Қаржы нарығындағы әртүрлі қолайсыздықтарға (ұлттық валюталардың құнсыздануы, Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына байланысты еуро мен фунт стерлингтің әлсіреуі, әлемдік геосаясаттың шиеленісуі, түрлі жанжалдардың етек алуы, тағы басқа жайттар) орай алтын, күміс және басқа да құнды металдар бағасының көтеріле түскені байқалады. Соның ішінде күмістің бағасының айтарлықтай өскендігі сезіледі. Мәселен, сарапшылар мен қаржы мамандарының есептеуінше, жуықтағы кезеңнің өзінде оның бағасы 49 пайызға көтеріліп үлгірген. Күміс бағасының көтерілуі қазіргі күні алтын және басқа да бағалы металдарға қарағанда, кейде тіпті қарқындылау да болып отыр. Неге? Осы сұраққа жауап іздеп, интернеттегі бірқатар мамандар пікірлеріне сүйенген сілтемелермен танысып шықтық.
Табиғатта таза қалпында кездесетіндіктен бұл металл түрі көне заман-дардан бері адамзаттың игілігіне жарап, алтынмен қатар байлық көзі, ақша орнына жүретін айырбас құралы ретінде қарастырылып келеді. Ол әсіресе, әшекей заттар мен зергерлік бұйымдар өндірісінде кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар, күмістің адам денсаулығына тигізетін жағымды әсерлері туралы әңгімелер де аз айтылмайды.
Қазіргі уақытта күміс көп жағдайда қорғасын, мыс, алтын кен орын-дарын игерген кезде солармен қатар алынатын бағалы металл түрінде өндіріледі. Әлемде күміс өндіру ісімен айналысатын отызшақты ел болса, соның бірі – біздің Қазақстан.
Мамандардың есептеуінше, күмістің жылдық өндірісі шамамен алғанда 671 миллион унцияны немесе 18,9 мың тоннаны құрайды. Соңғы он жылдың ішінде күміске деген сұраныс көлемі осы ұсыныс көлемінен арта бастаған. Соның ішінде соңғы жылдардағы сұраныстың жөні бөлек болып отырған секілді. Мәселен, Bloomberg агенттігінің дерегіне қарағанда, 2017 жылдың 22 тамыз күні күміске инвестиция жасайтын қор биржаларының активтері рекордтық көрсеткіштен асып түскен. Бір күннің ішінде 160,5 тонна күміс сатып алынған. Мамандардың айтуынша, мұндай қорлардың активтері жыл басынан бері 1,1 мың тоннаға арта түссе, соның 300 тоннасы соңғы бір аптаның үлесіне тиген.
Кейбір сарапшылардың болжауынша, күміске деген сұраныстың артуы мұнымен де тоқталмауы мүмкін. Бірақ өкінішке қарай, күміс өндірісінің осы сұранысты өтеуі шектеулі қалпында қалып отырған секілді. Мәселен, шикізат тауарлары рыногына зерттеулер жүргізетін CPM Group консалтингтік компаниясының соңғы деректері көрсетіп отырғанындай, 2016 жылы күміс өндірісінің деңгейі 2,4 пайызға төмендеген. Бұл – соңғы 10 жылдан бергі бірінші құлдырау. Аталған компанияның сарапшылары сонымен қатар 2016 жылы бағалы металдарға деген өнеркәсіптің сұранысы 1,6 пайызға артқандығын айтып отыр. Бұл жағдайдың өзі күміс бағасының әлі де көтерілу мүмкіндігінің бар екендігін білдіреді.
Әдетте, бағалы металдар рыногында алтын мен күмістің аттары қатар аталатындығы белгілі. Бір есептен алғанда, мұның тарихи мәні бар. Өйткені, алтын мен күміс – ежелгі заманнан бері келе жатқан айырбас құралы. Әлемде, адамзат алғаш рет айырбастың басты құралы ретінде ақшаны ойлап тапқаннан бері қаншама валюта түрі өзгерді. Ежелгі перғауындар заманынан бері әлемнің әр түкпірінде қаншама ақша түрі ойлап табылды және ізсіз жоғалып, адамзат қажеттілігінен шығып қалды. Ал алтын мен күмістің айырбас құралы ретіндегі құндылығы әлі күнге дейін сақталып келеді.
Адамзат қазіргі күні ақша орнына жүре алатын неше түрлі құралдарды ойлап тапты десек те, ежелгі заманнан келе жатқан сол бір тарихи жағдай тағы да қайталанатын іспетті. Өйткені, біздің заманымыздың күрделі қаржы нарығында пайда болып отырған жаңа толқуларға, шын мәніне келген кезде материалдық игілік көзіне айнала алмайтындықтан, ол құралдардың жауап бере алмайтындығы айқын. Алтынның заты – алтын, ақшаның заты – қағаз. Мәселен, қазіргі күні тәуелсіз мемлекеттердің төл валюталары неге тегістей құнсыздану үстінде?! Ал еуро мен фунт стерлингтің жағдайына аз да болса жоғарыда тоқталып өттік. Бұларды былай қойып, қазіргі қаржы әлемінде еркін билік құрып жүрген доллардың өзіне де сенімсіздік деңгейі жылдан жылға арта түсуде. Өйткені, адамдар бұл басты валютаның курстық құны мен шығарылу мөлшері ешбір материалдық игілік көзімен қуатталмайтындығын көріп отыр. Міне, осындай шақта қазіргі қаржы нарығындағы соңғы оқиғалар қаржы ойыншылары мен қарапайым тұтынушылардың есіне тағы да алтын мен күмістің түскендігін көрсетіп берді.
Адамдар әдетте әуелгі кезекте алтынды, содан кейін барып күмісті атайды. Мұның да себебі түсінікті: алтын күміске қарағанда, әлдеқайда қымбат. Оның үстіне алтын Күннің, күміс Айдың символы ретінде бағаланады. Өз байлығын сақтағысы келген адам бірінші кезекте алтын жинайтындығы тарихтан белгілі.
Бірақ сөйте тұра қазіргі уақытта күмістің бағасы басқа бағалы металдар, соның ішінде алтынға қарағанда, басымдықпен өсіп келе жатқаны айқын байқалады. Мәселен, 2017 жылдың өзінде алтын бағасы 26 пайызға, платина бағасы 23 пайызға, палладий бағасы 24 пайызға өскенде, күміс бағасы, жоғарыда айтқанымыздай, 46 пайызға дейін шарықтап барып, соңғы сауда кезінде қайтадан 37 пайызға дейін түскен. 2017 жылы шілденің басындағы сауда кезінде күмістің 1 унциясы 21 доллардан саудаланса, тамыздың екінші жартысында ол 18,92 долларға дейін төмендеген. Бірақ басқа бағалы металдарға, соның ішінде алтынға қарағанда, күміс бағасының көтерілу деңгейі бәрібір едәуір жоғары болып отыр. 2023 жылғы қаңтардың басындағы қазіргі уақытта 1 унция күмістің бағасы 23,6 долларға жетіп отыр.
Оның үстіне мамандар күміс бағасының жаңа рекордтарды бағындыру әлеуеті жоғары екендігі жөнінде жарыса жазуда. Мұның себебі неде? Сөйтсек, бұл жағдай күмістің металл ретіндегі қасиетіне байланысты екен. Алтынға қарағанда, күмістің бір ерекшелігі, ол өнеркәсіп өндірісінде қолданылатын маңызды металл түріне жатады.
Оның үстіне, күміске деген сұраныстың тұрақты түрде артуына негіз болатындай жаңа бір фактор жарқырап алға шыққан. Күміс жаңа технологиялық өнім – күн батареяларын шығару өндірісінде кеңінен қолданылатын болған. Қазіргі күні әлемнің көптеген елдерінің көмір мен мұнайдан және газдан тарайтын көмірқышқыл газдарының ауаға тарауын шектеу мәселесіне батыл кіріскендігі белгілі. Осы ретте экологиялық қауіпсіз қуат көзі ретінде күн энергиясын өндіріп, пайдалану бағытында қарқынды қадамдар жаслынуда. Оның үстіне Еуропа елдерінің Ресей мұнайы мен газын сатып алудан бас тартуы ендігі уақытта жел мен күн қуатын пайдаланатын технологиялар шығару ісі барынша арта беретіндігін, ал бұл күмістің тұтынылу деңгейін еселеп арттыратынын білдіреді.
Әрине, күн энергиясын пайдалану үшін бірінші кезекте күн батареяларының қажет екені түсінікті. Міне, осы күн батареяларындағы фотоэлектрлі панельдерге энергияны шоғырландыратын кремнийдің кристалдық клеткаларының 90 пайызға жуығы күміс пасталарды қолдана отырып жасалынатын болып шықты.
Демек, бір сөзбен айтқанда, күміске де күн туды. Өйткені, жаңа технологиялардың жедел дамуына байланысты күн энергиясын өндірістік және тұрмыстық мақсаттарға пайдалану ісі алдағы уақытта барған сайын кең қанат жаюы мүмкін.
Бұл іске адамзаттың көмір мен мұнайды пайдаланудан барған сайын бас тартып, жел мен күн энергиясын игеруге көше бастауы одан сайын түрткі болатындығы сөзсіз. Мәселен, жуықта АҚШ-тың Энергетикалық ақпараттар басқармасы күн энергиясының жыл өткен сайын кеңінен таралып келе жатқандығын атап көрсете келе, оны өндіру көлемі әр жыл сайын кем дегенде 8,3 пайызға артатындығы туралы ақпарат таратты.
Оның үстіне, сарапшылар 2016 жылы өндірілген күмістің шамамен алғанда 70 миллион унциясы күн батареялары өндірісіне жұмсалғанын айтып отыр. Бұл – оның алдындағы жылғы көрсеткіштен 23 пайызға артық. Демек, уақыт өткен сайын өсіп келе жатқан осынау өнеркәсіптік сұранысты қанағаттандыру үшін бірінші кезекте күміс өндірісінің көлемі артуы тиіс. Өйтпеген жағдайда күміс бағасының шарықтауы одан әрі жалғаса бермек.
Біз осы мақаламызда күміс бағасының қымбаттауы туралы неғұрлым байыпты байламдарға ғана сүйенуге тырыстық. Әйтпесе, бұл жайында неғұрлым төтенше болжамдар жасаушылар да бар. Мәселен, Мульман Хуберт атты сарапшы күміс бағасының шарықтауы алдағы уақыттары тіптен екпінді болуы мүмкін екендігін жазыпты. «Күміс бағасының өсуі мен қазіргі ақша-несие жүйесінің күйреуі бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені, бұл жүйенің табиғаты күміс бағасын құлдыратуға негізделген болатын. Демек, қазіргі ақша-несие жүйесі құрдымға кетуге жақындаған сайын күміс бағасының көтерілуі күтілгендегіден де тым тез өрбуі мүмкін. Мәселен, оның бағасы бір күннің ішінде 10, 20, 100 долларға дейін шарықтап шыға келуі мүмкін. Сол кезде сіз қолыңыздағы қағаз ақшаға оны сатып ала алмайтын боласыз», дейді.
Тағы бір қызықты мәлімет, Kazakhstan Proof сайтындағы бағалы металдар құны туралы талдауда соңғы он жылдың ішінде алтынның бағасы 428 пайыз, қалайының бағасы 414 пайыз, мыстікі – 406 пайыз, қорғасындікі – 344, платинаныкі – 170, никельдікі – 140, мырыштікі – 137 пайыз өскенде, күмістің құны 572 пайыз өскені айтылады. Яғни күміс бағасының өсуі бәрінен де жоғары.
Осыған керсінше, күміс бағасы өзінің шарықтау шегіне жетті, енді ол осы шамада тоқтап, мұнан әрі қайта құлдырайтын болады деген болжамдар да бар. Қайсысы шындыққа айналмақ? Оны, әрине, уақыт көрсетеді.