Көшпенділер ойынында 140 шақырымдық бәйге өтсе керемет болар еді – Бәделхан Камалханұлы

29 Тамыз, 17:17 948

Санаулы күндерден кейін Астана әлемдегі ең ірі кешенді спорттық және мәдени іс-шараның орталығына айналады. 8-13 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Форматы мен мазмұны бойынша теңдесі жоқ бәйге-жарыстың эстафетасын өз жерінде қабылдау – еліміз үшін үлкен мәртебе. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында атбегі, меценат, 140 шақырымдық марафонның авторы Бәделхан Камалханмен тілдесіп қайтты.

Бәделхан Камалханұлы жастайынан мал шаруашылығын жақсы көріп, осы салаға қызығушылық танытқанын айтады. Осылайша, 1977 жылы Семейдегі зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, 1982 жылы қолына дипломын алып шығады.

Жұбайы Гүлмира Тоқанқызымен 5 бала өсіріп, бүгінде 10 немере сүйіп отыр.

Бәделхан Камалханұлы еңбек жолын комсомол ұйымынан бастап, ауыл, аудан, облыс көлемінде қызметтер атқарады. Кейіннен ішкі істер органдарына қызметке келіп, төрт облыста Ішкі істер департаментінің бірінші орынбасары болып тағайындалады. Қазақстан Республикасындағы Интерпол ұлттық орталығын басқарып, сон соң қаржы полициясында қызмет етеді. Экономика саласында да жұмыс өтілі бар. «Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің кеңесшісі болып, сол қызметтен зейнетке шықтым» дейді өзі.

Бүгінде өзімнің сүйікті жұмысыммен шұғылданамын. Жылқы шаруашылығымен айналысамын. Ырғызбай Досқанұлы атындағы әлемдік Гран-при турнирінің аясында қазақтың Қазанаттарын дамыту мақсатында 140 шақырымдық аламан бәйгені ұйымдастыруға атсалыстым, - дейді ол.

140 шақырымдық марафон үш жыл қатарынан өткізілді. Бірінші жылы Талдықорғанның «Қыз жерені» 7 сағат 15 минутта марафонды аяқтаса, екінші жылы Қатонқарағайдың «Аю торысы» 6 сағат 30 минутта межені бағындырды. Үшінші жылы Талдықорғанның «Торы қасқасы» 6 сағат 15 минутта шауып өтіп, әлемдік рекордты жаңартты.

Аталған бәйге дүниежүзілік ұйым атынан сертификат алған. Қазақтың ұлттық құндылығы болып табылады. Алла қаласа, ендігі жылы Гиннесстің рекордтар кітабына тіркеледі, - деп түсіндірді марафон авторы.

140 шақырымдық ұлы аламан бәйгесін өткізудің басты мақсаты – қазақтың қазанаттары мен оны мінетін азаматтарды анықтау. Қазақтың қазанаттары әлемде жоқ бәйгеге шауып, адам сенгісіз нәтиже көрсетті. Бір де бір елде, бір де бір жерде әлемдегі ешбір ат мұндай бәйгеде шауып көрмеген. Ол дәлелденді.  

Марафон 2018, 2019, 2023 жылдары өткізілді. Аламан жарыс нәтижесінде қазақтың қазанаттары 140 шақырымдық бәйгені еш қиындықсыз бағындыра алатыны дәлелденді.

Бүгіннің басты проблемасы  - ұзақ қашықтықтағы қазақтың қазанаттарын дайындауда мемлекеттік көзқарастың болмауы, - деп нақтылады атбегі.  

Қазақтың қазанаттары 140 шақырымды бағындырғанын әлемнің 173 мемлекеті мойындап отыр. Бұл – аналогы жоқ, әлемдегі жалғыз турнир. Жалғыз жарыс. Болашақта гиннесстер рекордымен аталып өтетіні айқын. Мұны қазақтың ұлттық құндылығы деп есептесек болады.  

Мемлекет тарапынан қолдау тауып,  ұлттық құндылық мәртебесіне ие болып, ынталандырылса, біз үшін одан асқан бақыт жоқ. Бүгінде энтуазиаст ретінде айналысып жүрміз, - дейді ол.

Бәделхан Камалханұлының айтуынша, бәйгенің барлығы пайда табу көзіне айналып барады. Ұлттық құндылық емес, пайда табу көзі ретінде қарастыратындар қатары көбеюде. «Бұл жақсылыққа апармайды», - деп ашынды меценат.  

Көшпенділер ойындарында 140 шақырымдық қазақтың сертификатталған бәйгесін өткізсе игі еді. Бұл - әлем мойындаған бәйге. 36 мемлекет өздерінің телеарналарында көрсеткенін ескерген жөн. Қалауым – осы, - деп нақтылады ол.

Сертификатталған, әлем халықтары мойындаған бәйге алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күнтізбесіне енгізілсе нұр үстіне нұр.

Айта кету керек, биыл өтетін көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Ауқымды іс-шараға Қазақстанның әр түкпірінен 100 мыңнан астам турист келуі тиіс. Садақ ату, ат спорты, саятшылық өнер, жамбы ату, арқан тарту тәрізді ойынның 20 түрінен жарыс, сондай-ақ ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтеді. Қазанат ипподромында мәдени-бағдарламалық жоба – 10 гектар аумағында этноауыл салу жоспарланып отыр. Еліміздің әр аумағында үш киіз үйден салынып, олардың әрқайсысы өз тарихын, мәдениетін, кәсібін насихаттайды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу идеясы – көпғасырлық көшпенді халықтардың мәдениеті мен тарихын, өмір сүру образын заманауи салт-дәстүрлер мен қағидалармен ұштастыру.

Сондай-ақ көшпенділер ойындарын өткізудің басты себептерінің бірі – елімізге жұртшылықтың назарын аударып, болашақта туризмнің дамуына серпін беру.

Спорттық бағдарлама жарыстарды спорттың 21 түрінен қамтиды. Оның ішінде:

* Асық ату - қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асықты далада, алаңда ойнайды.

* Ордо - ұлттық ойын. Ойын тек айлы түні ойналады. Кең алаңда, шөбі шүйгін көгалды, шилі жерде өткізіледі. Оған ірі малдардың жілік сүйегі керек.

* Арқан тартыс – бір-біріне қарама-қарсы тұрған қарсыластардың арқанды екі ержаққа тартуы. Мақсат – арқанды өз жағыңа тартып алу.

* Бәйге – шабандоздың кәсібилігі мен төзімділігін талап ететін алыс қашықтыққа дәстүрлі қазақи ат жарысы.

* Көкпар – ат үстіндегі командалық ойын. Мақсаты - орталық шеңберде жатқан көкпарды өз командасының «отауына» жеткізу.

* Аударыспақ – ат үстіндегі қазақ күресі. Екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады.

* Теңге ілу – шабандоз атпен шауып келе жатып жерде жатқан теңгені қолмен іліп кетуі.

* Қазақ күресі - ойыншылары қарсыластарын тепе-теңдікті сақтай отырып, жауырынын жерге тигізу.

* Ашыртмалы аба гүреши – спортшылары бір-бірін белінен ұстап, жерге жатқызатын түркиялық дәстүрлі күрес түрі.

* Кореш (белбеу татар күресі) - Ойыншылары бір-бірін белбеуден ұстап, лақтыратын дәстүрлі татар күресі.

* Көкбору - көкпардың аналогы.

* Алыш – қырғыздың дәстүрлі күресі. Мақсаты – белбеуін жібермей, қарсыласын жауырынына жығу.

* Мас-рестлинг - Ресейдің солтүстік халықтарының ұлттық спорт түрі. Қатысушылар бір-біріне қарама-қарсы отырып, ортадағы таяқты өз жағына тартуы.

* Powerful nomad (алыптар сайысы) – ауыр заттарды көтеру, лақтыру сияқты күш сынасуға бағытталған әртүрлі жарыстардан тұратын сайыс.

* Тоғызқұмалақ (тоғызқорғұл) - қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ойды дамытуға арналған ойын.

* Мангала – Орталық Азияда кеңінен таралған үстел ойындарының тобына арналған ортақ атау. Ойын тастарды шұңқырларға орналастыруға негізделеді.  

* Овари – Мангала сияқты ойын түрі.

* Жамбы ату - Ат үстіндегі дәстүрлі садақ ату.

* Дәстүрлі садақ ату - жарыстар ерлер арасында және әйелдер арасында өткізіледі.

* Құсбегілік - бүркіт, қаршыға және сұңқар сияқты жыртқыш құстардың қатысуымен өтетін  ұлттық спорт түрінен жарыс.

* Құраш (өзбек күресі) - екі қарсылас тік тұрып күреседі, жекпе-жек дзюдодағыдай кілемшелерде өтетін дәстүрлі өзбек күресі.

Ойындарда 100-ге жуық медаль жиынтығы ойнатылады.

Ойындар қай жерде өткізіледі?

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары астанамыздың 6 спорт нысанында өткізіледі:

«Астана-Арена» стадионы,

«Қазанат» ипподромы,

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы,

«Алау» мұзайдыны сарайы,

Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені,

«Думан» кешені.

«Қазанат» иппоромында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстар қатысуымен ұлттық спорт түрлері өткізіледі. 

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында қала қонақтарын күрес, жекпе-жек пен ұлттық ойындары күтеді.

«Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік тартыстар ұйымдастырылады.

Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аккредитация орталығы орналасады.

Ойындардың ғылыми іс-шаралары Ұлттық музейде өтеді.

Сондай-ақ, мәдени шаралар саябақтар, театр, концерт залдары, кинотеатрлар, музей мен көрме павильондары сияқты Астананың әртүрлі алаңдарында ұйымдастырылады.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: