Құдық қазуды кәсіп еткен ақсақал

24 Сәуір 2017, 14:56 12922

Күрегі тиген жерден су атқыламай қалған кез болмаған

Шымкенттегі «Азат» шағынауданында Әбдікерім Оразбаев деген ата тұрады. Қимыл-қозғалысына, ширақтығына қарап, жетпіске келді деп тіпті ойламайсыз. Әлі тың. Осы атаны Оңтүстіктің түкпір-түкпірінен, тіпті көрші облыстардан арнайы іздеп келетіндер көп. Неге дейсіз ғой? Өйткені Әбдікерім ата 30 жылдан бері құдық қазумен айналысады. Осы жылдар ішінде ол кісінің күрегі тиген жерден су атқыламай қалған кезі болмаған. Жан-жақтағы ауызсусыз ауылдар Әбдікерім атаны қолқалап шақырып, құдықтарын қаздырады. Біз атаны «Қайнарбұлақ» саяжайынан жолықтырдық. Қасындағы екі көмекшісімен құдық қазуға қызу кірісіп кетіпті.

– Құдық қазу – сауапты іс. Кезінде көлік айдадым, етік тіктім. Кейін құдық қазуды біржола кәсібіме айналдырдым. Біздің өңірде таза ауызсуға жете алмай отырғандар көп. Қайбір жылы Қазығұрт ауданындағы бір ауылдың әкімі: «Таза су әне келеді, міне келеді деп халықты алдаусыратып  жүргеніне қанша уақыт болды. Қазынадан қаржының бөлінуін күтіп жүре бермей, басқа амалын қарастыруға тура келіп тұр. Біздің тұрғындар құдық қазып беріңізші», – деген өтінішін айтты. Қолқа салды. Сөйтіп, төрт үйге бір құдықтан, яғни, бір ауылға 16 құдық қазып беріп, ауызсудан таршылық көріп, қиналған қара халықтың алғысын алғаным бар. Ал Шымкентте «Кіші Самал» деп аталатын жер бар. Кілең ауқатты адамдар тұрады. Сол жерде 27 құдық қазғанмын. Шыны керек, осы отыз жылда қанша құдық қазғанымды бір Құдай біледі, санаған емеспін, – дейді құдықшы ата.

Бұдан бөлек ол кісіні Оңтүстікке танымал кәсіпкерлер, басқарма басшылары, өзге де жандар жиі іздейді. Бірі жапан түздегі мал шаруашылығы қожалығына, енді бірі қаланың қақ ортасындағы сән-салтанаты келіскен үйінің жанынан құдық қазып беруін өтініп жатады. Жуырда бір кәсіпкер әйел құдық қазуға шақырған екен. Көршісі құдық қаздырғанымен, су шығара алмағанға ұқсайды. Ал Әбдікерім ата жерді сегіз метр қазып, шығарып беріпті. Тағы бір тапсырыс беруші 20 метр қаздырып, су шықпаған соң Әбдікерім атаға хабарласқан. Ол қазылған жерді топырақпен қайта толтырып, өлшеп, жарты метр берірек жерден қайта қазған. 10 метрден кейін судың көзі табылып, шалп-шалп еткен дыбыс шыққан. Ақсақалдан судың көзін дәл табуының сырын сұрадық. Әбдікерім ата қолындағы екі темірді көрсетті.

– Бұл – менің серігім. Таза мыстан жасалған. Екеуін екі қолыма бос ұстап, ары-бері жүремін. Судың көзі бар жерде бұл екі темір бір-біріне жабысады. Сосын қайта ажырайды. Белгі берілген жерге қазық қағып, сол жерді қазуға кірісемін. Аппаратым жердің тамыршысы іспетті. Алдаған емес. Тек көрсеткен жерден бір қадам артық кетуге болмайды. Бірақ су кейде он, кейде жиырма, кейде тіпті алпыс метрден шығады. Оңтүстікте судың шығуы қиын Бозай, Әлімтау, Жылға, Монтайтас, Тасқұдық деген жерлер бар. Бір жолы, тіпті 70 метр тереңдіктен ғана судың атқылағаны бар, - дейді ол.

Әбдікерім атаның арнайы сатып алған кран секілді қондырғысы бар. Қазылған топырақты қасындағы екі жігіт жоғарыға тартып шығарады. Ал тереңге үңгіген сайын дем жетпей, тыныс алу қиындаса арнайы ұзын түтікпен, сырттан ауа сорып, дем алады.

Құдық қазу барысында Әбдікерім ата мен оның серіктері түрлі қызықты әрі қорқынышты жағдайларға тап болып жатады. Бірде топтасқан жыланның ордасына кезіксе, енді бірде тұрқы қозыдай жабайы мысықпен айқасуға тура келген. Тіпті адамның сүйектері де жиі табылатын көрінеді. Сол үшін Әбдікерім ата құдық қазуды бастамас бұрын қой сойдырып, Құран оқытып, Алладан медет сұрайды.

– Бірде әдеттегедей құдық қазып жатқанмын. Жер астынан бір суыл  шыққандай болды. Күркіреген судың дауысы сияқты. Беймәлім дыбыс күшейіп келе жатқандай көрінді. Құлақты жарып барады. Жігіттерге «мені тартыңдар» деп айқайлап үлгердім. Күркіреп аққан су артымнан қуалап, жоғарыға көтеріліп келеді. Сонда 40 метрден астам жерді қазып қойған болатынмын. Су 22 метрге дейін көтерілді. Мені сыртқа шығарып үлгерді. Кейін қайта төменге түссем, арқырап жатқан су жым-жылас, жоқ. Жер асты суларының өз жолы болады. Сондай толқынға тап болғанмын ғой.  Қара жердің астына да үйреніседі екенсің. Кейде түскі асымды қазып жатқан құдығымның ішінде ішемін. Намазымды да сонда оқитын кездер болады, - дейді Әбдікерім ата.

Құдықшының белгілеп қойған арнайы бағасы жоқ. Ниетке қарай кім қанша берсе, соны алады. Біреу 50 мың, енді біреу 100 мың ұсынады. Біреу қойын береді. Тіпті бір адам риза болғаны сондай, 8 соттық жер беріпті.

– Бір кітаптан «Құдық қазған адам ол жерден адам, жын, хайуан немесе құс су ішкен сайын ақырзаманға дейін сауап алатын болады» дегенді оқығаным бар. Сондықтан мол табысқа кенелу үшін емес, сауап жинау үшін қазамын. Неге екенін, қазіргі жігіттердің басым бөлігі 70-80 метр жерді жалғыз өзі қазбақ  түгілі, сәл жер аударса шаршап қалады. Әлсіз, әлжуаз. Қазақ жігіттерінің мықты, шымыр, қиындыққа қайыспай қарсы тұратын қайсар болғандарын қалаймын. Көп адамдар «Мұндай күшті қайдан аласыз, жас кезіңізде спортпен айналыстыңыз ба?» – деп жиі сұрайды. Жөргекте жатқанымда ата-анам жыламасын деп, аузыма қойдың құйрығын салып қояды екен. Құйрықты сорып ержеттім. Енді, міне, жетпіске келсем де, ауырып, аурухананың есігінен аттаған емеспін. Осы кәсіптің арқасында 6 ұл-қызды өсіріп, қатарға қостым. Құдай қуат берсе, әлі де құдық қаза беремін. Сондықтан тапсырыс қабылдауға дайынмын, - деп құдыққа қарай беттеді.

Құдықтың ішіне үңіліп, көріп едік, басымыз айналды.  Ал Әбдікерім ата терге малынған жүзін орамалмен сүртіп тастап, сыз қабырғаны қайта үңгуге кірісті.

Түйін

Жақында жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру идеясы айтылды. Онда мемлекет басышысы: «Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз­дің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш» - деген еді. Сауапты істі өзіне кәсіп еткен Әбдікерім ата «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының кейіпкері дегенге ешкім шек келтірмесі анық.

Әйгерім Бегімбет
Бөлісу: