Костенко шахтасындағы апат: сот үкімі шықты

Костенко шахтасындағы апат: сот үкімі шықты

Қарағандыда Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Айыпталушылар орындығында шахта басшылары мен инженерлік-техникалық қызмет өкілдері бар он адам отырды. Олардың тоғызы қамауда, біреуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. 

Күдіктілерге қылмыстық кодекстің «екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша айып тағылған.

Сот олардың кінәсін дәлелдеп, мынадай жаза тағайындады:

шахта директоры Сергей Мустивко – 8 жыл бас бостандығынан айыру;

шахтаның өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Вадим Ерёмин – 7 жыл;

бас инженер Николай Грознов – 7 жыл;

№6 учаске бастығы Виктор Коптенков – 7 жыл;

техникалық қызметтің қазба жұмыстары жөніндегі бас инженерінің орынбасары Владимир Гонноченко – 6 жыл 6 ай;

еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас инженердің орынбасары Дмитрий Федоренко – 6 жыл;

бас механик Дмитрий Коцар – 6 жыл;

шаң мен жарылысқа қарсы қорғау жөніндегі учаске бастығының көмекшісі Виталий Пестряк – 6 жыл;

конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Төлеген Ғабдушев – 5 жыл;

желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы Владимир Шишканов – 5 жыл.

Бұл істі Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан ауданының №2 сотының судьясы Бахтияр Ақанов қарады. Іс материалдары 108 томнан тұрады. Жәбірленуші тарап болып 74 адам танылды.