіресе егде жастағыларда бұл айқын байқалады.
Физиологиялық әсер
Күн сәулесі жеткіліксіз болғанда ағзада D дәруменінің түзілуі баяулайды. Бұл дәрумен сүйек, иммунитет, жүрек және зат алмасу үшін аса маңызды. Оның жетіспеушілігі бұлшықеттердің әлсіреуіне, сүйектердің морт сынуына, жиі суық тиюге және жүрек-қан тамыр ауруларының даму қаупінің артуына соқтырады.
Аз мөлшердегі ультракүлгін сәуле жараның тез жазылуына, саңырауқұлақ пен бактерияларды жоюға, қабынуды азайтуға көмектеседі. Ал күн жетіспегенде тері тез қартаяды, инфекцияға сезімтал болып, түсін жоғалтады. Күн сәулесінен толықтай бас тарту көру өткірлігін төмендетеді, жақыннан көру (миопия) қаупін арттырады, тіпті тор қабықтың (сетчатка) деградациясына әкелуі мүмкін – әсіресе егде жастағы адамдарда.
Зат алмасу және энергия теңгерімі
Күн сәулесінің жетіспеушілігі қант пен май алмасуының бұзылуына да әсер етеді. Нәтижесінде ағза глюкозаны нашар сіңіріп, май жинай бастайды, бұл қант диабетінің және липидтік теңгерімнің бұзылу қаупін арттырады.
Әлеуметтік және мәдени әсер
Күн сәулесінсіз өмір сүру адамның қоршаған ортамен байланысын да әлсіретеді. Табиғат аясында серуендеу, таза ауада спортпен айналысу, жасыл желекке көз салу мүмкіндігінен айырылған адам оқшаулану сезіміне ұшырайды. Уақыт пен маусым сезімін жоғалтады, өмір бірсарынды көрінеді.
Қорытындылай келе, бір жыл бойы күн сәулесінсіз өмір сүру адамның физикалық та, психологиялық та саулығына ауыр соққы болады. Биоритмдердің бұзылуы, гормондық теңгерімнің өзгеруі, өмір сапасының төмендеуі мен ауру қаупінің артуы – мұның бәрі адамның толыққанды өмір сүруін мүмкін етпейді.
Күн сәулесі – тек өмірдің көзі емес, сонымен бірге адамның жан тыныштығы мен табиғатпен үйлесімінің кепілі.