Құламайтын мотоцикл

10 Қаңтар 2017, 11:28 6969

HONDA RIDING ASSIST

Жылдамдық көбейген сайын тепе-теңдікті сақтау жеңілдей түседі. Бұл  заңдылықты өмірінде кемі бір рет велосипед немесе мотоцикл айдаған адам жақсы біледі. Ал жылдамдық азайған сайын тепе-теңдікті сақтау қиынға соғатыны да көпшілікке мәлім.

Бала күніңізде велосипедпен «бір орында кім көбірек құламай тұрады» деп достарыңызбен жарысқан боларсыз? «Honda» компаниясының өнертапқыштары кішкентай кездерінде осындай жарыстардың бірінде ұтылып қалып, «мен қайтсем де құламайтын мотоцикл ойлап табамын» деген секілді. Өйткені бұл мотосүйерлер үшін шын мәнінде үлкен жаңалық.

Желіде пайда болған бейнероликтен байқасаңыз, RIDING ASSIST жүйесінің арқасында мотоцикл бір орнында тұрған кезде де тепе-теңдікті сақтап тұрады.  Мұнымен қоса мотоцикл өздігінен иесінің артынан еріп жүре алады.

Өндірушілер жаңа жүйені қолданысқа қай уақытта шығаратындығы жайлы әзірге айтқан жоқ. Алайда, олардың неліктен компания ішінен R&D деген атаумен жаңа бөлім ашып, қыруар қаражат жұмсап жатқандығы түсінікті болды. Осылайша болашақта мотоцикл жүргізушісі тоқтаған сәтте аяғымен тепе-теңдікті сақтау, темір тұлпарын итеріп жүру секілді әуре-сарсаңнан айырылмақ.    

Рүстем Әлпи
Бөлісу: