08.11.2025
00:10
878
Күләш Шәмшидинова: Бір баланы тәрбиелеу үшін – бір ауыл керек

Күләш Шәмшидинова: Бір баланы тәрбиелеу үшін – бір ауыл керек

Қазақстанда білім саласы үздіксіз реформаларға ұшырап келеді. Бірі аяқталмай жатып, екіншісі басталатын бұл өзгерістер кейде қоғамда «мектеп - тәжірибе алаңы болып кетті» деген сынға себеп болады. Алайда бұрынғы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мұндай пікірмен келіспейді. Күләш Шәмшидинова El-Women жобасына сұхбат беріп, білім саласындағы реформалар туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

- Халық арасында білім беру саласы – полигон алаңы секілді деп сын айтатындар бар. Яғни, осы салада реформалардың тым жиі болатыны, көбінің аяқсыз қалатыны жұртты қынжылтса керек. Сіз өзіңіз де Білім министрлігін бірнеше ай басқарып үлгердіңіз, вице-министр де болдыңыз. Яғни, мәселені іштен білесіз. Енді айтыңызшы, білім беру саласында реформалардың осыншама көп болуы қалыпты жағдай ма? Және сәтсіз болған реформалар үшін белгілі бір мамандар жауап беруі тиіс деп ойламайсыз ба?

- Реформаның басы 2002 жылы басталды. Ол біріне-бірі жалғасып отырған дүние. Үштілділік реформасын сәтсіз дегенімен Қазақстанда үш тілде сөйлейтін балалар көбейді. Мысалы, кеше ғана Панамада біздің команда 4 дүркін әлем чемпионы атанды. Сол балаларға ешкім қазақша, орысша сөйлемейді. Ағылшын тілінде сөйлеп тұр. Қаншама балалар дүниежүзілік олимпиадаларға қатысып жатыр. Кез келген өзгерісте кемшілік болады. Кез келген өзгерісте жақсылық болады. Білім саласындағы қызметкерлердің ең бірінші міндеті – мониторинг жүргізіп отыру арқылы кедергі жасайтын дүниені алып тастап, кедергісі жоқ дүниені әрі қарай жалғастыра беру. Міне, осы жерде түсінбей, кешігіп қалатын жағдайлар болады. Сіз кім жауап береді дейсіз. Ал баланың біліміне тек қана мектеп жауап береді деп кім айтты. Жалпы баланың біліміне мектеп те, ата-ана да жауапты. Ата-ана баласына білім алуға үйінде жағдай жасап отыр ма? Мектеп өз міндетін атқарады. Африка халықтарында «Бір баланы асырау үшін – бір ауыл керек» деген мәтел бар. Баланың жанындағы сол ауыл – мектеп, ата-анасы мен қоршаған ортасы. Әке-шешесі атқаратын жұмысын мектеп атқара алмайды. Мектептің атқаратын жұмысын әке-шеше атқара алмайды.

Ал мектеп пен ата-ана біріккенмен қоғам дұрыс болмаса ол да баланың тәрбиесіне әсер етеді. Сондықтан да осы үш дүние бірлесе отырып жұмыс істесе дұрыс болар еді. Мысалы, маған өткенде сұрақ қояды. «Жақсы мектепке балам бармай қалды, не істеу керек?». Барлық баланы жақсы мектепке кіргізе алмаймыз, мүмкіндік жоқ. Сіз балаңыз барған мектепті жақсы қылуға тырысыңыз. Сіз балаңыз барған мектептің жақсы болуына көмектесіңіз. Ешкім сізге парта салып алып кел деп айтпайды. Сіз баламен келіп әңгімелессеңіз кім кедергі жасайды? Мамандықтар туралы айтсаңыз кім кедергі жасайды? Сол сыныптың балаларымен экскурсияға барып келсеңіз кім кедергі жасайды? Балалардың басын біріктіру мәселесі бар. Сондықтан да менің айтқым келіп отырған дүние, баланың білімінде әркім өзі үшін жауап беруі керек. Өзі үшін жауап берген адам басқаны да жауапкершілікке тарта алады. Бұл біз бірлесе жауап беретін үлкен дүние. Мен айтқан үш адамнан бөлек төртінші жауапкер – баланың өзі. Ол оқығысы келе ме, бүкіл потенциалын оқуға жұмсай алды ма?

Америкалық бір жазушы былай дейді: «Жаман мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіріп береді, мықты мұғалім шабыттандырады». Мұғалімнің негізгі міндеті – баланың шабытын ашу, талантын ашу. «Рахмет саған, Чак» деген фильм бар. Сол фильмде мұғалімнің баланың басын ұстап тұрып, мына менің екі қолымның ортасында не бар деп сұрайды? Бала «менің миым бар» деп айтады. Мұғалім «Жоқ, бүкіл әлем бар. Сенің бүкіл әлемің бар, ойың бар, сенің арманың мен бақытың бар, сенің көздеген мақсатың бар, мына баста керемет дүние бар» дейді. Міне, бұл шабыттандыратын мұғалім. Мен қазір ата-ана жаман, мұғалім жаман, қоғам жаман деп айтқым келмейді. Менің айтқым келетіні басымызды біріктірейік. Бірлесіп баламыз үшін еңбек етейік.