Көшпенділер ойындары: жамбы атудан ұлттық құрама ашық жаттығу өткізді

4 Қыркүйек, 18:35 506

Жамбы атудан Қазақстан ұлттық құрамасы 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін алаңда БАҚ өкілдері үшін арнайы ашық жаттығу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл шараның басты мақсаты - құрама мүшелерінің физикалық және тактикалық дайындық деңгейін көрсету, сондай-ақ БАҚ өкілдерімен тікелей байланыс орнату. Ашық жаттығу барысында ұллттық құрама өкілдері жамбы ату спортының негізгі жаттығуларын көрсетіп, өздерінің дайындығын жан-жақты таныстырды.

Жамбы атудан бас жаттықтырушы Елдос Бадашев жамбы атушылардың дайындық деңгейі жақсы екенін, қарсыластарды зерттеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Тамыз айының 23-нен бастап арнайы алаңда 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиынымызды өткізіп жатырмыз. Жаттығу барысында бізге басты қарсылас саналатын Моңғолия, Қытай, Түркия елдерінің спортшыларының әдіс-тәсілдерін толық зерттеп, арнайы жаттығулар жасап жатырмыз. Әрине, өзіміздің жамбы ату стиліміз де бар екенін ұмытпайық. Бұл жаттығу олардың дайындық деңгейін арттыруға және алдағы ойындарымызға психологиялық тұрғыдан дайын болуға үлкен септігін тигізеді. Тамыз айында еліміздің ең үздік жамбы атушыларын жинап, арнайы іріктеу өткіздік. Осылайша, 5-ші дүниежжүзілік көшпенділер ойындарында еліміздегі ең үздік төрттік бақ сынайды, - деді жамбы атудан бас жаттықтырушы Елдос Бадашев.

Іріктеу ойындарының нәтижесі бойынша 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын түркістандық Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт және Жамбыл облысының тумасы Абзал Тұлыбеков қорғайды.

Еске сала кетейік, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары ел астанасында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Жамбы ату спорты арнайы жасалған “этноауылда” өтеді деп жоспарланған.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: