Құдайдың қарауында қалған қарттардың бүгінгі хал-ахуалы

12 Тамыз 2019, 18:46 9876

Қартайған шағында өмірдің теперішінен көз ашпаған жандар тағдыры

«Жігіттік өтті, көрдің бе? Кәрілікке көндің бе?»  деп қазақтың бас ақыны Абай жырлағандай, жастық өтіп, кәрілік келгенде барлық адам  бала-шағасының ортасында немерелерінің маңдайынан иіскеп, қолын жылы суға малып отырғанды қалайтыны  рас. Бойыңнан күш-қуатың кеткенде  айналаға сыйлы әрі қадірлі болып, өз жөніңмен қартайғанға не жетсін? Өкінішке қарай, «қазынам» деп қастерлеген қазақ қариясын бейнетінің зейнетін көрер шақта  түрлі сылтаулармен қарттар үйіне апарып тастап жатады. Қартайған шағында рахатқа бөленудің орнына өмірдің теперішінен көз ашпаған жандар арнайы орталықтарда туған балаларының келуін сарғая күтетіні анық. Қоғамдағы көкейкесті мәселелердің біріне айналған қарттардың арнайы мекемедегі бүгінгі хал-ахуалы жайында материалымызда  жан-жақты әңгімелейтін боламыз. 

Статистикаға көз жүгіртсек...

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қарттар жайында: «Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс. Бұл біздің жанымызға жат құбылыс. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, «жұмақ ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елміз. Біз - қазақ осындаймыз!», - деген еді.  

Сол сияқты  Елбасы әке-шешесін қарттар үйіне тастап кететін қатыгез ұрпақ халқымызда ешқашан болмағандығын ерекше атап өткен болатын.

Статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда бас-аяғы қарттар мен мүгедектерге арналған 55 медициналық әлеуметтік мекеме бар. Осы арнаулы мекемелерде бүгінде жеті мыңға жуық қарт ғұмыр кешіп жатыр. Олардың ең көбі – 1230 қария Шығыс Қазақстан облысында тұрса, Маңғыстау мен Атырау облыстарының қарттар үйін тиісінше 98 және 105 адам тұрақты мекеніне айналдырып отыр.

Халің қалай қарттарым?

Бүгінде қоғамымыздағы «тастанды сәби» мен «тастанды қарт» сынды сөздерге санамыз үйрене бастағандай... Біз ат басын бұрған елордадағы Көктал шағын ауданындағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде 320-дан астам қараусыз қалған қария қамсыз қарттықты өткеріп жатыр. Қарттар үйіне кірген кезде жүрегіміз сыздап қоя бергені рас. Тағдырдың тәлкегімен қарттық шағын осындай мекемеге байлап отырған ақсақалды қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің халі аянышты екендігі ащы шындық. Бұған кім кінәлі? Оларды бұл жағдайға тағдыр ма әлде әлпештеп бағып кейін безбүйрек атанған балалары жеткізді ме? Адам түгілі құлын да енесіне енжар қарамаушы еді ғой... Санадағы көп сауалдардың жауабын бейнетінің зейнетін көрер шақта туғандарынан мейірім таппай, керісінше осы жерден пана тапқан жандармен сұхбаттасу барысында таптық.  

1989 жылы «Қарттар үйі» болып ашылған мекеме 2016 жылдан бастап, әлеуметтік көмекті қажет ететін адамдарға шуақ нұрын шашар «Шарапатқа» айналған. Мұнда 24 пен 96 жас аралығындағы оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері және I мен  II топтағы мүгедек жандар қызмет көрсетіледі.

Иә, расын айтқанда, алғашында мекеменің тұрғындарына  қанша жерден өгейсітпей, баптарын келістірсе де, бірден бұл орталыққа бой үйрету оңайға түспейді екен. Алайда уақыт өте бір-бірімен жақын әңгімелесе келе шарапаттықтар көңіл жарастырып, кейін қалған өмірін бір шаңырақ астында тату-тәтті өткізуге бел байлайтындар да бар. Солардың бірі 85 жастағы Александра Кузмениченко әжей.  Мекеменің дәлізінде  кездестірген әжейден ең алдымен өзінің мұнда қалай келгені жайында сұраған едік.

– Мен 1933 жылы Ресей Федерациясының Курск облысында дүниеге келдім. Сонда жеті сыныптық білімді аяқтаған соң, Харьков қаласына оқуға кеттім. Оқуды аяқтап, тігін тігумен айналыстым. Ал   25-ке толған кезде тұрмысқа  шықтым, - дейді Александра Кузмениченко  әжей.

Александра әжейдің Наташа есімді тұңғыш қызы 1960 жылы Ресейде, ал кенжесі Қазақстанда дүниеге келген екен.

– Нұр-Сұлтан қаласы Целиноград болып тұрғанда туыстарымыз «қоныс аудар» деп жиі шақырды. Өйткені, Украинада жағдайымыз қиын еді. Жетіспеушілік әбден жанымызды қажытқан-тын. Тіпті күнделікті пайдаланатын көкіністерді сатып алуға алдын-ала ұзын-сонар кезекке тұрып, сағаттап күтетінбіз. Сондықтан көп ойланбастан заттарымызды буып-түйіп, осында алып-ұшып жеттік, - дейді Александра Кузмениченко  әжей.

Қазақстанға алғаш келген кезде  әжейге ең бірінші қазақтардың мейірімділігі мен қонақжайлылығы ұнапты. Оған қоса ұлтымыздың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қасиеті ерекше әсер еткенін айтады. Мұнда Александра әжей түрлі қызметтерді атқарған екен.

– Алғашында тігінші болып жұмыс істедім. Алайда көп уақыт өтпей жолдасым достарымен балық аулауға барып, қайтар жолда  жол көлік апатына ұшырады. Сондықтан мен жұмыстан шығып, оның күтімімен айналысуыма тура келді. Кейін еңбек пәнінен сабақ беретін мұғалім болып мектепке қызметке орналастым. Содан бір күні көршім   «ұстаз боп азын-аулақ тиын тебенге жұмыс істегеннен гөрі, химиялық киім тазалайтын орынға бар» деп нұсқады. Шамалы артық ақша үшін жұмысымды ауыстырдым. 1988 зейнеткерлікке шықтым, - дейді әжей.

Десе де, зейнет демалысына шыққан әжей, еңбектен қол үзбейді. Өйткені соңғы істеген жұмыс орнындағы келушілердің бірі әжейді іздеп, арнайы үйіне барып, өзі қызмет ететін  жерден жұмыс  ұсынған екен.

– Дәл менің үйімнің қасында қарттар мен мүгедектерге арналған үй болған. Сонда жұмыс істейтін келушілерімнің бірі маған вахталық қызметті ұсынды. Себебі, сонда істеген әйелді ұзақ уақытқа ауруханаға жатқызған. Енді соның орнына адам іздеп жатқан көрінеді... Содан не керек... Ары ойлап, бері ойлап, ұсынысты қабыл алып, жаңа қызметке білек-сыбана  кірісіп кеттім. Тіпті мұнда  қарттарға бауыр басып қалдым. Бізде сол кезде буфет дейтін мүлдем  болмаған. Оны бертін келе қойған ғой. Сондықтан күнделікті мекемедегі адамдарға қажетті заттарды дүкеннен өзім бірнеше мәрте қатынап әкеп беріп тұратынмын. Мені олар «Шура» дейтін. Бірақ 2000 жылы басшылық  қызметтегі барлық қарттарды жұмыстан шығарып, орнына жастарды аламыз деген шешім шығарды, - дейді әжей.

Жұмыстан босап қалған Александра Кузмениченко әжей үй шаруасымен айналысқан. 2009 жылы 38 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрген әрі өзінен бес жасқа кіші күйеуі қайтыс болған.

– Осыдан кейін «Астана қаласының қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің» басшысы болған Кенжеболат Сапарұлы менің баратын жерім бар-жоғын сұрады. Мен нақты шешім шығармағанымды айттым. Қыздарымның бірі Украинаға, бірі Беларусь еліне шақырған болатын. Кенжеболат Сапарұлы  ешқайда қоныс аудармай, өзім қызмет еткен қарттар мен мүгедектер үйінде қалуымды сұрады. Мен ол кісінің айтқан ұсынысына әлі күнге дейін ризамын. Себебі, ол өте дұрыс шешім болған, - дейді Александра Кузмениченко  әжей.

Қазақстанда 1961 жылдан бері ғұмыр кешіп жатқан әжей  жазғы еңбек демалысында қыздарына барып тұрған екен. Ал  2009 жылдың алтыншы қазанынан бері  осы мекеменің тұрғынына айналған әжейдің қарттар үйінде тұратындығына қыздары мен күйеубалалары алғашында қарсы болыпты.

– Мұнда алғаш келген жылы қыздарым мен күйеубалаларым келіп, менің хал-жағдайымды, қалай тұрып жатқанымды өз көздерімен көріп, тыныс тіршілігімді байқап қайтты. Олар әу баста егер менің мұндағы халім мүшкіл болса, өздерімен бірге Украинаға не Беларусь еліне алып кеткісі келген екен. Алайда, мен оларға ешқайда бармайтынымды айттым. Оның үстіне ұзақ жолды денсаулығым көтермей қалған. Несін айтайын, осылай  әп-әдемі жүріп келе жатып, есімнен танып, құлап қалуым да әбден мүмкін, - дейді Александра Кузмениченко  әжей.

Бүкіл мекемеге «Баба Шура» есімімен танымал әжей бүгінде бәрімен ортақ тіл табысып келеді. Тіпті кей қариялар әжейге түрлі дертке шипа табар дәрі-дәрмек іздеп келсе, ал кейбірі күрмеуі шешілмеген мәселелері бойынша ақыл-кеңестер сұрап жатады екен. Бос уақытында қазақтың жазушыларының шығармаларын кітапханадан алып оқитын әжей өзінен бес жасқа кіші Андрей Андреевпен көңіл жарастырып, бүгінде екеуі бір бөлмеде тату-тәтті тұрып жатыр екен.

– Менің жасым 80-де. Мен Украинада дүниеге келгенмін. Содан мектепті бітірген соң, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім алған Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеде оқыдым. Бірақ ол кезде Президентпен бірге бір оқу орнында білім алғанымызды білмедік қой.. Шіркін... Содан 1967 жылы  Целиноградқа көшіп келіп, элеваторда электрик болып қызметке орналастым, - дейді Андрей Андреев қария.

Бұл мекемеде өмір сүріп жатқанына биыл 29 жыл болған ақсақал көңіл жарастырған Александра  әжеймен қалай танысқанын айтып берді.   

– Бір күні дәлізде тұрсам, маған келіп «Сіз Бондаренко емессіз бе?» деп сұрады. Сөйтсем, әжең мені өзінің бір таныс адамына ұқсастырып, соның анық-қанығын анықтамақ болған. Содан былай екеуміз жақын танысып кеттік, - деп еске алды  ақсақал Андрей Андреев.

Қартайғанда жаңа өмір бастаған екеуі біраз уақыт кездесіп, 2010 жылдың 2 тамызында бірге тұруға ұйғарады. Содан бері қос қария бір-біріне демеу әрі қолдау көрсетіп келеді. Әжейдің сүйікті ісі кітап оқу болса, атай теледидардың дыбысын ғана естіп отыруға мәжбүр.

– Өйткені менің көзім көрмейді. Кезінде жұмыста станоктарды жөңдеу барысында ток ұрып, көзім көрмей қалды. Ол уақытта жанарыма ота жасалмайтын еді. Қазір теледидардағы бейнелерді көре алмағандықтан, тек құлағыммен  бүкіл дыбысты естіп отыруға мәжбүрмін. Жақсы фильмдер жүрсе, кейіпкерлер жайында әжеңнен сұрап отырамын, - дейді ақсақал Андрей Андреев.

Андрей ақсақалдан отбасы мен бала-шағасы жайында да сұраған едік.

– Қазақстанға Украинадан әйелім, бес ұлыммен келгенмін. Тоқсаныншы жылдары әйелім кері қайтып кетті. Менің бұл жақтан кеткім келмегендіктен, қалып қойдым. Естуімше, әйелім мен ең үлкен және төртінші ұлым қайтыс болыпты. Тек үш ұлым ғана қалған. Соңғы рет осыдан екі-үш жыл бұрын қыс кезінде екінші ұлыммен сөйлескенде, әңгімеміз онша жараса қоймады. Содан бері балаларыммен тілдескен емеспін, - дейді ақсақал Андрей Андреев.

Қалай дегенмен де іштен шыққан перзенттерін сағынатын қариялар өз бөлмелерін шама-шарқы  келгенше сәндеп, балалары мен немелерелерінің фотосына көп орын беріпті. Бөлмеге кірген бетте төрден Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының суретін байқауға болады.

– Біз ай сайын алатын зейнетақымыздың көбісін  25 келілік  ұн мен қант және жұмыртқа сатып алуға жұмсаймыз. Яғни біздің мекеменің астында буфет бар. Соған сырттан қажет заттарға тапсырыс беріп тұрамыз. Сондағы сатушылар  өздері әкеп береді. Жақында слива, шие, құлпынай және абрикостан тосап қайнаттық. Және құймақ сынды тәттілер мен тұшпара секілді тамақтарды өзім ас үйде әзірлеп тұрамын, - дейді Александра Кузмениченко  әжей.

Мұнда Александра әжей мен Андрей ақсақал сынды өзге де қарттарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық жан-жақты көмек көрсетіліп тұрады. Мекемеде қарттардың күтушісі, медбикесі, жатын орны мен ыстық тамағы, дене шынықтыру залы, физиотерапиялық қызмет, массаж бөлмесі бар. Күніне төрт мезгіл тамақ беретін орталықтың қызметкерлері қарттарға барынша көмек көрсетіп, қарттық шағындағы қатал тағдырды бір сәтке болса да ұмыттырып, мейірім шуағын аямаса да, мұның барлығы өз туған үйіндей, өз перзенттерінің шапағаты мен күтіміндей болмайтыны айдан анық. Мекемені баспана еткен тұрғындардың мұңға толы жанарларынан осыны байқауға болады.

Бір ерекше атап өтерлігі, бұл орталықтың тұрғындары перзенттерінен ешқандай жақсылық, қамқорлық көрмесе де, олар туралы жағымсыз пікір айтып көрген емес. Тіпті ешқандай реніш те ұстамайды. Іштен шыққан безбүйрек баласы қашан да ыстық болады емес пе?..

Жалпы мұндағы қарттардың көпшілігі ұл-қыздарымен қауышатын сәтті асыға  күтіп, немерелерін құшырлана иіскеуді аңсайтыны рас. Бірақ, өкінішке қарай, олардың көбінің арманы орындалмай, айтпай келген ажал ана дүниеге бір тілегіне жеткізбей алып кетіп жатады...

Қасиетті Құран кітапта не делінген?

Қазіргі таңда  «Қартайған шағында ата-анасын үйінен қуып шығыпты» деген сынды оқиғалар бәрімізге сын екені рас. Бейнетінің зейнетін көрер шақта оларды сыйғызбаған безбүйрек ұлдары мен кесір келіндерінің істеп отырғандары жұртты шошытады. Сондықтан біз арнайы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұр Астана» мештітінің наиб имамы Берікбол Мергенбайұлынан пікір алдық.

– Исра сүресінің 23-24 аяттарында: «Аллах тағала өзіне ғана құлшылық ғибадат  және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырады». Алла тағала олардың  екеуінің қайсысына қарттық жас келетін болса немесе екеуі де қарттық жасқа келетін болса, оларға еш уақытта «Уф» деген сөзді айтушы болма дейді. Аллаға тағала оларға жеккөрінішті, жиіркенішті жаман іс-әрекет жасама және көркем түрде жақсы сөздерді  айта біл деп бұйырады. Ал аяттың жалғасында: «Ол екеуіне мейірімділік пен рахымның қанатын жай. Яғни барынша жақсы қарым-қатынаспен мәміле жасап, ата-анаға былайша дұға ет: «Ей, раббым, ол екеуіне рахым ете гөр, олар маған кішкентай кезімде қалай жақсы қарым-қатынас жасап, қалай мені мәпелеп, өсірген болса, сен де солай оларды  өз рахымына ала гөр».  Міне осы аятқа және Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистеріне сүйене отырып: «Момын мұсылман әрдайым ата-анаға жақсы қарым-қатынаста, жақсы мәміледе болу керек» деген ой түйеміз, - дейді  наиб имам Берікбол Жанақов.

Фотода:  Наиб имам Берікбол Жанақов

 Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда әке-шешесінің қадірін түсінбей, керісінше оларды бойынан қуат, қолынан күш кеткен кезде қарттар үйіне апарып тастайтындығын көзі ашық жұртшылық жақсы біледі. Былтыр елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің бір сөзінде: «Егде жастағы жеті мыңнан астам адам қарттар үйін пана қылуда. Олардың көбінің дені сау, балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету қазағымызға жат қылық, ата салтымызда болмаған» деген еді. Оған қоса ата-ананың қадір-қасиетін бірінші орынға қойған. Тіпті біздің қаншама ел қорғаған батырларымыз жауға аттанар кезде үлкен кісілердің батасы мен ризашылығын ала білген.

– Біздің ұлттық менталитетіміз  Ислам дінімен тұспа-тұс  келеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде: «Ата-ананың  ризашылығы ол Аллахтың ризашылығына әкеледі. Тура солай ата-ананың ашуы, ол Аллах Тағаланы ашуын келтіреді. Сондықтан момын мұсылман үнемі ата-ананың ризашылығын алуға тырысып, соған талпынып отыруы тиіс. Және соған әрекет етуі қажет. Өйткені ол  ата-ананы разы етсе, ол Алланың ризашылығына жететіндігін біледі» деп айтқан, - дейді наиб имам Берікбол Жанақов.

Расын айтқанда  қазіргі заманда ата-анасынан тірісінде безінген балалары шаршы метр жердің жетпей жатқандығын сылтауратады. Не болмаса «жағдайымыз түзелген соң алып кетеміз» деп, сендіруге бар. Бірақ, айтқан уәделерінен тайып, сол мекемеде аяулы анасы мен асқар таудай әкесін ұмыт қалдырып жатқандар қаншама. Салдарынан ақсақалды қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз немерелерінің қызығына тоймай отырудың орнына қарттар үйін паналауға мәжбүр.

– Қарттар үйіне қалдырып кетуді азғындықтың бір шегі деп те қабылдауға болады. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) сахабаларының бірі келіп: «Уа, Алла елшісі, осы өмірде кімге мен жақсылық жасаймын? Ең бірінші кім жақсылық жасауға лайықты?» деп сұраған кезде, Пайғамбарымыз (с.а.у.):«Ең әуелі анаңа жақсылық жаса» депті. «Ал одан кейін кімге жасаймыз?» дегенде: «Одан кейін тағы анаңа жаса». «Одан кейін тағы кімге?» деп үшінші қайтара сұраған сахабаға: «Одан кейін де анаңа жаса» деген. Сосын «ал одан кейін кімге?», – дегенде: «Төртінші рет те әкеңе» деп айтқан екен. Яғни бұл «анаңа көп жақсылық жаса, әкеңе жақсылық жасама» дегенді білдірмейді. Бұл жерде ананың маңыздылығы мен бірге әкенің де орны ерекше екенін айтылады. Тіпті әкең дүниеден озып кетсе де, жақсылық жасауды доғармау керек. Адам өмірден баз кешкен ата-анасына қалай жақсылық жасайды? Оған Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп айтқан еді: «Адамның артынан үзілмей кесілмей баратын үш жақсылық бар. Сол үшеуінің бірі – салиқалы ұрпақ, ізгі ұрпақ. Қандай салиқалы ұрпақ ол? Ол әке мен анасы үшін үнемі дұға жасап, тілек тілеп отыратын ұрпақ қалса, соның жақсылығы ата-анаға үзілмей кесілмей барып тұрады екен. Демек, біз ата-анамызға тек көзі тірісінде ғана жақсылық жасауға міндетті емеспіз. Оған қоса олар дүниеден өткенде де жақсылық жасауға міндеттіміз. Басқа бір Пайғамбарымыз (с.а.у.)  сөздерінде: «Ата-анаң яғни әкең қайтыс болса, сен ол көзі тірі кезінде қандай кісілермен араласып, қандай кісілермен жора-жолдас болған болса, кіммен араласып, кіммен жақсы қарым-қатынаста болса, ол дүниеден өткенде сен де сол кісілермен сондай қарым-қатынаста болу керексің» деп айтылады. Ата-анаңның жора-жолдастарына көрсеткен құрметің әкеңе, анаңа көрсеткен құрметін болып есептеледі. Дін  бұл нәрсеге өте қатты мән береді. Әрбір перзент ата-анаға көзі тірісінде де, дүниеден өткенде де жақсылық жасауға міндетті, - дейді наиб имам Берікбол Жанақов.

Имам отбасындағы тәлім мен тәрбие маңызды рөл ойнайтынын айтады. Себебі ата-ана баласына қандай тәрбие берсе, соның жемісін көреді. Екіншіден, әке-шешесінің өзінің   әке-шешесіне  жасаған қарым-қатынасына да тікелей байланысты болып келеді екен. Яғни, өзінің ата-анасына кезінде дұрыс қарамағандығын тағдыр айналып алдына әкеледі.

– Ата-ананың баласына берген тәрбиесі жөнінде Құрандағы хадистердің бірінде былай айтылады: «Бір әкей баласын ертіп келеді де Пайғамбарымызға (с.а.у.) былай дейді: «Мынау маған дұрыс қарамайды, тіл алмайды. Жаман әрекеттер жасайды. Не істесем екен?».  Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлгі баладан сұрайды: – Әкеннің айтқаны рас па?

 – Иә, солай, мен айтқанын тыңдамаймын, қарсы шығам. 

– Неге олай істейсің?

 – Ең әуелі дұрыс тәрбие бермеген өзінен  бастасын – депті бала.

Сол кезде  Пайғамбарымыз (с.а.у.) әкесіне қарап: «Алдымен әкенің міндеті жақсы жар таңдап, баласына жақсы  есім қою, сосын жақсы тәрбие беру керек. Осы үш нәрседен кейін білім беріп, тәлім үйретіп, оқыту керек, - дейді наиб имам Берікбол Жанақов.

Сол кезде әлгі бала тұрып: «Бұл кісі маған сіз айтқан үш нәрсенің үшеуін де берген жоқ. Анам сіз айтқандай болмады. Маған дұрыс есім бермеді. Білім беріп, үйретіп, тоқытқан жоқ. Енді келіп менен өзінің құқығын талап етеді. Бұл қалай болғаны?» дейді. Баланың жан айқайын тыңдаған Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Осы үш нәрсені бермей жатып, қалайша сен балаңнан бір нәрсе сұрайсың?» - деп әкесіне қарайды. Яғни, ата-ана әрбір перзентіне тәлім-тәрбие беріп, оның жақсы азамат болып қалыптасуына жағдай жасауы керек.  Тек тамағын тоқ қып, киімін бүтін ету тәрбиеге жатпайды.

– Қазір көбінесе  байқайтынымыз,  ата-анасы балаларының қолына планшетін, ұялы смартфондар мен түрлі қымбат  гаджеттерді   ұстатқызып қояды. Оны пайдаланатын бала да риза, оны сатып әперген ата-ана да риза.  Ал бірақ оның тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізетін  мәдениеті, діні, ділі, тілі деген сікілді маңызды нәрселер қайда қалып жатыр? Оны неге үйретпейді? Неге айтпайды? Неге түсіндірмейді? Ата-аналар көбінесе ондай нәрсенің барлығын  мектеп пен университетке ысырып тастайды. Оны өз бетімен де үйреніп алады деп есептейді. Екінші бір маңызды мәселе – отбасылық тәрбие. Бұл көшенің тәрбиесі не біреудің айтқаны, үйреткені емес. Үйдегі тәрбиені көріп әрі ұлағатты әңгімелерді естіп өскен бала  ешуақытта ер жеткен соң ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайды деп ойламаймын. Тіпті ол кедейдің кедейі болса да, жағдайы келмесе де уақытша сол жерлерге қалдырып кетпейді. Жалпы тал бесіктен тәрбие көрген адам, көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған, білімді, діннен хабары адам  ешуақытта ондай амал-әрекетке бармайды, - дейді  наиб имам Берікбол Жанақов.

Қазіргі таңда қарттар үйінің артуы -  қауіпті құбылыс. Осылай жалғаса берсе, әке-шешені қартайған соң арнайы мекемелерге апарып өткізе салу жалпылама сипат алып кетуі әбден мүмкін. Ал ондай орталықтарды мүлдем жауып тастауға тағы болмайды. Өйткені тағдыр талкегіне түскен әрі туыс-туғандары жоқ жандар үшін бұл үйден басқа барар жер, басар тау жоқ.

– Бұл мәселені мемлекет, қоғам болып алдын алу шараларын жасау керек деп ойлаймын.  Өкінішке қарай біз көп жағдайда салдарымен күресіп жатамыз. Ал алдын алу жұмыстарына  ол әрине жастармызға тәрбиелік сағаттар, тәрбиелік кездесулер, семинарлар және тағы басқаларын ұйымдастырып тұру қажет. Мысалы, жоғары оқу орындарында оқитын жастар болсын, мектепті бітіріп жатқан түлектер болсын, саналы ұрпағымызға біз мұның  қазақилығымызға ұлтымызға дінімізге, теріс нәрсе екенін айтып түсіндіруіміз керек. Оларды формальды түрде  өткізіп тастамай, керісінше әр түрлі форматта ұйымдастыра білу керек.Әрі  жеңіл форматта қызықты етіп өткізетін болсақ әрі нәтижелі болса және соны мемлекет деңгейінде жүзеге асырып жатсақ, оған қолдау көрсетіледі деп ойлаймын. Біртіндеп осындай жұмыстарды атқара берсек, бұл мәселе де күн тәртібінен түседі, - дейді наиб имам Берікбол Жанақов.

Бұған қатысты наиб имам Берікбол Жанақов мүфтият тарапынан жұмыстар басталып кеткенін айтады. Олар білім беретін мекемелерде оқушылар мен студенттерге терроризм мен экстремизмге қарсы алдын-алу шаралары бойынша кездесулер ұйымдастырып келеді. Сол жерлерде олар міндетті түрде отбасылық қарым-қатынастар, ата-анаға құрмет көрсету, қоғамдағы тепе-теңдікті ұстап тұру мен қарым-қатынастың яғни мәміленің әрқайсысының өзіндік жүйесі бар екенін түсіндіріп, ұлттық әрі діни тұрғыда тәптіштеп айтып отырады екен.

Сондай-ақ наиб имам бүгінгі күнде қарттар үйі тұрғындарының санын бірден болмаса да, аз-аздан қысқартудың бір әдісін ұсынды.

– Қарттар үйінде бір күнді белгілеп, сол күні қартайған әке-шешесін орталыққа тапсырған адамды шақыртып, кездесу ұйымдастыруға болады. Сол жерге психолог пен дін мамандарын, мәдениет саласынан және қоғам қайраткерлері  балаларға өзінің білгенін, түйгенін, оқығанын айтса, бұдан нәтиже шығады деп ойлаймын. Мәселен, 20 адам ата-анасын тапсырып кетті делік. Сосын кездесуге 15-і келер, бесеуі келмей қалар, 15-нің ішінен 2-3-нің жүрегіне тиіп, миына құйылатын болса, меніңше бұл да үлкен жетістік деп ойлаймын, - дейді наиб имам Берікбол Жанақов.

Жалпы әке-шешесіне «Уф» демек  түгіл  қарттар үйіне қуған бүгінгі заманның ұл-қыздарына айтарымыз, ата-анаңызға  қалай қарасаңыз, сол нәрсені өз балаңыздан көруіңіз әбден мүмкін.   

Психологтардың пікірі қандай?

Еліміздегі психолог мамандар да біздің санамызға жат нәрсенің бірі қарттар үйінің көбеюі өзекті мәселе екенін жасырмайды. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп ежелден үлкендерді сыйлап, батасын алып өскен қазақ халқы арғы ата-бабасынан мұндай сұмдықты естімегені рас. Әлбетте, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бүгінде ортамызда үлкеннің ақ батасын алып, бір шаңырақ астында тату-тәтті  өмір сүріп жатқандар баршылық. Өкінішке қарай солардың арасында немерелеріне ертегі айтар әжелер мен балаларына өсиет айтар аталарымыз қарттар үйін жағалап кеткені қынжылтады.

– Түрлі себептермен балалары өзін мәпелеп өсірген ата-анасын қарттар үйіне өткізіп келеді. Маман ретінде ой түйгенім – қазіргі таңдағы қаракөз жастарымыздың санасының уланғандығы. Оны асыл қазыналарымыздың қадір-қасиетін білмеу және барды бағаламау деп түсінем. Және бастарының қамын ойлап, бірінші орынға табыс көзін қойып, ата-ананы бағып-қағудан қашып, перзенттің әке-шешеге деген парызының не екенін білмейтін, білгісі де келмейтін ұрпақ көбеюде, - дейді елордалық психолог Айгерім Ботанбекқызы.

Сонымен қоса, еліміздегі ата-ана мен қарттарымыздың ризашылығына бөленбеген әрі ақ батасын алмаған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болатыны баршамызға аян. Болашақтың тізгінін ұстайтын жастардың өкінішке қарай рухани құндылықтарға, ата мен әженің, әке мен шешенің мейіріміне зәру екенін айтады психолог. «Қалай дегенменде, заман өзгерген жоқ, пенде өзгерген заман болды» дейді Айгерім Уәлиханова.

P.S. Әр үйдің төрінде қартайған әке-шешесі немесе атасы мен әжесінің күтіміне дұрыс қарап, қамқорлық мен мейірімділік көрсетсе, қарттар сол жанұясының құты болып есептеледі. Және ұрпағы сыйлаған ата-ана әрқашан да бақытты болатынын естен шығармайық. Жоғарыда айтқанымыздай, әке-шешеге не істесең, алдына сол келеді. Жердегі әр пенде өмір бойы жас болып тұрмайды. Сондықтан бүгін ата-анаңызды сыйласаңыз, келешекте перзенттеріңіз де қартайғанда сізді аялап күтіп, бағып-қағатын болмақ. Бүгінгі таңда қилы тағдырлар мекеніне айналған қарттар үйі келешекте көбейіп кетпесін тілейміз. Жыл сайын қатары сиреп бара жатқан ардагерлерімізді көзі тірісінде ардақтауды баршамызға нәсіп етсін!

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: