«Косметиканы қалай шығаратынын үйрендік». Оңтүстік Кореяда оқитын студент құпиясымен бөлісті

12 Шілде, 10:00 753

Соңғы жылдары шет елдерге барып білім алатын қазақстандықтардың қатары артты. Бұл жастардың білімін жетілдіріп, тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бүгінде Оңтүстік Кореяда магистратурада оқып жатқандардың бірі – Ақниет Сембек. Ол үшінші курста оқып жүріп, шетелге оқуға түскісі келетіндерге онлайн кеңес беріп, көмектеседі. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Оңтүстік Кореяда оқып жатқан жерлесімізбен сұхбаттасып, шет елде білім тиімді және кемшін тұстарын сұрады.

Ақниет – 25  жаста. 2018 жылдан бері Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында тұрады. Бүгінде Оңтүстік Кореядағы ең үздік оқу орындарының бірі Тэджон университетінде Денсаулық және сұлулық басқармасы мамандығы бойынша білім алып жатыр.  

Түркістан қаласының тумасымын. Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің түлегімін. Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне «химия» мамандығына грантқа түсіп, 2-курста гранттан отказ жасадым. Себебі ойымдағы дүниелер іс жүзінде басқаша болды. Сол үшін 2 жыл өтіп кетсе де гранттан бастартып, басқа оқуға түсем деп шештім, - дейді ол.

Ақниет 2019 жылы Global Korea Scholarship бағдарламасының білім грантына тапсырып, 2020 жылы оқуын бастады. Бүгінде үшінші курс студенті.

Сурет: instagram/akniyet_korea

Мен оқуға түсер уақытта Қазақстанда денсаулық сақтау және сұлулық саласындағы профилактика дами қоймаған еді. Яғни косметолог болу үшін міндетті түрде 5 жыл медицина оқып, сосын 3 жыл дерматология оқып, сосын барып косметолог болу қажет болды. Бізде кейбір адамдар 1 жылдық әртүрлі курстар өтіп, салон ашып косметологпын деп өзін атап жүретін. Ал менің таңдаған университетімде 4 жыл бойы сұлулық-денсаулық саласындағы мамандарды дайындап шығарады. Біз бірінші курста анатомия, адамның ішкі құрылысы, түрлі аурулар және оларды емдеу жолдарын, дұрыс тамақтану сияқты сабақтарды алсақ, бүгінде косметиканың құрамы, зауытта қалай шығарылатыны, қай косметиканың ішіне қандай зат кіреді, қалай өз атыңмен косметика шығаруға болатын жолдарын оқып жатырмыз, - дейді кейіпкеріміз.

Кейіпкеріміз өз мамандығының ерекшелігіне де тоқтала кетті. Сөзінше, дәрігерлер ауруды емдесе, Ақниет ол жағдайда ауырмайтын жол іздейді. Яғни түрлі массаж, спорт, дұрыс тамақтану арқылы адамдарға ұзақ өмір сүруіне өз үлесін қосады.

Айтуынша, Global Korea Scholarship бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттерге Оңтүстік Корея Білім министрлігі: ұшақ билетін алып береді. Оқу 100 % тегін. Кореядағы стипендиялардың ішіндегі ең көп берілетін ақы осы білім бағдарламасында қарастырылған. Тіл білмеген жағдайда 1 жыл тегін кәріс тілі курсын оқытады. Медициналық сақтандыру төленеді, ол шығынның 80 пайызын қамтиды. Білім алуға қажетті оқу құралдарын, кітаптарды сатып алуға қосымша ақша беріледі. Шетелден келген студенттер үшін жатақханадан орын табылады.

Сурет: instagram/akniyet_korea

Әлеуметтік желіде осы грант жайлы айтып бастағанда көбісінің Оңтүстік Кореяға оқуға түсуге қызығушылығы пайда болып, сұрақтар қоя бастады. Сондықтан пайдалы кеңес ретінде YouTube каналыма барлығын түсіріп сала бастадым. Адамдарға документтерді дайындау барысында көмектесіп, эссені дұрыс жазу жолын көрсетіп, сұхбаттасуға дайындап, оқуға түсудің өз нюанстарын айттым. Осында 6 жылдан бері тұрып жатқандықтан кәрістерге қандай студент керегін, грантқа қандай студенттердің түсуге мүмкіндігі көп екенін түсіндім десем де болады, - дейді ол.

Ақниеттің көмегі мен қолдауының арқасында бүгінде 2 қазақстандық Global Korea Scholarship грантымен магистратураға түсті.

Кейіпкеріміз жыл сайын Оңтүстік Кореяда білім алуға ұмтылатын қазақстандықтардың көп екенін айта кетті.

Мен оқып жатқан университетте екі қазақстандық студент білім алуда. Мұнда оқу бағдарламасы 100 % кәріс тілінде өтеді. Ал ағылшын тілінде білім беретін оқу орындарында қазақстандықтар көп деп айтуға болады. Мысалы,  мен тұрып жатқан Тэджон қаласындағы KAIST университетінде 70-ке жуық қазақ оқып жатыр. Одан басқа да университеттерден қазақтарды жиі кездестіруге болады, - дейді кейіпкеріміз.

Ақниет оқуын бітірген соң тәжірибе жинап, Қазақстанға келіп клиника ашуды жоспарлап отыр.

Сурет: instagram/akniyet_korea

Осы тұста кейіпкеріміз Оңтүстік Кореяда білім алудың тиімді жолдарына тоқтала кетті:

  1. Корея салыстырмалы түрде қауіпсіз ел. Метро, көшелерді арнайы әйелдер ғана қолдана алатын бөліктері бар. Барлық жерде CCTV камералары орналасқан, сондықтан қылмыс салыстырмалы түрде аз. Кореяда қоғамдық орында затыңызды ұмытып кетсеңіз, өздері хабарласып тауып береді.
  2. Кореяда өмір сүру өте ыңғайлы. Елдің аумағы кіші болғандықтан басқа қалаға саяхаттап баруға әрі кетсе 3 сағат уақытыңыз кетеді. Оның үстіне бүгін тапсырыс берген тауарыңызды, ертесіне есік алдына қойып кетеді.
  3. Барлығы тәртіпке қатаң бағынады. Автобусқа немесе кафеге кезекке тұрса, бір-бірін итермей, бір қатарға тұра қалады. Кез-келген жағдайда жақсы жағыңызды айтып қалуға тырысады.
  4. Медицинасы жақсы.

Бүгінде Ақниет 3 баланың анасы. Ол Кореяның білім саласымен ғана емес, медицинасымен де жақсы танысып үлгерген. Әйелдерге жасалатын күтім мен дәрі-дәрмектеріне де ерекше тәнті болғанын жасырмады.

Сурет: instagram/akniyet_korea

Дегенмен бізге шет елде білім алу жеңіл, қызықты, мінсіз көрінгенімен оның өзіндік қиындықтары да бар.

Оңтүстік Кореяда бәсекелестік өте жоғары. 50 жыл бұрын Африкадан да кедей болған ел, қазір ең дамыған мемлекеттердің қатарында. Әрине оған ғылым мен еңбектің арқасында жеткені белгілі. Сондықтан халық еңбекқор.  Мысалы, менің группаластарым кітапханада қонып, бір сабаққа дайындалу үшін 7-8 сағат жұмсайды. Емтиханға дайындалғанда 100-ден 100 балл алуға тырысады. Ал менің кішкентай бөпелерім болғандықтан оқуға көп көңіл бөле алмаймын. Студенттер арасында бағаға таласты жиі байғауға болады. Себебі бір группада 20 адам болса, оның 4-іне 5, 6-ына – 4 және қалғандарына 3 қояды. Егер бағаларым нашар болса, онда тиісінше шәкіртақыдан айырыламын. Сондықтан студенттер баға үшін талпынып, стрессте жүреді. Кәрістермен жарысып оқимын деп, ұйқысыз өткен күндерім көп болды, - дейді Ақниет.  

Ол сапалы білім аламын деушілерге тіл үйренуден бастау керек деп кеңес береді. 

Сурет: instagram/akniyet_korea

Мен өте қарапайым отбасыдан шықтым. Анам маған егер өз күшіңмен грантқа түспесең жоғары білім алмайсың дейтін, себебі ақылы оқытуға шамалары келмейтін еді. Солай талпынып жүріп, Назарбаев зияткерлік мектебіне түскен едім. Мектептің берген әрбір мүмкіндігін толық пайдаланып, білім арқылы өмірім толық өзгерді. Өте сауатты, талапшыл мұғалімдерден білім алдым. Тіпті қазір кәрісше еркін сөйлегенімнен кәрістердің өздері мені кәріс деп қалатын. Бірнеше тілде еркін сөйлеуім, оқуда озат болуым бәрі мектептің берген білімі мен ұстаздарымның арқасы деп есептеймін. Анам әрқашан білім алуға баулып өсірді және оқимын деген адам кез-келген жерде оқиды деп айтушы еді. Сондықтан айтпағым, Қазақстанда да білім алуға мүмкіндік жетеді. Тек ол үшін көп еңбек етіп, талпыну қажет, - дейді Ақниет.

Миражан Махан
Бөлісу: