«Көзіме жас келді». Қайрат Нұрқаділов әкесіне ескерткіш қойылатын хабарды қалай қабылдағанын айтты

15 Қаңтар, 13:00 49891

15 қаңтар - қазақтың белді азаматы, танымал саяси тұлға Заманбек Нұрқаділовтің туған күні. Қоғам қайраткері, тірі болғанда, 80 жасқа толар еді. Заманбек Қалабайұлының отбасы оның рухына арнап ас берді. Ал аста президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хаты оқылып, ескерткіш орнату туралы тапсырма бергені мәлім болды. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігі Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділовке хабарласып, қуанышты хабарды қалай қабылдағанын сұраған болатын.

El.kz: Қайрат аға, бүгін әкеңіз Заманбек Нұрқаділовтің туған күні. Тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Осыған орай әкеңізге арнап ас беріпсіздер. Ниет қабыл болсын дейміз. Бәрі ойдағыдай өтті ме?

Қайрат Нұрқаділов: Әумин, айтқаныңыз келсін! Бастапқыда 150 шақты адам шақырып, ет жақындарымызды, достарымызды ғана жинаймыз деп жоспарлағанбыз. Бірақ үкіметке, әкімдіктерге, депутаттар мен саяси тұлғаларға ресми хатты жібердік. Нәтижесінде 500 адам келді. Мұндайды өзіміз де күтпеп едік, сыйлап келген азаматтарға риза болдық.

Өкінішке қарай, әкеммен иық тіресе жұмыс істеген әріптестері, студент кезіндегі достары аз қалды десек те, олар да әкеміздің рухына бағышталған құранда қол жайып, ел білетін, білмейтін естеліктерін ортаға салды. Ал жүргізуші болған Жанарбек Әшімжанов Мәжіліс депутаты екенін білесіздер, одан қалды айтыскер ақын, радиожүргізуші Бақыт Жағыпарұлы да көмектесті. Отбасымыздың атынан бәріне алғыс айтамыз.

El.kz: Аста президенттің өзі ескерткіш қою туралы тапсырма бергендігі белгілі болды. Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыздар?

Қайрат Нұрқаділов: Шынын айтқанда, ерекше толқып кеттім. Ер азамат болған соң әрі көпшілік алдында өзімді әрең ұстадым, әйтпесе көзіме жас келді. Асты жексенбі күні бердік қой. Жұма күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми өкілі келіп, хатын оқып береді деген хабар жетті. Бірақ онда не жазылғанын білген жоқпыз. Сондықтан бұл біз үшін де күтпеген жаңалық болды.

El.kz: Енді бұл іске қашан кіріседі екен?

Қайрат Нұрқаділов: Асығыс жасалатын шаруа емес, оны өздеріңіз де білесіздер. Тыңғылықты дайындық болуы керек. Бастысы, президент тапсырма берді. Енді әкімдіктермен жұмыс істейміз. Бюстін, бәрін жоспарлау керек. Жобасы көктемнің соңына қарай дайын болатын шығар деп ойлап отырмын.

El.kz: Президенттің хат жіберуі Заманбек Нұрқаділовті тану басталады дегенді аңғарта ма? Бұл хат шындықтың ашылуына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?

Қайрат Нұрқаділов: Әкемді бәрі біледі, Қасым-Жомарт Кемелұлы да әкемізбен әріптес болған. Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. 

Шындық ашылады деп ойлаймын. Өткенде депутат әрі журналист Ермұрат Бәпидің сұхбатын оқыдым. Ол кісі де біраз мәселені көтеретінін, талай дүниенің беті ашылатынын айтыпты. Президенттің өзі тапсырма беріп отырған соң, мұның бәрі ескерусіз қалмауы керек. Әкеміздің қандай адам болғаны, нендей еңбек сіңіргені бүкпесіз айтылуы керек. Халық Заманбектің кім екенін онсыз да біледі ғой. Бірақ бұдан былай бәрі ресми түрде расталады деп сенемін.

El.kz: Бірақ Мақпал Жүнісова асқа бара алмапты...

Қайрат Нұрқаділов: Білуімше, Мақпал апамыз Қарағандыда ас берді. Сондықтан Алматыға келе алған жоқ. Басқа өңірлерден, еліміздің түкпір-түкпірінен азаматтар келді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: