Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты қалай өтеді

6 Қыркүйек, 09:20 645

8-13 қыркүйек аралығында Астанада Орталық Азия көшпелі халықтарының дәстүрлерінен бастау алатын ұлттық спорт түрлеріне арналған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара Қазақстанның  мол мәдени және тарихи мұрасын көрсету үшін маңызды алаңға айналады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл басынан бері ойындардың ашылу салтанатына белсенді дайындық жүргізіп жатыр. Ведомство дерегінше, іс-шараға ведомстволық бағынысты ұйымдар мен облыстық шығармашылық ұжымдарды қоса алғанда, 3 000-ға жуық өнерпаз қатысады.

8 қыркүйек күні сағат 16:00-де Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты алдында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Бағдарламада музыка, би және дәстүрлі өнер арқылы қазақ мәдениетінің сан алуан байлығы көрермен назарына ұсынылады. Концерт аяқталғаннан кейін ресми ашылуы сағат 19.00-де басталады. Ашылу салтанатында заманауи сахналық технологиялар мен мультимедиялық дизайн қолданылған, 2 сағаттық ауқымды музыкалық-театрландырылған қойылым көрсетіледі, - делінген мәліметте.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты тақырыбы  «Ұлы дала дүбірі» ұраны болмақ. Қатысушылар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты 21 спорт түрінен бақ сынайды. Барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ашылу салтанаты дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталып, соңында Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халықтар достығы мен бірлігі туралы музыкалық композициямен түйінделеді. Көрермен үшін Jibek Joly телеарнасында тікелей эфир ұйымдастырылады.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенді халықтардың ұлттық спорты мен мәдени мұрасын насихаттауды мақсат етеді. Алғашқы ойындар 2014 жылы Шолпан-атада (Қырғыз Республикасы) өтті. Содан бері екі жылда бір рет ұйымдастырылып келеді. Көптеген спортшылар мен көрермендер қатысатын бұл іс-шара көшпенді мәдениеттің жаһандық маңызын көрсетеді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: