Криптовалютаның Қазақстандағы болашағы қандай?

26 Сәуір 2023, 14:15 3848

Криптовалюта туралы жалпы мағұлмат көп жылдардан бері айтылып та, жазылып та келеді. Криптовалюта – құпиялықты, қауіпсіздікті және көп жағдайда анонимділікті қорғауға арналған цифрлық валютаның түрі. Ол жеке адам немесе компаниялардан емес, компьютерлер желісі арқылы таратылады.

Криптовалютаның басты ерекшелігі – орталық банктерге, үкіметтерге немесе басқа делдалдарға иек артпайтыны. Бүгінгі таңда әлемде 150 миллионнан астам адам криптоның қолданушысы.

Ең алғашқы криптовалюта – биткоин. Осыдан оншақты жыл бұрын, жаңадан шығып жатқанда сол биткоинның бағасы ілікке алғысыз еді. Бұл күнде бір биткоинның құны – бір пәтер. 2020 жылы Square төлем компаниясы 50 миллион доллар көлеміндегі қаражатты биткоин сатып алуға жұмсаған. Бүгінгі таңда ол салымы 161 миллион долларға бағаланып отыр. Қазір әлемде 20 мыңға жетеқабыл криптовалюта бар. Күн сайын жаңа криптолар пайда болады. Алматы, Астана сияқты ірі мегаполистерде криптовалютаның қыр-сырын үйрететін компаниялар көптеп ашылуда. Бүгін шыққан жаңа криптоны сізге тегін сыйлауы да мүмкін немесе өте аз қаражатқа сатып ала аласыз. Арада біраз уақыт өткенде сол криптоны шығарған кәсіпорын өркендеп сіздің қолыңыздағы криптоның құны артып кетуі де бек мүмкін. Керісінше сіз болашағы бар деп жақсы ақшаға сатып алған криптовалютаңыздың жарнасы құлап, пайда көрмек түгілі салған ақшаңыздың құнын шығара алмай қалуыңыз да ықтимал. Криптовалюта құнының құлдырап, шарықтап кетуіне әртүрлі факторлар әсер етпек. Көпшілікке түсінікті болуы үшін мынандай мысал келтірсек: «ҚазақMыс» корпорациясы X деген крипто шығарды дейік. Алғаш шыққанда бір X-тың құны 1 АҚШ долларына тең еді. «ҚазақMыстың» болашағына сенген астаналық тұрғын Асхат 100 долларға жүз X сатып алды. Сол арада  «ҚазақMыс» корпорациясы Илон Масктің «Tesla» компаниясына мыс өндірісі бойынша өздерінің жобасын ұсынды дейік. «Tesla» компаниясы жауапты 10 күнде қайтаратын болды. Бұл жаңалықты естіген адамдар күн сайын артып, криптовалюта X-ты сатып алушылар көбейді. Адамдар көптеп сатып алып, ақша салған сайын X-тың құны арта берді. Оныншы күні 1 X 10 АҚШ долларына тең болды. Сол күні «Tesla» компаниясы «ҚазақMыс» корпорациясымен келісім-шартқа отыратындары туралы, сауда крипто X-пен жүзеге асатыны туралы шешім шығарды. «Tesla» алпауыт компания, бұл үлкен жаңалық болып, X-тың құны бірден 10 000 долларға көтеріледі. Ал «Tesla» компаниясына қажетті мысты жеткізіп жүретін бұрынғы компаниялардың жарнасы бірден құлайды. Ал Асхат 100 долларға сатып алған 100 X-ін қазір 1 000 000 АҚШ долларына сата алады.

Криптовалюта сатып алып, пайда тапқысы келген адам әлемде болып жатқан жаңалықтарды мұқият зерттеп отырады. Жаңа шыққан криптолардың болашағына анализ жасайды. Ақша тапқысы келген, бірақ криптовалюта хабарсыз адам қыр-сырын үйрену үшін сенімді компанияның көмегіне жүгінуі керек. Аңдап баспаса қаржылық прамида сияқты алаяқтықтың құрығына ілініп, табан ет маңдай терімен тапқан ақшасы селге кетеді.

Криптовалюта күн өткен сайын әлемде ғана емес қазақ қоғамында да актуалды болып келе жатыр. Статистика бойынша қазір Қазақстан криптовалютаны өндіру жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Оған не себеп болды? 2020 жылға дейін бұл көрсеткіштің басында Қытай тұрған еді. Қытай билігі сол жылы экологияны бүлдіреді деген себеппен майнинг фирмалар құруға тоқтау қойды. Жолы кесілген фирмалар келесі басар қадамын Қазақстаннан іздеді. Өйткені көрші елге құрылғыларын оңай таси алады және электр бағасы да қолжетімді-тұғын. Осымен бірге көптеген өңірлерде электрдің жетіспеушілігі басты мәселеге айналды. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған бұл өндірістің қоғамға қандай пайдасы бар? Олардан түскен салық бюжетке құйылмаса, қара халықтың қамы үшін жұмсалмаса, бізге керегі қанша? Судың да сұрауы бар. Бір жақта халық қараңғы үйде қалып, электрдің қызығын қалтасының қамын ғана ойлайтын майнерлер көріп отыруына жол жоқ. Майнерлердің көбеюінің сыры неде? Майнер күрделі математикалық амалдарды шешіп, бір блок жасаса 12,5 биткоин алады. Әр 10 минут сайын бір блок жасалып отырады. Біз бір биткоинның құнының қанша екенін білеміз. Сол үшін де бұл қаржы түріне деген ынта күннен күнге артуда. Есесіне блок жасағаны үшін берілетін биткоинның саны жыл сайын кеміп отырады.

Криптовалюта өндірісіне өте үлкен көлемдегі энергия қажет және экологияға да айтарлықтай зиян келтіреді. Егер биткоинды бір мемлекет деп қарастыратын болсақ, онда ол әлемдегі энергияны ең көп тұтынатын 30 елдің қатарына кіреді. Иә, Қазақстан бюжетінің тең жартысын қара алтынымыз мұнайды сатқаннан түскен табыс құрайды. Қазір әлемдегі әртүрлі гео-саяси жағдайларға байланысты оқтын-оқтын мұнай құбырымыздың жолы кесіліп жатыр. Бұл нарыққа, зат бағасының үздіксіз қымбаттауына өз әсерін тигізуде. Мұнайдан түскен табыс болмаса экономикамыз тұралап қалары анық. Десе де таусылмайтын байлық жоқ. Мұнай қоры азайса қайтпек керек? Сарқылғанда бірақ ойланбай күні бұрын шығар жолды қарастырған абзал. Зерттеушілердің пікірінше криптовалюта өндірісін кіріс жағынан мұнай өнеркәсібімен тең тұра алатын бизнеске айналдыруға болады. Криптовалютаны қабылдау үшін оң шешімін табуы тиіс ең басты мәселе – электр жарығы. Бұл түйінді біз ебін тапсақ оңай шеше аламыз. Өзіміздегі барды іске асыра алсақ қана болғаны. Қазақстанның географиялық, климаттық артықшылықтарын тиімді пайдалана білген жөн. Еліміз күн энергиясына бай, жел өттері көп. Күн мен жел энергия станцияларын көбейту, жасыл энергияны арттыру елімізге жарқын болашақ сыйламақ. Әрине, бұған аз қаржы кетпейді. Бірақ келешекте өзін-өзі ақтай алатын табиғи энергия көзі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген майнинг кәсібіне байланысты заң жүйелі түрде әзірленуі керек. «Сұр» майнерлер мен заңсыз жұмыс істеп отырған фирмаларды жалғасты анықтаған жөн. «Мемлекет өз крипто әмиянын жасап, сәйкесінше майнерлерді салықты криптовалюта түрінде төлеуге міндеттеу керек. Егер де салық теңгемен белгіленсе, биткоиннің жоғары құбылмалығына байланысты салықтан пайда түспей, тиімсіз болады» деген сарапшы Г. Абдрахмановтың ойына толықтай келісуге болады.

Қазіргі таңда видео-карталардың бағасы шарықтап, майнинг фирмалар көптеп құрылуда.  Криптовалютаны сатып алып пайда тапқысы келетін адамдардың қатары көбейіп жатыр. Бұл қаржы түрін қолдануды көксеген адам әуелі оның артықшылығы мен кемшілігін ескеруі тиіс. Банктердегі немесе кез келген басқа жердегі физикалық валюталық аударымдардан айырмашылығы, үлкен көлемдегі криптовалюталардың транзакцияларын ешбір анықтамасыз оңай жасауға болады. Криптовалюталық операциялар жалпыға бірдей ашық. Біз транзакцияның кез келген түрін жасаған кезде ол блокчейнде сақталады және транзакциямызды қашанда тексеруге болады. Әрқашан нақты статистиканы көрсетеді. Ол жалпыға қолжетімді болуына қарамастан ешбір ұйым немесе адамдар оларды өзгерте алмайды. Осылайша, ол толығымен ашық және ең қауіпсіз функция болып саналады. Дүние жүзіндегі валюталар көбінде инфляциямен бетпе-бет келеді. Бірақ бұл криптовалюталарға әсерін тигізе алмайды. Жаңа валютаның кез келген түрі шығарылған кезде, қанша криптовалюта жасау керегі шешіледі. Мысалы биткоинды алып қарасақ, тек 21 миллион биткоинді өндіруге болады және оның мөлшерін ешкім көбейте алмайды. Қазақстан аумағында қазір электронды ақша шетелге барғанда шифрланған валютаны қолдансаңыз картаңыздан ұсталатын комициядан арыласыз және уақыт үнемдейсіз.  Қоғам назарын өзіне көбірек аудартатын тұсы – қауіпсіздігі. Жеке басыңның құпиялықтарын әшкере етпейді. Барлық транзакциялар анонимді идентификаторлар арқылы жасалады. Сондықтан біз кез келген алаяқтықты оңай қадағалай аламыз. Бұл нақты ақшаға қарағанда сенімді.

Осындай көптеген артықшылықтарға ие болғанына қарамастан оның кемшіліктері де аз емес. Криптовалюта құбылмалылығымен ерекшеленеді. Бұл бірнеше себепке  байланысты болады. Оның ең маңыздысы – жаңа криптовалюталардың күнделікті дамуы. Валюталарды тез сатып алу және сату мүмкіндігі (және онымен бірге келетін алыпсатарлық). Блокчейн технологиясында жұмыс істейтін валюталарды саудалағанда немесе пайдаланған кезде олардың құны күрт өзгеруі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан ұдайы зерттеулер жүргізу және нарықтық үрдістерді мұқият бақылау өте маңызды. Ақша бар жерде алаяқтық қатар жүреді. Криптовалютаның өзі алаяқтық болмаса да, бұл платформалардың айналасында көп кездеседі. Мысалы, жалған веб-сайттар мен қолданбалар, пирамидалық схемалардан абай болған жөн. Криптовалюталардың жеке кілттері жоғалған жағдайда қалпына келтіру мүмкін емес. Біз әрқашан жеке кілтімізді интернетке қосылмаған дискіде сақтауымыз керек. Егер сіздің жеке кілтіңіз ұрланса немесе оны ұмытып қалсаңыз, криптовалютаңыздың келмеске кеткені. Транзакцияларды қадағалау мүмкін емес екенін айттық. Бұл фактордың артықшылықтарымен қоса кемшіліктері де бар. Ол орталықтандырылмаған желіні пайдаланады. Сондықтан оны ешқандай ұйым немесе орталық банк реттемейді. Есірткі, қару-жарақ сияқты көлеңкелі бизнеске төлем осы арқылы жасалса кімдер істегенін тексеріп білу қиын.  Сол үшін де қазіргі таңда криптовалютаны қолданатын қосымшаларға тіркелгенде құжаттарыңызды енгізуді міндеттеп жатыр.

Әлемнің көптеген елдерінде орталықтандырылмаған қаржыға деген көзқарас өзгеріп келеді. Мысалы, 2021 жылы Сальвадор өзінің негізгі валютасы АҚШ долларымен бірге биткоинді заңды төлем құралы ретінде қабылдаған бірінші ел болды. Ал Қазақстанда 2021 жылдың маусым айының соңынан бастап криптовалюталық компанияларға банктен шот ашуға рұқсат берген болатын. Міне бұл деректер криптовалютаның болашақтың валютасы екенін дәлелдей түседі. Бірақ оның қаншалықты футуристік екенін уақыт көрсетеді.

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: