«Көшпенділер ойындары бұрын-соңды мұндай дәрежеде болмаған». Шетелдік спортшылар әсерімен бөлісті

10 Қыркүйек, 11:30 694

Елімізде өтіп жатқан Көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен екі мыңға жуық спортшы келді. Елордада өтіп жатқан доданың бүгінгі үшінші күні. Қазіргі таңда «Алау» мұз айдыны кешенінде спортшылар асық ату ойындарынан сайысқа түсіп жатыр. El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі сайысқа қатысып жатқан шетелдік спортшылардың әсері мен дайындығы және Көшпенділер ойындарына қатысты пікірін сұрады.

Қазақстанға бірінші рет келдім. Бұған дейін Түркияда өткен Көшпенділер ойындарына барып, тамашаладым. Қазақстанды және ұлттық ойындарын жақсы көремін. Ұйымдастыру деңгейі – жақсы. Біз Румынияда жергілікті азаматтарға асық ату ойынын үйреттік. Түркияда өткен Көшпенділер ойындарынан кейін Румынияда «Көшпенділер ойындары» атты кітап жарық көрді. Бірақ онда асық ату ойындары туралы бөлім жоқ. Егер ол кітап биыл жарық көргенде, міндетті түрде асық атуға қатысты бөлім болатын еді, -  Румыния құрамасының басшысы Найм Бельджин.  

Қырғызстаннан келген спортшылар да Көшпенділер ойындарына қатысты пікір білдіре кетті.

Қазақстан Көшпенділер ойындарына өте жоғары деңгейде дайындалыпты. Оны кеше өз көзімізбен де көрдік. Барлық спорт түрі бойынша жоғары деңгейлі ұйымдастыру жұмыстарын байқап отырмыз. Спортшылар да жақсы нәтиже көрсетіп отыр, - деді «Ордо Оюну» бойынша Қырғызстан құрамасының басшысы Бақытбек Көбөшөнов.

Қазақстанға бірінші рет келген Грузия құрамасының капитаны Кенади Сергалдзе Көшпенділер ойындарын жоғары бағалап отыр.

Қазақстан өте қатты ұнады. Керемет әсердемін. Көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтіп жатыр. Мұндай ойын және ұйымдастыру жұмыстары бұрын-соңды болмаған. Қазақстандағы ойынды тамашалағаныма өте қуаныштымын. Грузия құрамасы асық ату бойынша сайысқа түсіп жатыр. Бұл біздің бірінші рет қатысуымыз.  Сондықтан жеңіске жетеміз, жүлделі болып қайтамыз деген үміттемін, - деді ол.

Түркиядан келген спортшылар да өз пікірімен бөлісті.

Біз Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмыз. Керемет әсердеміз. Көшпенділер ойындары өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Барлығы өте әдемі жасалған. Қонақжайлылығы керемет. Қазақстан түріктерді қатты жақсы көреді. Сондықтан түрктерді құшақ жая қарсы алды. Сонымен қатар сайыстарда өте қызу өтіп жатыр. Қатысушы спортшылар да көп, - деді Синем Томан мен Румейса Каплан.

Айта кетейік, әзірге көш басында 14 алтын, 3 күміс, 8 қоламен Қазақстан құрамасы тұр. Үздік үштікте Қырғызстан мен Ресей құрамасы орналасқан. 

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты ерекше болды. Бұл туралы халықаралық ақпарат құралдары да жазып жатыр. Астанада өткен айтулы шараны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен  бірге шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандар да тамашалады. 

«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Миражан Махан
Бөлісу: