Автокөліктің сыртқы келбеті – әркімнің талғамына байланысты ұғым. Біреу үшін батыл дизайнерлік шешім болып көрінген дүние біреуге ерсі көрінуі мүмкін. Ендеше дизайны қызу пікірталас тудырған он автокөлікке тоқталсақ. Vokrugsveta.ru мәліметінше, олардың кейбірі нарықта сәтсіздікке ұшыраса, енді бірі күтпеген жерден культтік мәртебеге ие болды.
1932 жылы өнертапқыш әрі инженер Уильям Б. Стаут арт-деко стилінен шабыт алып, әлемдегі алғашқы минивэнді жасап шығарды. Нәтижесінде қоңыз бен суасты кемесінің қосындысын елестететін ерекше көлік пайда болды.
Оқи отырыңыз:
Stout Scarab/Jim Evans via Wikimedia Commons
Scarab сыртқы пішінімен ғана емес, ішкі жабдықталуымен де таңғалдырды. Айналмалы орындықтар, жиналмалы үстел – қысқасы, бұл дөңгелектегі қонақ бөлме іспетті еді. Ұзыннан орналасқан қозғалтқыш, барлық төрт дөңгелектегі тәуелсіз аспа, есіктердегі электр құлыптары, ішкі жарықтандыру, ауа сүзгісі – өз дәуірі үшін бұл көлік технологиялық тұрғыда өте озық саналды. Бар-жоғы тоғыз дана ғана шығарылған. Ашаршылық заманында 5 мың доллар (қазіргі есеппен шамамен 100 мың доллар) төлеуге көптің шамасы жетпегендіктен, көліктер Стауттың жақын таныстарына ғана бұйырды.
1998 жылы Fiat жаңа отбасылық минивэн – Multipla моделін таныстырғанда, жұртшылықтың таңырқағаны рас. Компания шағын хэтчбек негізінде алты адамға арналған ықшам көлік жасауды көздеді. Алайда нәтижесінде биік, әйнегі көп «аквариумға» ұқсас, екі деңгейлі шамдары бар тосын пішіндегі автомобиль дүниеге келді.
Қызығы сол – сыртқы келбеті қанша сынға ұшыраса да, Multipla төрт жыл қатарынан Top Gear Magazine нұсқасы бойынша «Жылдың отбасылық көлігі» атанды. Тіпті Нью-Йорктегі Қазіргі заман өнері музейінде экспонат ретінде қойылған.
Isetta-ны көріп «ұсқынсыз» деу қиын – бұл көліктің өзіне тән тартымдылығы бар. BMW бұл микрокөлікті арзан модель ретінде шығарды. 1954 жылы Туриндегі автосалонда олар италиялық Iso Rivolta компаниясының Iso Isetta моделін көріп, өндіріс лицензиясын сатып алды.
BMW Isetta/Gaschwald/Shutterstock/Fotodom.ru
Ұзындығы небәрі 2,29 метр болатын көлік сағатына ең көбі 75 шақырым жылдамдықпен жүре алатын. Жұмыртқа пішінді корпус, өзгеше пропорциялар және алдыңғы жағынан ашылатын есік – Isetta-ның басты ерекшелігі еді. Нәтижесінде BMW бұл модельден 160 мыңнан астам данасын сатты.
1980-жылдардың соңында Nissan француздың Citroën 2CV моделінен шабыт алған ретро-фургон жасау туралы шешім қабылдады. Осылайша S-Cargo дүниеге келді. Атауы, бір жағынан, «Small Cargo» дегенді білдірсе, екінші жағынан, французша escargot, яғни «ұлу» деген сөзге үндес.
Nissan S-Cargo/Vivid Brands/Shutterstock/Fotodom.ru
1989-1991 жылдары шамамен 10 мың дана ғана шығарылып, барлығы Жапония нарығында сатылды. The New York Times сыншысы Фил Паттон бұл көлікті «постмодернизмнің шыңы» деп атады. Қызығы, S-Cargo зауыттан Nissan логотипінсіз шыққан жалғыз модель, компанияның өзі де бұл эксперименттен аздап именгендей.
