07.08.2025
09:10
953
Көзін байлап сурет салатын суретші енді кино әлемін бағындырмақ

Көзін байлап сурет салатын суретші енді кино әлемін бағындырмақ

Суретші Ренат Елубаев – өнерге жан-тәнімен берілген жан. Оның жұмулы көзбен салған суреттері көрген жанды бейжай қалдырмасы анық. Бір кездері ресейлік шоуда қазақ өнерін паш еткен суретшімен тілдесудің сәті түсті.

Дүниеге келе салысымен қолына қарындаш ұстаған

Белгілі суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Кинес рекордының рекордсмені, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Ренат Елубаев – бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар санаулы талант иелерінің бірі. Ол Қостанай облысы Арқалық қаласына қарасты Ашутасты ауылында дүниеге келген. Туа біткен дарыны – балалық шағынан-ақ ерекшелене бастаған.

Ата-анамның айтуынша, мен дүниеге келе салысымен қолыма қарындаш ұстап, сурет салуға әуестенген екенмін. Бала кезімнен-ақ түрлі түстердің үйлесіміне қызыға қарайтынмын. Екі жасымда түрлі сурет сала бастадым. Мазасызданған кезімде, ата-анам маған қағаз бен қарындаш беріп, тыныштандырып отыратын. Сол кезде тып-тыныш отырып, сурет сала беретінмін, – дейді ол.

Ашутасты ауылында қазақтілді мектеп болмағандықтан, Ренат мектепке алғаш орыс тілінде білім беретін сыныптан бастаған. Алайда тілдік кедергілерге байланысты 1-сыныптың екінші жартысында Арқалық қаласына ауысып, оқуын сонда жалғастырады.

Сурет өнеріне деген құштарлық оны балалық шақтан жетеледі. 4-сыныптан бастап Ренат мектептен кейін қосымша білім ретінде Арқалық қаласы әкімдігі білім бөлімінің Бақытжан Байқадамов атындағы музыка мектебінде оқиды. Онда тек музыка емес, шығармашылық қабілетті дамытатын бейнелеу өнеріне қатысты қосымша білім алған.

4-сыныпқа келгенде түске дейін мектепте оқып, түстен кейін қосымша музыка мектебіне барып жүрдім, – дейді суретші.

9-сыныпқа келгенде ауылында қазақтілді сыныптар ашылып, Ренат туған жеріне қайта оралады. Мектепті бітірген соң Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының Өнер және графика факультетіне оқуға түсіп, болашақ мамандығына алғашқы қадам жасайды.

2002 жылы студент кезінде-ақ Ренат облыстық плакаттар байқауында бірінші орынды иеленеді. Бұл жеңіс – оның кәсіби суретші болуға лайықты екенін дәлелдей түскен алғашқы белестердің бірі еді.

Университетті қызыл дипломмен аяқтадым. Арқалықтағы мектептердің бірінің директоры мені сурет пәнінің мұғалімі болуға шақырды. Бірақ менің суретші болып, кішкентай қалада қалғым келмеді. Сөйтіп, Алматы мен Астана қалаларын көруге жолға шықтым. Астананың атмосферасы бірден баурап алды, сондықтан елордаға көшіп келу туралы шешім қабылдадым, – дейді ол.

Костюммен ағаш кескен дизайнер болды

Суретші Астанадағы алғашқы жұмысын дизайнер ретінде бастайды. Ол ағаштан әріптер кесетін өндірістік цехта қызмет атқарған. Ерекше бір атап өтерлігі – Ренат бұл жұмысына күн сайын классикалық үлгідегі киіммен барып жүрген.

Сол кезеңде телеарналарда ресми киінген заңгерлер мен экономистер жиі көрсетілетін. Мен де сондай киімге қызығып, қарапайым цехқа костюм шалбармен баратынмын. Әріптестерім бұған таң қалып, маған мемлекеттік қызметке бару қажеттігін жиі айтатын, – деп еске алады суретші.

Көп ұзамай Ренат Елубаев Астана қаласы Мәдениет басқармасына барып, мемлекеттік қызметке орналасуға шешім қабылдайды. Ол үшін арнайы конкурстан өтіп, заңнаманы меңгеруі қажет болды.

Конкурстан өту үшін заңдарды орыс тілінде оқып, тесті қазақ тілінде тапсырдым. Қазақ тілін жақсы меңгеруім мен шығармашылық әлеуетімнің арқасында аталмыш басқармаға қызметке қабылдандым, – дейді ол.

