Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев Қырғызстан арқылы қайда қашқанын айтты, деп хабарлайды El.kz.
«Күдебаевқа қатысты мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің маңыздылығын ескере отырып Бас прокуратура өз қарауына алды. Ең мықты қызметкерлер тартылып, іздеу жалғасып жатыр. Біз Қырғызстанға сұрау жібердік, енді іздеу жұмыстарын бірлесіп жүргізетін боламыз», – деді Жандос Өмірәлиев.
Қырғыз күш құрылымдарының Қазақстан тарапына берген ақпараты бойынша, Күдебаев Бішкектегі Манас әуежайы арқылы Түркияға қашып кеткен. Оның қалай елге кіріп, одан ары Түркияға кеткенін қырғыз полициясы тергеп жатыр.
«Біздің қырғыз әріптестеріміздің айтуынша, Күдебаев Манас әуежайы арқылы Ыстанбұлға ұшып кеткен. Олар осындай ақпарат берді. Бізде Түркиямен келісімшарт бар және қазір олармен жұмыс істейміз. Барлық ақпаратты бере алмаймыз, өйткені ол әлі қашып жүр. Яғни барлық деректерді ашып айта алмаймыз, себебі іздеу нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін», – деді Бас прокурордың орынбасары.
Айта кетейік, Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы С.Күдебаев 3 сәуір күні сағат 10:00-де сотқа жеткізілуі тиіс еді. Алайда прокурор күдіктіні алып келу туралы қаулыны орындау барысында С.Күдебаевтің елден кетіп қалғаны туралы мәлімет ұсынған.