Бұл көлікті жасаған дизайнер Том Питерс (кейін Chevrolet Corvette C7 авторы) бір кезде: «Барлығына бірдей ұнай бермейтін батыл автомобиль жасағымыз келді», – деген еді. Айтқандай-ақ, Aztek көпшілікке жақпады.
Pontiac Aztek/Car Collection/Legion Media
Төрт «көзі» бардай көрінетін алдыңғы бөлігі, төртбұрышты доңғалақ аркалары көлікті тіпті оғаш көрсетеді. The Daily Telegraph оны «ең ұсқынсыз 100 автокөліктің» көшбасына қойды. Ал GM топ-менеджері Боб Лутц кейбір модельдерді «ашулы ас үй техникасына» теңеген.
Соған қарамастан, Aztek иелерінің көңілінен шыққан. Ал «Breaking Bad» сериалында Уолтер Уайт осы көлікті мінген соң, модель жастар арасында тез танылды.
Citroën бастапқыда Ami 6 моделін люкс санатындағы DS пен көпшілікке арналған 2CV арасындағы алтын көпірге айналдырмақ болды. Дизайнер Фламинио Бертони жасаған бастапқы нұсқа өзгерістерге ұшырап, менеджменттің талаптары дизайнды мүлде басқа арнаға бұрды.
Citroën Ami 6/BASCOL/Shutterstock/Fotodom.ru
Қозғалтқыштың ауысуына байланысты капот биіктеп, фаралар жоғарырақ орналастырылды. Артқы әйнек көлік ұзындау көрінуі үшін әдейі артқа қарай қисайтылды. Ал дизайнерлер мақсатына жетті ме, оған өзіңіз баға бере кетіңіз.
Көпшілік Reliant Robin-ді Top Gear бағдарламасынан біледі. Джереми Кларксон бұрылыстарда оны қайта-қайта аударып жіберетін. Кейінірек бұл шоу үшін арнайы өзгертілгені айтылды, бірақ көліктің көркін бұл да жақсарта қойған жоқ.
Reliant Robin/ Mark Leonard Wootton/Shutterstock/Fotodom.ru
Дегенмен үш дөңгелекті бұл көлік Британияда сұранысқа ие болды. Себебі оны жүргізу үшін мотоцикл куәлігі жеткілікті, ал салығы төрт дөңгелекті көліктерге қарағанда әлдеқайда төмен еді.
Аты айтып тұрғандай, бұл – нағыз «дөңгелектегі қорап». Nissan Cube жастарға арналған ерекше модель ретінде ойластырылды. Үлкен панорамалық терезе, тоңазытқыш секілді ашылатын артқы есік және «күн көзілдірігін таққан бульдогтан» шабыт алған алдыңғы тор – бәрі батыл шешімдер.
Nissan Cube/nitinut380/Shutterstock/Fotodom.ru
1974-1990 жылдары шығарылған түпнұсқа Lagonda өзі-ақ футуристік, бұрышты дизайнымен көзге түсетін. Бірақ швейцариялық Roos Engineering ательесі оны одан әрі созып, Shooting Brake нұсқасын жасады. Нәтижесінде көлік қымбат, бірақ катафалкты еске салатын ауыр бейнеге айналды.
Aston Martin Lagonda Shooting Brake/ Intrepix/Shutterstock/Fotodom.ru
Cybertruck туралы естімеген адам аз. Илон Маск оны 2019 жылы таныстырғанда интернеттегі пікірлер қақ жарылды. Бірі таңдай қақты, бірі түсінбей дал болды. Дизайны батыл, назар аудартатыны рас. Бірақ мұндай шешімдер де бәріне бірдей ұнай бермейтіні де анық.
Tesla Cybertruck/Jonathan Weiss/Shutterstock/Fotodom.ru
Автосүйер қауым шамамен 100 мың доллар тұратын бұл модельдің орнына көркем әрі футуристік Hyundai Ioniq 5 немесе Lotus Emira сынды баламаларды таңдайтынын айтқан. Сөйте тұра Cybertruck барынша ерекшеленуді жөн көрді.
Бұған дейін уақыт өте қымбаттайтын модельдер туралы жазғанбыз.