Көшпенділер ойындары: бүгін ұлттық құрама қай спорт түрлерінен сынға түседі

12 Қыркүйек, 09:06 746

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы қазақстандық спортшылар 9 спорт түрінен сынға түседі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көкпар

Сағат 11.00-де көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Қырғызстан командасымен кездесіп, алтын жүлдені сарапқа салады. Ойын «Қазанат» ипподромында өтеді.

Көк бөрү

Ипподромда сағат 16.30-да көк бөрүден Қазақстан мен Қырғызстан арасында финалдық матч басталады.

Теңге ілу

Ипподром маңындағы этноауылда сағат 10.00-де теңге ілуден жарыс басталады. Бес белес сайысынан Бекнұр Серіков өнер көрсетеді. Ал сағат 15.00-де Рахат Комбаров қос құлаш сайысы бойынша сынға түседі.       

Құсбегілік

Этноауылда сағат 10.00-де құсбегілік жарысы басталады. Бүркіт, қаршыға және сұңқар салу іріктеу кезеңі мен жартылай финал өтеді. Бүркіт салудан Ерзат Байқадамов, Серікбек Күнтуған, Арман Қошқаров, ал қаршыға салудан Дәурен Аршабай, Бағдат Кеуенов, Құдайберген Рауилұлы, Ерлан Кенжетаев, ителгі салудан Бақдәулет Бабажан мен Ибрагим Базарбаев сынға түседі.

Садақ ату

«Арғымақ» ат-спорт кешенінде сағат 10.00-де дәстүрлі садақ атудан командалық сайыс басталады. Қазақстан намысын 10 спортшы қорғайды. Әйелдер: Динара Жақсылықова, Фариза Сабыржан, Айкөркем Батихан және Ажар Төлеуқанова. Ерлер: Ербол Тапенов, Бақберген Сәлімов,  Қасымхан Қанат, Марат Бексұлтан, Мақсат Әбдікерімов және Жәнібек Құлмырзаев.

Корэш

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында сағат 10.00-де татар халқының көне ұлттық белбеу күресі корэштен ерлер арасында төрт салмақ дәрежесі бойынша жарыстар басталады. Ел намысын Әділет Шалғынбекұлы (64 келі), Бекнұр Бектай (75 келі), Ернар Байжігіт (90 келі) және Нұрсұлтан Қожагелдіұлы (+90 келі) қорғайды.

Ашыртмалы аба гюреш

«Алау» мұз сарайында сағат 10.00-де түрік халқының ұлттық күресі ашыртмалы аба гюрешінен бес салмақ дәрежесі бойынша жарыс басталады. Ұлттық құрама сапында Марат Нигматуллаев (60 келі), Әділет Ахметғали (70 келі), Ерзат Арғынов (80 келі), Айдос Ғалымов (90 келі) және Мұхтар Дәлелханұлы (+90 келі) бозкілемге шығады. Ашыртмалы аба гюрешине 19 мемлекеттен 74 спортшы қатысады.

Ордо

«Алау» мұз сарайында сағат 10.00-де қырғыз халқының ұлттық ойыны ордодан іріктеу сыны басталады. Ел намысын Нұржігіт Ануарбекұлы, Нұрқанат Молжігітов, Алмас Қарабаев, Мұхамбетжан Нұрланұлы, Мырзамұрат Кайыпбеков, Айбек Амангелдіұлы. Талғар Әбілхан және Салмоорбек Субаналиев қорғайды. Ордоға 7 мемлекеттен 56 спортшы қатысады. Ақтық кезең 13 қыркүйек күні өтеді.

Овари

«Думан» қонақ үй және спорт кешенінде сағат 10.00-де Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны овариден сайыс басталады. Овариден ұлттық құрама сапында Әсел далиева, Аңсаған Қожанәсіп, Серік Ақтаев және Ернұр Мерешев Бексұлтан Бостандықов, Ерсұлтан Әуелбай, Мөлдір Серікқызы және Қожанасыр сынға түседі.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: