05.08.2025
12:14
2934
Көз арқылы денсаулықтағы ақауларды қалай анықтауға болады?

Көз арқылы денсаулықтағы ақауларды қалай анықтауға болады?

Көз – тек көру мүшесі емес, бүкіл ағзаның жай-күйін көрсететін ерекше индикатор. Тәжірибелі офтальмолог көздің тор қабығында, склерасында (ақ қабықта) немесе қабақтардағы болмашы өзгерістерден-ақ басқа жүйелердегі ауытқулардың белгілерін байқай алады. Бұл ауруларды ерте кезеңде анықтап, дер кезінде ем бастауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы ресейлік көз дәрігері Антон Казанцев айтып өтті.

Көздің қызаруы — жай шаршау емес

Мамандардың айтуынша, көп жағдайда көздің қызаруы шаршау немесе аллергиядан деп қабылданғанымен, бұл гипертонияның (жоғары қан қысымының) белгісі болуы мүмкін. Егер көз жиі, себепсіз қызарып, оған бас ауруы, көз алдына «шыбын-шіркейлер» елестеуі немесе бас айналу қосылса — бұл тамырлардағы қысымның артуына байланысты болуы ықтимал.

Гипертония кезінде көздің майда қантамырлары жарылып, тұрақты қызару пайда болады. Сондай-ақ қант диабеті де көздегі тамырларға әсер етіп, диабеттік ретинопатияны тудыруы мүмкін. Ал көздің кенеттен қатты қызарып, ауырсыну және көру қабілетінің нашарлауымен қатар жүруі — жедел глаукома белгісі. Мұндай жағдайда дереу офтальмологқа қаралу қажет.

Көздің құрғауы — жай ғана экран алдында отыру салдары емес

Компьютер мен смартфонға үңіліп ұзақ отыратын адамдарда жиі кездесетін көздің құрғауы кейде аутоиммунды аурулардың белгісі болуы мүмкін. Мысалы, Шегрен синдромы немесе ревматоидты артрит кезінде ағза сілекей және жас бездеріне шабуыл жасап, көздің тұрақты құрғақтығын туындатады.

Сол сияқты, қалқанша безі аурулары — гипотиреоз немесе гипертиреоз — да жас бездерінің қызметін бұзып, көздің құрғауына себеп болуы мүмкін.

Склераның сарғаюы — бауыр ауруының белгісі

Көздің ақ қабығының (склераның) сарғыш түске енуі — гепатит, цирроз секілді бауыр ауруларының айқын белгісі. Мұндай жағдайда қандағы билирубин деңгейі жоғарылап, көзге тән сарғыш рең береді. Әдетте бұл сарғаю тері түсінің өзгеруімен қатар жүреді.

Көз шарасының алға шығып кетуі — қалқанша без патологиясы

Көз алмасының алға шығып тұруы (экзофтальм), әсіресе бұл жағдай кенеттен пайда болса, Грейвс ауруының белгісі болуы мүмкін. Бұл — қалқанша без гормондарының шамадан тыс бөлінуімен жүретін аутоиммунды бұзылыс. Мұндай науқастарда сонымен қатар жүрек қағысының жиілеуі, тершеңдік, мазасыздық секілді белгілер де байқалады.

Диплопия — көру қабілетінің қосарланып кетуі

Диплопия — яғни көздің қос көруі — кейде жай ғана шаршаудан туындаса, кей жағдайда бұл инсульт, ми қан айналымының бұзылыстары немесе склероз секілді ауыр неврологиялық аурулардың белгісі болуы да ықтимал. Мұндай жағдайда мәселе көз бұлшықеттерінің қозғалысын басқаратын жүйкелердің зақымдануынан туындайды.

Кенеттен көрмей қалу — жедел жәрдемге себеп

Көздің көру қабілетінің кенеттен, тіпті қысқа уақытқа жоғалуының өзі — шұғыл дәрігерге қаралуға себеп. Бұл жағдай инсульт, тор қабық артериясының бітелуі немесе тор қабықтың ажырауы сияқты ауыр диагноздардың белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда көзді аман алып қалу үшін дер кезінде медициналық көмек қажет.