Криптовалютамен байланысты алаяқтықтан қалай сақтануға болады?

Криптовалютамен байланысты алаяқтықтан қалай сақтануға болады?

Алаяқтар жалған сайттар жасап, қаржы пирамидаларын құрып, жалған хабарландырулар таратып, криптовалютадан табыс тапқысы келген азаматтардың ақшасын алдап алып жүр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

FinGramota медиа-порталы сарапшыларының айтуынша, Қазақстанда криптовалюта саласы әлі де жеткілікті деңгейде реттелмеген. Сондықтан цифрлық активтер арқылы пайда табуды ойлағандар екі есе сақ болып, өз қауіпсіздігіне өздері жауап бергені жөн.

Криптоалаяқтардың әрекеті кәдімгі қылмыскерлерден айырмашылығы жоқ: олар әрдайым жаңа айла-тәсіл ойлап тауып, құрбандарын құрыққа түсіру арқылы ақша жымқыруға тырысады.

Фишинг және жалған сайттар

Алаяқтар жиі танымал криптосервистердің атын жамылып, сайттар мен хаттар жасайды. Мақсат – логин мен ақшаны қолды қылу. Мұндай схемаға Ақмола облысының тұрғыны алданған: ол алаяқтарға 6,5 млн теңгесін беріп қойған.

Әйел белгісіз сайтта криптовалютаға «ойнауға» сеніп кіріскен. Екі аптадан соң ол жеңіске жетемін деп тағы ақша салған, бірақ сайт бұғатталып қалған,  – дейді сарапшылар.

Мұндай жағдайға тап болмас үшін әрдайым сайттың мекенжайын тексеріп, интернеттен пікірлерін оқып алу қажет.

Қаржы пирамидалары

Көпшілік естіп жүрген «жоғары пайызбен ақша сал да, достарыңды шақыр» схемасы криптовалютада да қолданылады. Мұндайды тану оңай: шындыққа жанаспайтын пайыздар және жаңа қатысушыларды тарту талабы.

Жақында Ақтөбе облысында Harmony Rider Technology пирамидасы әшкереленді. Оның 115 қатысушысы шамамен 200 млн теңге салған. Негізін қалаушылар ақшаны криптовалюта әмиянына аударып, кейін оны банк шоттарына шығарып отырған.

Жалған жұлдыздардың атынан ұсыныстар

Алаяқтар дипфейктер жасап, танымал блогерлер мен әртістердің атынан жалған арналар ашып, фейк хабарландыру таратады. Мысалы, жуырда олар танымал вайнердің атынан телеграм-арна ашып, «кемі 100 доллар салсаң, ұтасың» деп жарнама жасаған.

Қорытынды: ақша салуға шақырып, табысқа кепілдік беретін «жұлдыздарға» сенуге болмайды.

Алаяқтардың тұзағына түспеу үшін

Қылмыстық схемалар өте көп, сондықтан басты белгілеріне назар аудару маңызды:

  • кепілдендірілген пайда – Қазақстанда бұл заңсыз;
  • бос немесе жоқ White Paper (жобаның техникалық құжаты);
  • тым агрессивті жарнама;
  • жасырын команда – адал компаниялар басшыларын жасырмайды;
  • «жылдам әрі жеңіл ақша» уәделері.

Алайда тек белгілерін білу жеткіліксіз. Криптоалаяқтардан қорғану үшін «цифрлық гигиена» ережелерін сақтау қажет:

  • тек түсінетін салаға инвестиция салыңыз – егер тақырып тым күрделі болса, алдымен зерттеп алған дұрыс;
  • асықпаңыз және қысымға берілмеңіз – алаяқтар әдейі асықтырады;
  • әлеуметтік желідегі жарнаманы міндетті түрде тексеріңіз;
  • күтпеген ұсыныстарға мән бермеңіз – адал компаниялар телефон соғып, «шұғыл инвестиция сал» деп қыстамайды;
  • қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеңіз – бұл вирустық немесе жалған сервиске тап болу қаупін азайтады;
  • құжаттар мен пікірлерді оқыңыз – кез келген адал криптовалютаның түсінікті техникалық құжаты болуы тиіс.

Криптовалюта дұрыс көзқарас пен сақтықпен қарағанда тиімді инвестицияға айналуы мүмкін. Бірақ үйіп-төгіп берілген сөздерге сене бермей, тіпті ең тартымды ұсынысты да жақсылап тексеріп алған жөн.