"Крематорийде өртейді": Қаракөлде қырылған аққулар қалай жойылады?

10 Қаңтар, 20:51 914

Қаракөлде өлген құстарды жою үшін Ақтау қаласына Атыраудан көлікке орнатылған арнайы крематорий пеш жеткізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

"Маңғыстау облысының ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Мархабаевтың айтуынша, Үстірт қорығы аумағындағы Қаракөлде 21 желтоқсаннан бері қырылып жатқан аққулар техникада орналасқан пеште жойылады.

Қаракөлде қырылған аққуларды жою үшін Маңғыстауға Атырау облысынан арнайы техникаға сұраныс берілді. Енді құстар ауыр жүк көлігінің үстіне орнатылған крематорий пешінде заласыздандырылады. Біздегі жоспар бойынша бұл техника алдағы екі күн ішінде өңірге келеді. Ал 21 желтоқсаннан бері қырылған құстарды жою жұмыстары қарапайым әдіспен жүзеге асып жатыр, - деді басқама басшысы Бердібек Мархабаев.

Басқарма басшысының сөзінше, Қаракөлден табылған 828 аққуды жою жұмыстары толықтай атқарылған. Ал есеп бойынша қыс мезгілінде Қаракөлде 45 мыңдай аққу қыстайды. Ал құстардың қырылуы қашанға дейін созылатыны белгісіз. Бұдан бөлек, Қаракөл аумағында қаңғыбас иттер көбейген. Болжам бойынша, иесіз жүрген иттер аққудың өлексесін қорек етіп жүр. Ал Ақтау қалалық ветеринариялық станциясының басшысы Самат Нәбиевтің айтуынша, Қаракөл көлі орналасқан Үстірт аумағында қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары басталды.

Жексенбіден бері Қаракөл маңынан 31 ит ауланды. Қорықта иесіз жүрген иттер әлі де бар. Осы ретте біздің станция мамандары тиісті жұмыстарды жүргізуде. Көл маңында демалыс базаларын торуылдаған иесіз иттер бар. Біздегі дерек бойынша олар көлде өлген аққуларды жейді, - деді Самат Нәбиев.

Үш аптадан бері жаппай қырылып жатқан аққулардың құс тұмауынан өлгені ресми айтылды. "Микробиология және вирусология ҒӨО" ЖШС мамандары аққулардың жаппай қырылуына жоғары патогенді H5N1 құс тұмауы себеп болғанын атады.
 

Баян Әжмұхан
Бөлісу: