Қуғыншы таппайтын қуыс

1 Тамыз 2017, 15:54 9597

Қарақшы, барымташы иен далада қайда тығылады деп ойлайсыз?

Қарақшы, барымташы иен далада қайда тығылады деп ойлайсыз? Қуғыншы көрмей, байқамай қалатын жер тауып паналау да өнер. Сондай жерлердің бірі - Ерейментаудың бүйірінде жатыр. Оның сырын жергілікті этнограф Қасым Тәукенов кезінде "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаевқа айтып берген екен.

Тойғанкөл көлінің маңындағы бұл жердің қазақ даласындағы басқа тасты-тастақты жерлерден айырмашылығы жоқ. Шартәрізді алып қойтастар шашылып жатқан, кәдімгі төбе-төбе болған ойлы-қырлы жазық. Алайда осы жазықта сырын ішіне бүккен үлкен қазандық бар. Тастың ішіне түскен табиғи ойық адам үшін де сәтті пана болатындай. Төбеден көріне қоймайтын бұл қазандықтың көзбен алғандағы ұзындығы 120, ені 60 метр шамасында. Ық та, тығылатын пана да болуға әбден жарайтын бұл жайлы қазандықта малға 5-6 күн азық болатын шөп те, ішетін су да бар. Керек десеңіз, итмұрын мен қарақат та өсіп тұр. Сондықтан ба, кезінде бұл жер барымташылардың уақытша тығыла тұратын қорғаны болған.

Шежіреші Қасымның айтуынша, дәл осы - көзден таса, төбеден қарағанда көрінбейтін қасиеті, ішіндегі шүйгін шөбі мен жылғасы үшін бұл жер барымташылардың сүйікті мекені болған. Әдетте, көрші ауылдың жылқыларын түнделетіп қолды қылған барымташылар, не артында қуғын бар қарақшылар осы жерге келіп тығылған. Қуғыншылар төбе-төбеден қарап жүргенімен, бұл жер көзге еш ілінбейді екен. Ауладағы шүйгін шөп пен ағып жатқан жылға аптаға жуық уақыт бойы ұрлық малды жайып қойып, әліптің артын бағып, күтіп жатуға мүмкіндік берген. Қуғын әбден басылды-ау деген кездері барып, барымташылар түнделетіп жолға шығып кетеді екен.

Кейін бұл жер шопандар үшін де табиғаттың алапат мінезінен пана болған. 1960 жылдары осы өңірде қатты дауыл тұрып, отар қой малшымен бірге ізім-қайым жоғалып кеткен. Бүкіл ауыл сабылып іздеп, шопанды ақыры таба алмаған. Төрт-бес күннен кейін, шопан - түк болмағандай ауылға қарай отар қойын айдап келеді екен. Сұрастыра келе, оның да малы мен жанын осы қорғанда сақтағаны белгілі болыпты.

Ерлан Оспан
Бөлісу: