Қоянның батырлығын баяндаған жазушы

29 Тамыз 2019, 15:33 5491

Балалар жазушысы Мейіржан Жылқыбаймен сұхбат

Балалар әдебиетіне қалам тербеу көптің қолынан келе бермейтін іс. Өйткені бұл үшін  бала тілінде ойлау мен сөйлей де білу керек. Ең бастысы ұсынар дүниеңіз нақты, қысқа әрі тәрбиелік мәнге ие болуы қажет. Осындай қиын да жауапкершілігі жоғары міндетті арқалай отырып,  балалар әдебиетіне өзінің үлесін қосып жатқандар аз емес. Солардың бірі қорқақ қоянға батырлық сыйлаған жас жазушы –Мейіржан Жылқыбай. Оған қоса жазған әңгімелерінде үй жануарларының мінез-құлқын сипаттап, олардың сезімталдық және байқағыштық қасиеттерін кішкентай оқырмандарына қысқа әрі қызықты сюжеттер арқылы жан-жақты бейнелейді. Расымен де, осындай стильде бүлдіршіндерге арнап жазылған шығармалар жоқтың-қасы. Бала зейінін жаулап алар шығармаларының барлығы шағын, жинақы әрі тілі шұрайлы жас жазушымен  әңгімелескен едік.  

Қазіргі кезде балалар тақырыбына қалам тербейтіндер саны саусақпен санарлық. Жазушылардың көпшілігі балалар тақырыбына бата алмайды. Өйткені кішкентай бүлдіршіндерге түсінікті қылып жазу үшін алдымен олардың  табиғатын түсіну қажет. Бұған қоса, балалық шақты қызықты өткізбесе не болмаса  ата-ана атанып, бала тәрбиелемесе кішкентай оқырмандар тақырыбында жазу қиын екенін көпшілігі мойындайды. Тіпті сәби боп мәз бола білмеген жазушыдан жақсы дүние шығуы екіталай. Осы орайда балаша ойлап, олардың сұранысына ие болып жүрген жас жазушылардың бірі ретінде  Мейіржан Жылқыбайды ерекше атап өтуге болады. Мектеп жасынан балаларға арнап қызықты дүниелер жазып келе жатқан  одан алғашқы туындысының тарихын сұраған едік. 

– Жетінші сыныпта оқып жүргенде мені көлік қағып кетіп,  бірнеше ай ауруханада жатып, ем қабылдауыма тура келді. Онда жатқанда іш пыстырмау үшін әке-шешем әкелген балалар әдебиетінің кітаптарын бірінен соң бірін оқуға кірістім. Содан көп кітаптардың ішінен бір күні қолыма Алан Александр Милнның «Винни Пух» ертегісі түсті. Ішін  парақтап шықсам, шығарманың керемет сюжеті жоқ екенін байқадым. Бірақ та  ең бастысы  шығарманың кейіпкерлері оқырмандарды өзіне тартатын бір сиқыры барына көзім жетті. Өйткені мұндағы кейіпкерлердің әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын өзіндік мінез-құлқы мен жұрттың жүрегін елжіретіп жіберетін сүйкімі бар десем болады. Кітапты тауысқан соң осыған ұқсас балаларға арналған әңгіме жазып көргім келді, - деп еске алды Мейіржан Жылқыбай.

Сөйтіп, балалар әдебиетімен танысып, тіпті сол тақырыпта қалам тербеуге қызығушылығы оянған жас жазушы «Тауға саяхат» атты әңгімесін жазған. Оның алғашқы оқырманы болған анасы бұл әңгімені өзінің құрбылары мен мектептегі әріптес-мұғалімдерге оқып беріпті. Тіпті күндердің бір күні анасы жұмыстан үйіне қайтып, кешкілік теледидардан жазушы Дулат Исабековтің бағдарламалардың бірінде «Қазіргі бүлдіршіндерге арнап жазылып жатқан дүниелер жоқтың-қасы» деп пікір айтылып жатқанын көреді. Содан іле-шала жазушының нөмірін тауып, хабарласып,  сол кісімен бетпе-бет жүздесіп, баласының жазған тырнақалды еңбегін оқып беріпті. Шығармасын басынан-аяғына дейін ұйып тыңдаған жазушы оқушы Мейіржанның еңбегіне дән риза болған. Сөйтіп, 2008 жылы Дулат Исабековтің алғысөзімен бұл әңгіме алғаш рет жасөспірімдерге арналған «Ақ желкен» журналына жарияланыпты.  

Осылайша жазушы атасының оң бағасын алған Мейіржан 2011 жылы «Қырық бірінші өтіріктің соңы» еңбегі үшін халықаралық «Дарабоз» әдеби конкурсында ынталандыру сыйлығын алса, 2015 жылы «Саяқ» әңгімесі үшін жүлделі II орынды иеленіпті. Ал 2017 жылы оның «Батыр қоян» ертегісі Оңтүстік Кореядағы Азия мәдениет орталығының қолдауымен басылып шығып,  тұсаукесерін Кванджу қаласында өткізіпті.

Осы уақытқа дейін жарыққа шыққан ертегілердің көбісінде қоян сужүрек болып сипатталатыны белгілі. Алайда балалар жазушысы өз ертегісінде оны батыр жануарға айналдырған. Оның айтуынша, бойына сенімділік пен батырлық  дарыған басты кейіпкер қоян өзінің күшіне сенсе, кез-келген мақсатқа жете алатындығын көрсетуін мақсат етіпті.

Бір мезетте қазақ, орыс, корей тілдерінде жарыққа шыққан кітаптың суретшісі корейлік Нам Соң Хун болған. Кітап авторының айтуынша, суретші ертегі кейіпкерлерін бейнелеу мақсатында жануарлар бағына барып, түлкі, қоян, тиіндарды өз көзімен көрген екен. Бұған себеп ретінде  «әр халықтың басқаларға ұқсамайтын ерекшелігі болуында» екенін алға тартады автор. Тіпті корейліктер иллюстрациядағы суреттерді қанық емес түстермен бояу қағидасын ұстанады. Себебі корейліктердің түсінігінше, қанық түстер балаларды эпилепсия ауруына душар еткізеді. Сол себепті олар суреттерді бояуға қанық емес түстерді қолданады. Тіпті баспадан шығарылатын әр кітаптын суреттері мен безендірілуіне аса қатты мән береді. Олардың түсінігінше, кішкентай бүлдіршіндер кітап бетін ашқанда бірден суреттерінен мазмұнын біліп отыруы қажет. Осылайша Мейіржан шетелдік кітап шығарушы мамандардың тәжірибесі негізінде  өзінің оқушы кезінде бастаған әңгіме-хикаяттарын рет-ретімен топтастырып, еліміздегі отандық баспалардың бірінен  «Тауға саяхат» атты өзінің екінші кітабын жарыққа шығарған болатын.

– Елімізде басылып шыққан алғашқы кітабыма кез келген жастағы балаларға арналған әңгіме-хикаяттар топтастырылған. Мұнда оқырмандар жан-жануарлардың тауға саяхат жолында бастан кешкен қызықты сәттерімен танысады. Осындай тау басында болатын шытырман оқиғалар кез-келген баланы ертегілер әлеміне бірден елітіп әкетеді емес пе? Ал кітабымның ішіндегі түрлі иллюстрацияларды  мазмұнына қарай суретші Айсұлу Алмасбаева жасаған болатын. Қазіргі кезде «Бүгінгі балалар қолына кітап алмайды» деп айта бергеннен гөрі, керісінше оларға қызық шығармаларды ұсынуды қолға алған дұрыс болады деп есептеймін, - дейді жас жазушы.

Жақында елімізде  жас жазушы көпшілікке  «Батыр қоян» мен «Тауға саяхат» атты қос кітабының таныстырылымын өткізді. Таныстырылым барысында Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласындағы Азия мәдениетін зерттеу институының жанынан құрылған театр да балаларға өз базарлығын арқалай келіпті. Бұл театрдың әртістері Кеңес Дүйсеннің «Жыл қалай басталады?» атты ертегісінің желісімен қуыршақтарға жан бітіріп, сол қойылымды сахналаған болатын. Бір айта кетерлігі  мұны қызыға тамашалаған балақайлар кәріс тілін білмесе де, көріністерден ертегінің мазмұнын ұғып, мәз-мейрам боп отырыпты.

– Алматыдағы Қазақ Ұлттық кітапханасында өткен залдың іші көрерменге лық толы болды. Біз басында жан-жаққа жарнама таратқанымен, осыншама көп көрермен жиналады деп ойламаған едік. Ал арнайы шақырылған  еліміздегі Оңтүстік Корея Республикасы елшілігінің Алматыдағы бас консулы И Чин Хо мен Азия Мәдениеті орталығының халықаралық қатынастар бойынша сарапшысы Чжон Бонсу мырза кешіміздің қонағы болды. Қос кітабымның қызыл лентасын жазушылар Дулат Исабеков  пен Кеңес Дүйсен атамыз және Корея елінен келген делегация өкілі қиған болатын, - дейді Мейіржан Жылқыбай.

Ал бұдан кейін жиналған қауым «Батыр қоян» ертегісінің желісі бойынша салынған суреттерден мультфильм тамашалады. Осылайша бүлдіршіндер «Батыр қоян» кітабын оқымаса да, небәрі бір сағаттың ішінде оның мазмұнымен толықтай танысып шығуға мүмкіндік алды.

Осылайша кітап шығарудан тәжірибесі бар ертегіші Мейіржан қазіргі нарық заманында әсіресе балаларға арнап кітаптар шығару өте қиын екенін алға тартады. Өйткені бүгінгі жеткіншектер өте талғампаз келетіндіктен, оларды кез-келген шығармамен қызықтыру мүмкін емес. Сондықтан жас оқырмандарға жол тартатын кітаптың суреттері сапалы әрі көп болуы керек. Алайда  сұранысқа сай етіліп шығарылған кітаптың құны автордың еңбегін ақтамай да  жатады.  Өйткені  сапалы әрі заман талабына сай безендірілген дүниелер сатылымға шыққанда оның бағасы дүкендердегі кейбір ойыншықтардан да қымбат болып кететіні рас... Ал мұндай кітаптарды кез-келген адамның қалтасы көтере бермейтіні тағы бар.

Жас жазушы қазір елімізде балалар әдебиетін дамытумен айналысу үлкен қаржыны қажет ететінін айтады. «Егер Кореяда басылып шыққан «Батыр қоян» кітабын Қазақстанда шығарсақ, онда қымбатқа  түсер еді» дейді ол. Ал мұндай сапамен шыққан ертегілерді  кез-келген ата-ана сатып ала бермейтінін де естен шығармау қажет.

– Бұған қоса, қазіргі кезде балалар әдебиетін «мемуарға» яғни «сүйкімсіз затқа» айналдырып алғанымыз қынжылтады. Кей кітаптардың мәтіні немесе суреттері бүлдіршіндерді аса қатты қызықтыра алмайды. Мысалы, кейбір кітаптарда баланың жас ерекшелігін ескермей кез келген қоянның суретін салып қойса, енді  кей авторлар балаларға өзінің басынан кешкен оқиғалары туралы баяндайтынын кездестіріп қаламыз. Ал бұлар бүлдіршіндерге  мүлдем қызықты емес. Оларға эмоция көбірек қажет, - дейді Мейіржан Жылқыбай.

Иә, расымен де арзан дүниемен қазіргі балаларды алдай алмайтынымыз ақиқат. Сондықтан бүгінгі нарық заманында әрі  бүлдіршіндердің кішкентай кезінен түрлі смартфондар мен гаджеттерге телміретін кезінде балалар әдебиетіне түрлі жанрларды қосу артық етпейді. Ал жас жазушы «фантастиканы міндетті түрде қосқан дұрыс» деп есептейді. Осылай деген Мейіржан бұл жанрда өзі бірнеше рет балаларға арналған шығармалар жазып көруге тырысқанымен, өкінішке қарай нәтижесіз болыпты.  Өйткені ол  бұл жанр оқырманға қаншалықты қызықты болса, соншалықты қиын екенін жасырмайды.

– Менің ойымша, егер фантастика болмаса, ғылым да болмайды. Және адамдар ештеңеге ұмтылмаушы еді. Сондықтан фантастикада оптимизм мен пессимизм ерекше рөл атқарады. Яғни біріншісі аспанда ұшамын деп тікұшақты, ал екіншісі одан құлаймын деп парашютты ойлап тапқан болатын. Сол себепті мен фантастика адамдарды алға жетелейтін күш деп есептеймін, - дейді Мейіржан Жылқыбай.

Бір айта кетерлігі Мейіржанның   негізгі мамандығы компьютерлерді ашып, қайта жинау. Бүгінде жасы 25-ке тақаған ол Алматы технология университетінің инжиниринг және ақпарат технологиялары факультетінің түлегі. IT саласының маманы бұған да кішкентай кезінен жақын болған. Алайда мектеп бітірген соң, мамандық таңдауда көп ойланғанын айтады.

– Себебі бұл – өмір бойы жейтін наның болып табылады. Содан әдебиет әлеміндегі атам Дулат Исабековпен ақылдасуға барғанда маған айтқан сөзі әлі күнге дейін жадымда жақсы сақталды. «Балам, сен көше сыпырсаң да, еден жуып, жер қазсаң да, жазу-сызуға деген қарім-қабілет болса,  жазушы болып мәңгі қала бересің» деп өз ақылын айтқан болатын. Әрі миллиондаған оқырмандардың жүрегіне жол таба білетін мықты жазушы болу үшін диплом қажет емес. Сондықтан мен бағытымды IT саласына бұрдым. Бір айта кетерлігі, мен шығармашылық ортада жүрсем де, әдебиетпен ауырмаймын. Менің ойымша, бұл ортаны мен емес, керісінше ол мені таңдады. Және жыл сайын елімізде өтетін көптеген әдеби конкурстарға қатысып тұрамын, - дейді ертегіші.

Бірақ та жас жазушы шығармаларын белгілі бір уақытта жазып бітіре алмайтындығын айтты. Ол   жылдам жазуға да тырыспайды. Шығармаға көп уақыт кетсе де , бастысы кішкентай оқырмандарына сапалы әрі тәрбиелік мәні зор әңгіме ұсынуды қалайды.

Осы қағидаттарды ұстанатын Мейіржанның басты арманы – қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін жинау. Тіпті осы арманына жету үшін алғашқы қадамды да бастап кеткен. Оған дәлел ретінде оның «Ертегілер елінде» деп аталатын шығармасын айтуға болады. Онда "Ер Төстік" ертегісіндегі перінің Бекторы  есімді қызы біздің қазіргі өмір сүріп жатқан әлемімізге келіп, компьютерлер мен ноутбуктар сынды барлық техникаларды ұрлап кетіп, сондағы ойындарға ертегілердегі батырларды тәуелді етіп қояды.

– Енді батырлық танытатын ешкім жоқ. Осылайша мен кешегі мен бүгінгі заманды байланыстырып, бүлдіршіндердің әдеби талғамына сай етіп шығармалар ұсынуды қаладым. Қазіргі кезде байқасаңыз, ерлік жасайтындар жоқтың қасы. Олардың бәрі тек әлеуметтік желі дейтін виртуальды әлемде ғана «Батыр» бола алады. Сондықтан осы мәселені баса назарға ала отырып, мен балаларға тәрбиелік мәні терең шығармалар жазғым келді, - дейді Мейіржан Жылқыбай.

Оның шығармашылығымен танысқан әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай «қазіргілердің ешқайсысында жоқ ерекше түйсік бар екен. Оның ең үлкен «плюсі» - жүрегі әлі баланыкіндей» деп баға берген болатын. Алдынғы толқыннан осындай пікір алған Мейіржанның жазған дүниелері расыменде қазақ балалар әдебиетінің баға жетпес олжасы деуге тұрарлық. Келешекте де осы жолдан таймай қазақ балалар әдебиетін биікке шығарып, зор үлес қосады деп сенеміз.  

(Суреттер Мейіржан Жылқыбайдың жеке мұрағатынан алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: