19.05.2026
14:45
754
Жаңалықтар

Көзге арналған жаттығулар толық көмектеспейді – офтальмолог

Кейінгі жылдары жастар арасында көру қабілетінің нашарлауы өзекті мəселелердің біріне айналды. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, экран алдында өткізген əрбір қосымша сағат миопия қаупін шамамен 20%-ға арттырады. Ал сарапшылардың болжауынша, 2050 жылға қарай балалар мен жасөспірімдердің шамамен 40%-ында көру қабілеті бұзылуы мүмкін. Осыған байланысты офтальмолог дəрігер Дана Сəбитпен сұхбаттасып, мəселенің мəн-жайына қанықтық. 

El.kz: Офтальмологтар адамдар арасында көру қабілетінің төмендегені туралы дабыл қаға бастады. Көру қабілетінің нашарлауына əсер ететін негізгі себептер қандай?

 – Кейінгі жылдары көру қабілетінің бұзылуы айтарлықтай жиілеп кетті. Əсіресе, мектеп оқушылары мен студенттер арасында осы мəселе анық байқалады. Пациенттердің саны жылдан-жылға артып келеді. Негізгі себептердің бірі – экран алдында ұзақ отыру. Сонымен қатар табиғи жарықтың жетіспеуі, физикалық белсенділіктің аздығы жəне дұрыс демалмау да əсер етеді. Қазір адамдар көбіне жабық ғимарат ішінде көп уақыт өткізеді. Сондай-ақ генетикалық факторды да ескеру қажет. Егер ата-анада көру қабілеті төмен болса, балада да оның пайда болу ықтималы жоғары.

 El.kz:  Жастар арасында не себептен көз аурулары көбейіп жатыр?

– Бұл ең алдымен цифрландырумен байланысты. Жастар телефон, планшет, компьютерді күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырды. Көп жағдайда олар экран алдында бірнеше сағат бойы үзіліссіз отырады. Сонымен қатар, таза ауада серуендеу уақыты азайып барады. Ал бұл факторлар миопияның, яғни алыстан көрмеудің дамуына тікелей əсер етеді.  

Ұзақ уақыт экранға қарау «компьютерлік көру синдромын» тудырады. Көз құрғап, тез шаршайды, көру айқындығы төмендеп,  дискомфорт пайда болады. Оның негізгі себебі – адамның сирек жыпылықтауы жəне көздің үнемі жақын қашықтыққа фокус жасауы. Мұндай жағдай ұзаққа созылса, көру қабілеті нашарлайды.  

El.kz:  Көпшілік «көз аурулары қайтымсыз» деп ойлайды. Сонда көзге аурулары толық жазылмай ма, əлде қазіргі медицинада емдеудің тиімді жолдары бар ма?

 – Барлық көз ауруы қайтымсыз деп айту дұрыс емес. Қазіргі медицинада көптеген көз ауруы ерте анықталған жағдайда тиімді емделеді немесе асқынуын тоқтатуға болады. Мысалы кейбір қабыну процесі, көрудің бастапқы бұзылыстары дер кезінде емделсе, оң нəтиже береді. Сондықтан ең маңыздысы ауруды ерте кезеңде анықтау жəне уақытында дəрігерге жүгіну.

Дана Сәбиттің жеке мұрағатынан

El.kz: Ал көру қабілеті нашарлағанын қандай белгілер арқылы анықтаймыз?

Көру қабілетінің төмендеуін бірнеше белгі арқылы анықтауға болады. Мысалы, алыстан немесе жақыннан анық көрмеу, көздің тез шаршауы, бас ауруының жиілеуі, көзде «құм тұрғандай» сезімнің пайда болуы. Сонымен қатар, адам көбіне сығырайып қарауға мəжбүр болады.

 El.kz: Көзге арналған жаттығулар көмектесе ме?

— Жаттығулар көздің шаршауын азайтады. Алайда бұл жаттығулар миопия немесе басқа да анатомиялық өзгерістерді толық емдей алмайды. Сондықтан оларды тек қосымша құрал ретінде қарастырған жөн.  Жалпы, көз саулығын сақтау үшін дұрыс режим қалыптастыру қажет. Əр 20–30 минут сайын үзіліс жасап, көзге демалыс беру керек. Жұмыс орнын дұрыс жарықтандыру, экраннан қажетті қашықтықты сақтау да маңызды. Сонымен қатар, белсенді өмір салтын ұстанып, таза ауада көбірек уақыт өткізу керек. Дұрыс тамақтану, əсіресе дəрумендерге бай тағамдарды пайдалану да көзге пайдалы.

El.kz: Көру қабілетін жақсартудың қандай əдістері бар?

– Кең таралған әдістің бірі – көзілдірік пен контакт линзалары. Сонымен қатар, лазерлік түзету жəне хирургиялық əдістер, мысалы, көз ішілік линза салу қолданылады. Бұл əдістер əр пациенттің жағдайына қарай таңдалады. Ересектер жылына кемінде бір рет көз дәрігеріне қаралып, тексерілгені дұрыс. Ал балалар мен көру мəселесі бар адамдарға жиірек – 3–6 айда бір рет қаралу ұсынылады.  

El.kz:  Сіздіңше көзəйнек пен линзаның қайсысы тиімді?

– Екеуі де тиімді. Таңдау адамның өмір салты мен медициналық көрсеткіштеріне байланысты. 

El.kz: Лазерлік операциялар қауіпсіз бе?

– Қазір лазерлік технологиялар өте дамыған жəне қауіпсіз. Егер пациент дұрыс тексеруден өтіп, барлық талапқа сай келсе, операцияның нəтижесі жоғары болады. Дегенмен, кез келген медициналық араласуда белгілі бір тəуекел бар екенін ескеру қажет. Айта кетерлігі, барлығына бірдей лазерлік ота жасауға болмайды. Мысалы, қасаң қабық жұқа болған жағдайда немесе кейбір көз аурулары кезінде операция жасауға болмайды. Сондықтан алдын ала толық диагностика жүргізу өте маңызды. Елімізде лазерлік түзету екі көзге шамамен 300 000-нан 800 000 теңгеге дейін жетеді. Ал катаракта сияқты ауруларды емдеу бір көзге 270 000 теңгеден басталып, 800 000 теңгеден жоғары болуы мүмкін. Баға клиника мен технология деңгейіне байланысты өзгереді.

Дана Сәбиттің жеке мұрағатынан

El.kz:  Осы қызметтерге халық оңай қол жеткізе ала ма?

 – Жалпы алғанда, қарапайым тексерулер қолжетімді. Бірақ күрделі емдеу мен операциялар көпшілік үшін қымбат болуы мүмкін. Сондықтан адамдар көбіне уақытында тексерілмей, мəселені ушықтырып алады. Елімізде əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйелері арқылы белгілі бір қызметтерді тегін немесе жеңілдікпен алуға болады.

El.kz: Көру қабілетін сақтау үшін қандай кеңес берер едіңіз?

 – Ең бастысы, көз күтіміне жауапкершілікпен қарау. Уақытылы тексеріліп тұру, жұмыс пен демалыс режимін сақтау, дұрыс тамақтану жəне көзді қорғау – негізгі қағида. Ал жастарға айтарым, гаджетті шектен тыс қолданбау керек. Көзге демалыс беріп, таза ауада көбірек уақыт өткізу маңызды. Қазіргі əдеттеріңіз болашақтағы көру қабілетіңізге тікелей əсер етеді.

– El.kz: Сұхбатыңызға рақмет!

Авторы: Нұрдана Рамазан