Балқаш көлін 20 шақырымға жүзіп өтіп, әлемдік рекорд орнатқан Ақназар Мүтәліпов – жігер мен төзімнің символы. Бір қолы мен бір аяғынан айырылғанына қарамастан, ол адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеп келеді. El.kz тілшісі ерекше ерлік иесімен арнайы сұхбаттасып, оның өмір жолы мен спорттағы жетістіктері туралы толығырақ білді.
Теміржолдан – әлемдік рекордқа дейінгі жол
Ақназар 2018 жылға дейін теміржол саласында жұмыс істеген. Өндірістегі ауыр оқиға оның тағдырын мүлде басқа арнаға бұрды. Бір сәтте өмірі өзгерген Ақназар ұзақ уақыт бойы күйзеліспен күрескенімен, ақыры рухани күшті суда тапты.
«Бала күнімнен спортпен айналысатынмын. Бірақ кәсіби спортқа барамын деп ешқашан ойламадым. Жарақат алған соң волейболмен айналысып көрдім, алайда жүрегім дауаламады. Содан жүзуге барамын деп шештім », – дейді спортшы.
Қорқыныш пен күмәнді жеңу – Ақназардың күнделікті тәжірибесіне айналған.
«Көп адам "ашық суда жүзу қорқынышты емес пе?" деп сұрайды. Шыны керек, мен суды жақсы көремін. Ашық су – менің өзімді табатын ортам. Сол үшін де қорқыныш емес, шабыт аламын», – дейді ол.
Ол алғашында бассейнге жазылып, кәсіби жаттықтырушымен жаттыға бастаған. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде өткен жылы Таразда өткен ел чемпионатында жеңімпаз атанып, Бурабай көлін жүзіп өтті. Енді міне, Балқаш көліндегі 20 шақырымдық жүзуі – оның әлемдік деңгейдегі алғашқы үлкен жеңісі.
Алдағы мақсат – Олимпиада
Ақназардың басты мақсаты – осы рекордты ресми түрде әлемдік деңгейде тіркету және параспорттық Олимпиадаға қатысу. Ол алдағы уақытта тағы бірнеше көлді жүзіп өтуді жоспарлап отыр.
«Арманымдағы көлдер бар. Соның бәрін жүзіп өткім келеді. Қазір сол арманға қарай нық қадам басып келемін», – дейді спортшы.
Ақназар Мүтәліпов – жігерлілік пен үміттің көрінісі. Оның оқиғасы – тек спорттағы жеңіс емес, өмірге деген махаббаттың да үлгісі.