Мемлекеттік қызметте бастапқы екі жыл бойы қарапайым тапсырмалармен айналысып, кейіннен ірі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға жауапты болады. Оның кәсіби қабілетіне алғашында сенімсіздікпен қараған әріптестері уақыт өте келе оның ұйымдастырушылық шеберлігін мойындай бастайды.

Алғашында маған маңызды жобаларды сеніп тапсырмады. Алайда бір іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғанымды көрген соң, маған деген көзқарас өзгерді, – дейді суретші.

Мемлекеттік қызметте жүрген жылдары ол бейнелеу өнерінен де алыстап кеткен жоқ. Жұмыстан тыс уақытта сурет салып отырды. Бірақ шығармашылыққа бөлетін уақыты шектеулі еді.

Бір жылда 5-6 картина ғана жазатынмын. Картиналарымды 50-60 мың теңгеден сатып жүрдім. Ол кез үшін өте жақсы ақша болды. Себебі жұмыстағы айлық 12-13 мың теңге көлемінде еді, – дейді Ренат.

Осылайша ол мемлекеттік қызметте 8 жыл бойы еңбек етті. Кейін белгілі бір себептерге байланыста жұмыстан шығуына тура келген.

Шығармашылыққа қайтып оралған кезі

Ренаттың мемлекеттік қызметтен кетуі оның өмірінде белгілі бір деңгейде психологиялық күйзеліс тудырған. Бұл кезеңде оған ең үлкен қолдау көрсеткен жан – оның сол кездегі жары Гүлжан болған.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Қызметтен кеткеннен кейін ұзақ уақыт бойы күйзеліске түстім. Таңертеңнен кешке дейін төсектен тұрмай, енжар күйде жататынмын. Сол кезде Гүлжан әрдайым маған рухани қолдау көрсетті. Әсіресе, Кеңес және орыс эстрада әншісі Борис Моисеевтің «Черный бархат» әнін қайта-қайта қосып қоятын. Бұл ән – қиындықтарды бастан өткеріп, ақыры табысқа жеткен суретші туралы. Сол әнді тыңдата отырып, «сен де дәл солай түбінде белгілі суретшіге айналуың керек» деп демеу беретін, – дейді Ренат.

Гүлжанның бұл қолдауы тек сөз жүзінде қалмай, нақты істермен жалғасын тапқан. Ол Ренаттың кәсіби сурет өнеріне қайта бет бұруы үшін қажетті барлық құрал-жабдықтарды – бояу, кенеп, қылқалам және басқа да материалдармен қамтамасыз етіп, шығармашылықпен толыққанды айналысуына жағдай жасайды.

Гүлжанға ерекше алғыс білдіремін. Ол менің өнер жолына қайта оралуыма үлкен үлес қосты. Ер адамдарды алға жетелейтін, шабыт беретін әйелдер. Солардың бірі – Гүлжан. Суретші адамға кейде қиял керек, ол – шығармашылықтың ажырамас бөлігі. Алайда жастық шақта кейбір түсініспеушіліктерге жол бердік. Келіспеушіліктер салдарынан, өкінішке қарай, отбасымыз сақталмады, – деп еске алады суретші.

Ренаттың халықаралық деңгейге шығуы

Ренат Елубаев кәсіби суретші ретінде дамуға ерекше ден қояды. Ол өнер жолында алға жылжу үшін түрлі байқауларға белсенді қатысып, тәжірибесін шыңдауға тырысқан. Сол еңбектің нәтижесінде бірнеше халықаралық марапатқа ие болады.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

2005 жылы ол «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты атанады. Сонымен қатар Мәскеу, Одесса, Сан-Марино қалаларында өткен халықаралық байқауларда жеңімпаздар қатарынан көрінеді. Бұл жетістіктер суретшінің халықаралық аренада мойындалуына жол ашты.

Кезекті іссапармен Ресейге барған кезінде Ренат ресейлік азаматтарға арнап портреттер салып жүріп, «Удивительные люди» жобасы туралы естиді. Сөйтіп, аталмыш жобаның кастингіне қатысу туралы шешім қабылдайды.

Бұл жоба арқылы Ренат Елубаев тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде кеңінен таныла бастайды. Оның жобада көрсеткен ерекше қабілеті – көзін жұмып отырып, портреттер мен көркем туындыларды дәл әрі нақты етіп салып шығуы көрермендер арасында үлкен әсер қалдырған.

Алла тағала менің танылуыма өзі жол ашты. Ресейліктер менің көзімді жұмып салған суретіме қатты таңғалды. Көпшілік аузын ашып, ерекше қабілетке куә болды, – дейді суретші.

Ренаттың айтуынша, шығармашылықта шынайы өнер туындысын дүниеге әкелу үшін суретші белгілі бір деңгейде қиял әлемінде өмір сүруі тиіс.

«Ананың Тәңірге сыйынуы»

Кенеп, майлы бояу

2017 жыл

Қиялсыз сурет салу мүмкін емес. Өмірде өзіндік ішкі әлемі бар суретшілер ғана шынайы өнер көрсете алады. Ол әлемді тек шығармашылықпен айналысатын адамдар ғана түсінеді, – деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта Ренат Елубаев көзін жұмып, негізінен абстракциялық бағыттағы туындылар салады. Алайда ол бұл қабілетті пайдалану үшін ішкі күш-қуат пен ерекше рухани дайындық қажет екенін айтады.

«Жаңбыр алдында» 

Кенеп, майлы бояу

2022 жыл

Ресейге барған кезеңде менде ерекше энергия болды. Сол энергия арқылы түпсанамды іске қосып, көзімді жұмып сурет салдым. Түпсана іске қосылған сәтте адам толыққанды дұрыс әрекет ете алмайды. Сондықтан «Удивительные люди» жобасында қойылған сұрақтарға толық жауап бере алмадым, – дейді ол.

Оның сөзінше, түпсана арқылы жұмыс істеген сәтте адамның ақылы уақытша тоқтайды. Бұл – ерекше психоэмоционалдық жағдай.

Түпсанамен жұмыс істегеннен кейін бірнеше күн бойы денемнің босап қалғанын сеземін. Шаршап, әлсіреп қаламын, – дейді суретші.

Осы қабілеті арқылы Ренат Елубаев көпшіліктің есінде қалып, өнер саласында өзіндік орнын нықтай түсті.

«Менің қиял әлемім»

Кенеп, майлы бояу

2023 жыл

«Көлеңке» фильмі жалғасын табады

Ренат Елубаев кино саласына да өз үлесін қосып үлгерген. Қаржылай қолдаусыз-ақ «Полигон» және «Көлеңке» атты екі авторлық фильм түсірген. Бұл туындыларды жасау барысында ол тек режиссер ретінде емес, актер ретінде де өзін сынап көрген.

Киноны ақшасыз да түсіруге болады. Оған көп адам сене бермейді. Бірақ менің жанымда шығармашыл достарым болды. Барлығын өзіміз жасап шықтық. Бір жылдың ішінде фильм дайын болды, – дейді ол.

Бұл фильмдер Ренат мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргенде түсірілген.

Қазіргі таңда суретші «Көлеңке 2» атты жаңа фильм түсіруді жоспарлап отыр.

Киноны тағы да қаржылай қолдаусыз түсіргім келеді. Бұл жолы актерлік құрамды жаңартып, жас таланттарға мүмкіндік бергім келеді, – деп бөлісті ол алдағы жоспарларымен.

Суретші қазір немен айналысып жүр?

Бүгінде Ренат Елубаев шығармашылық ізденістермен қатар, арт-терапия саласына ерекше ден қойып жүр. Оның айтуынша, бұл – тек өнер емес, ғылыммен ұштасқан терең бағыт.

Арт-терапия – адамның түпсанасына әсер ететін қуатты құрал. Адамдар сурет салу арқылы ішкі күйзелісінен арылып, сауыға алады. Бұл – ғылыммен дәлелденген тәсіл. Өз тәжірибемде түпсанамен жұмыс істеп көрген соң, қазір өзгелердің де ішкі жан-дүниесін сурет арқылы емдеуге тырысамын. Нәтижесі бар, – дейді суретші.

Ол бүгінде ересектер мен балаларға арналған шеберлік сабақтарын тұрақты түрде өткізіп тұрады. Жеке шеберханасында арт-терапиялық бағытта кездесулер ұйымдастырып, өнерге жақын жандарға өз білгенін үйретуде. Сонымен қатар түрлі ұйымдар мен оқу орындарында да барып тұрады.

Суретшінің картиналары бүгінгі таңда түрлі көрмелерде қойылып жүр. Назарбаев университетінде оның бірнеше жұмысы тұр.

Суреттерімді сатамын, бірақ бұрынғыдай қарқынды түрде емес. Бағалары да әртүрлі, – дейді Ренат Елубаев.

Отбасылық өмірі

Қазіргі таңда Ренат төрт баланың әкесі. 

Жұбайым Зәуре – «Астана Балет» театры мен Қазақ ұлттық хореография академиясында ұстаздық етеді. Ал кішкентай қызымыз Айша маған тартқан, сурет салуға құштар. Қазір жасы төртте, – деп суретші отбасы туралы қысқаша айта кетті. 

Айта кетейік, бұған дейін Dior подиумында қазақ жігіті ерекше көзге түскені жайлы жазған едік.