Көшеден көрмеге дейін

12 Шілде 2018, 16:00 9086

Жас суретшілер Али Закир және Ержан Танаймен сұқбат 

Стрит-арт Қазақстанда қалай дамып келеді? Неге көпшілік оны әлі де бұзақылыққа жатқызады? Көше суретшісі көкейінде сақтауы тиіс қағидалар қандай? Неге кез-келген кәсіби суретші көшеде сурет сала алмайды? Қазақстандықтар көрмеге жиі баруы үшін не істеу керек? Осы және басқа да сұрақтарға "Tigrohaud Crew" атауымен жақсы таныс команданың мүшелері, стрит-арт суретшілер Али Закир және Ержан Танаймен бірге жауап іздеп көрдік.

 


– Стрит-артпен айналысып жүргендеріңізге он жылдан асыпты. Бұл өнерге қалай келгендеріңізді айтып берсеңіздер? 
Али: Алматыдағы О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде оқып жүргенде "Snickers UrbanиЯ" фестивалінің куәсі болдық. Көше өнерінің бар бағытын біріктірген шарада бізге қызығы граффити болды. Көрген жұмыстар бізді қатты шабыттандырып, келесі жылы қатысушылар қатарынан табылдық. Ол 2007 жыл болатын. 
Ержан: Ал муралға қызығушылығымыз Талдықорғаннан басталған болатын. Алғашында тапсырыстарды қала әкімдігі жасы үлкен суретшілерге ұсынған екен. Бірақ ол кісілер биіктен қорықса керек, бас тартады. Осылайша ұйымдастырушылар бізге хабарласып, біз келісе кеттік. Біздің қазақ бір істі бастар алдында "Осылардың қолынан келе ме екен?" деп сенімсіздік танытып жатады. Сол кезде бұл істің қолымыздан келетінін көрсеттік. Үш мурал салған болатынбыз. Олар: "Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мурал және Айдын Айымбетов пен Геннадий Головкиннің портреттері. Нәтижені көрген соң, басқа аймақтарға да шақыртулар келе бастады. 


- Қай қаладағы жұмыстар ерекше есте қалды? 
Ержан: Өткен жылы Ақтөбеге шақырды. Қала басшылығы ұшақпен келе жатқан қонақтар Ақтөбенің қонақжайлығын алыстан сезсін десе керек, әуежайдың жанындағы 9 қабаттық үйге бауырсақ ұстаған келіннің бейнесін салуымызды өтінді. Ақтауда кептерлердің суретін салдық. Алматыда менің Мұқағали Мақатаевтің өлеңіне салған каллиграфиям бар, Алидің жеке жұмыстары бар. 
Али: Жақында ғана Астанада өткен "Astana Street Art" фестивалі аясында салынған "Бәйге" жұмысы өзімізге көбірек ұнайды. Бұл жұмыс - экспрессия. Бір-бірінен оза шапқан шабандоздарды абстракция тілінде көрсеткіміз келді. Фестивальде салынған үш жұмыстың ішінде көпшілікке ұнап жатқаны да осы мурал сияқты. Себебі заманауи болуында деп түсіндік. 


 

- Ал, стрит-арт пен граффитидің айырмашылығы бар ма? 
Али: Қазіргі таңда екеуі ұштасып кеткен сияқты. Ал салыстырып қарайтын болса, стрит-артта маңыздысы айтар ой, ал граффиттиде стиль. 
Ержан: Стрит-арт тек бояумен жазылған туынды болмауы мүмкін. Көшеге қойылған мүсін, инсталляция немесе қабырғаға жабыстырып кеткен стрикер де стрит-арт болып саналады. 
- Біздің елде стрит-арттың аяқ алысы қандай? 
Али: Қазақстандағы стрит-арт енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан бала сияқты. Әзірге нақты пікір айту қиын. Тек соңғы жылдары ғана түрлі фестивальдер ұйымдастырылып, бұл өнерге қызығушылық ояна бастаған секілді. 
Ержан: Иә, бізде стрит-арттың дами бастағанына екі-үш жылдай ғана уақыт болды. Мурал-арттың келуімен қабырғада қабілетін байқап көргісі келетін суретшілердің қатары артып келеді. Оған дейін көп қабатты үйлерге көлемді сурет салу болмаған еді. Өнер, осылайша бәсекемен дамиды. Ал өз қалауымен қабырғаға үлкенді-кішілі сурет салатын көше суретшілері болған, бар және бола береді. 
- Көпшілік өнерлеріңізді қалай қабылдайды? 
Ержан: Негізі халыққа ұнайды. Тек жұмыстың соңғы нүктесі қойылғаннан кейін (күлді). Бәлкім вандализммен көп шатастырғаннан болар, қабырғаға енді сурет сала бастағанда, өткен-кеткен адамда сұрақ көп болады. Бір түсінгеніміз, адамдар жұмысты нәтижесіне қарай бағалайды. Осыдан бес-алты жыл бұрын бір қызық оқиға болған еді. Бір көшенің ауласында сурет салып жатырмыз. Қасымызға орыс ағай келіп "Ренжімесеңдер сендерге 2000 теңге берейінші, еңбектерің бар" деп қолымызға ақша ұстатып кеткені бар. Өнерді бағалағаны деп мәз болып қалдық. Әрине адамдардың бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. "Мыналарың не? Қойыңдар!" деп ұрысып жататындар әлдеқайда жиі кездеседі. "Бұл жерге сурет салмаңдар! Бұл біздің район" деген жігіттерді де көрдік. Бірақ нәтижені көргеннен кейін, бәрінің көңілі жайнап шыға келеді. 
Али: Пікір мен көзқарастың алуан болуы заңдылық. Кейде "Өнерлерің қазақи емес қой" деп сын айтатындар кездесіп жатады. Біздің айтарымыз, өнерден қазақилықты іздеудің қажеті жоқ, ол - шексіз. Иә, біз қазақпыз, бірақ өнер ұлтқа бөлінбейді. Әркім өз уақытының суретшісі болуы керек. 
Ержан: Бірде Қарағандыға барып, қобызшыны салатын болдым. Бейнесін созып, біраз стилизация жасағым келді. Жұмысты аяқтап қалған кезде бір жігіт келіп "Қорқытты неге бұлай саласың? Қазақты мазақ қылып жатсың ба? Бізге басқа ұлттар күледі ғой" дейді. Бұл өнерді түсінбеудің, оны шектеп тастаудың белгісі шығар. 



- Көше суретшілерінің жұмысында кедергі көп шығар? 
Али: Көп қабатты үйлерге суреттер тек әкімшіліктің рұқсатымен салынады. Кез-келген жерге ойлағаныңды салып кете алмайсың. Ол жер жеке меншік болуы мүмкін. Граффитиге енді қызығып жүргенде оны білмейтінбіз, сондықтан біраз қиындықтар болды. Бірде сүйіктіме сезімімді білдірмек болып, үлкен көшенің бойындағы қабырғаға оның суретін салмақ болдым. Қасымда Ержан да бар. Жұмысты бастап жатқанда, қасымызға "Қарсы үйден хабарлама түсті" деп, полиция қызметкерінің келгені бар. "Бөлімшеге барғыларың келмесе, өшіріңдер" деген соң, еріксіз өшірдік. Ақыры ескі ғимараттың қабырғасына суретін салып, сезімімді білдірдім. 
Ержан: Содан кейін суретті көрінбейтін жерге салу керектігін түсіндік. Граффити салушылар екіге бөлінеді. Бірі көрінетін жерге тез-тез салады, екіншісі көрінбейтін жерге асықпай, байыппен салғанды ұнатады. Біз екіншісіне жатамыз. Кәсіби суретші болғандықтан шығар, шеберханадағыдай жағдай болғанын қалаймыз. Сосын, мұны кедергіге жатқызуға бола ма, білмеймін, бізге түрлі фестивальдерге қатысқан кезде қиыны - әкімдіктегі адамдарға жұмыстарыңның эскизін өткізу, суретші ретіндегі көзқарасыңды жеткізе білу. Олар бүгінгі тенденцияларды түсінбей жатады. Сондай кезде куратордың керек екені сезіледі. 
- Сонда стрит-арттың бүгінгі тенденциялары қандай? 
Ержан: Қазір мурал-арт кең өріс алуда. Әлем бойынша осы бағытта салатын суретшілер де көбейіп келеді. Әрқайсысы өзінің стилімен ерекшеленуде. Ал біз стрит-артта микс жасауға тырысамыз. Біреудің портретін әдемілеп, барынша шынайы етіп салсаң, оны ұнатады. Жан-жағындағы стильді салынған бейнелер болса, оны ешкім түсінбейді. Стрит-арттың жауапкершілігі көп, өйткені оны үйге іліп қоймайсың, халыққа қалдырасың. 
Али: Стрит-арт ескінің жаңаруы. Анри Матисс "Көркем өнер қайта қабырғаға көшеді" деген екен. Бүгінде түрлі әлем қалаларының басшылықтары бұны ұтымды пайдаланады. Шет жақтағы үйлер сатылмай жатса, сол муралдар арқылы сатып алушылардың қызығушылығын оятады. Ал біз көркем өнер халыққа жақын болса екен дейміз. Суретті көрген кішкентай балалардың өнерге деген қызығушылығы оянады. Олар одан суретші болып кетпесе де, түс баланың ойлауына әсер етеді. Ашық түстерді көріп өскен, түспен тәрбиеленген баланың ойлауы да өзгеше болады. Оның үстіне, бетон үйлерге сән беретін суреттер үлкендердің де көңілін жадыратары сөзсіз. 


- Өз жұмыстарыңызда әлеуметтік тақырыптарды көтересіздер ме? 
Ержан: О бастан қалыптасса керек, біз әлеуметтік тақырыптағы суреттер салмаймыз. Кәсіби суретші болғаннан шығар, кез-келген туындыдан әуелі іздейтініміз көркемдік, әдемілік. Жұмыстарымызда түс пен форма үйлесім тапса екен дейміз. Әлеуметтік тақырыпта жасайтын суретшілер визуалды әдемілікті іздемейді, олардың басты мақсаты - қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістерге адамдардың я биліктің назарын аудару. 
- Мысалы, Паша Кас… 
Ержан: Паша Кастың жөні бөлек. Оның жұмыстары эпатажға көбірек келеді. Стрит-арт деген осы. Әр суретшінің өз стилі, өз пайымы бар. Шектеу жоқ. 
Али: Десе де ол көпті толғандырған мәселені көтере білді. Ал біз жұмыстарымызды саясиландырғымыз келмейді. 
- Білсем, сіздердің де экология проблемасына қатысты жұмыстарыңыз бар? 
Али: Арал тақырыбындағы жазған жұмысым бар. Өзім Қызылорданың тумасымын. Бала кезімде көрген бір көрініс есімде қатты қалыпты. Суы тартылған Аралды, керексіз қалған кемені көрдім. Сол кеме сахараның көлінде жүзіп бара жатқандай әсер қалдырды. Ол жұмысты алғашында кенепке түсірдім. Кейін қабырғаға салғым келді. Бір жыл бұрын Алматыда өткен "MURAL FEST" халықаралық фестивалінде сол ойымды жүзеге асырудың сәті түсті. 


 

- Өздеріңізге ұнайтын стрит-арт суретшілерді атай аласыздар ма? 
Али: Aryz, Bom K, Марат Morik... 
Ержан: Sebas Velasco мен Etam crew-ді қосуға болады. 
- Екі суретшіге бірге жұмыс жасау қиын емес пе? 
Ержан: Кейде бір-бірімізді бағаламай кетеміз (күлді). Ондай сәттерде бірге жұмыс жасау қиын көрінеді. Бірақ бөлек жұмыс жасаған кезде жаныңда бір адамның жетіспейтіні сезіліп тұрады. Қалай болса да, сырт көз болатын біреу керек. Әрине, әрқайсымыз жеке тұлға, жеке қөзқарас иесі болған соң, қиындықтың болуы заңды. 
- Стрит-арт суретшінің табысы жақсы ма? 
Али: Бір мурал үшін әрқайсымыз шамамен 700 мыңдай аламыз. Кейде бояудың құнымен қоса есептеліп жатады. Ал мурал-арт фестивальдері, басқа қалаларға шақыртулар көбіне жазда болады. Одан бөлек, коммерциялық жұмыстар бар. Мысалы ресторан, спорт-залдардың қабырғаларына сурет салуға тапсырыстар аламыз. 
- Шет елде жұмыс жасап көрдіңіздер ме? 
Ержан: Өзім барған елде сурет салуға тырысамын. Үндістанға барар алдында сол жақтағы суретші жігітпен алдын-ала хабарласып, келетінімді айттым. Ол қуана келісіп, сол барғанымда үнді қызын бейнелеген болатынмын. Түркияға барған кезде де сол жақтағы суретшілермен араласып, Пикассоның портретін салдым. Ресейге Алимен бірге көрме көруге барғанбыз. Ол жақта да өз қолтаңбамызды қалдырып кеттік. 
 


 

- Алда қандай жоспарлар бар? 

Али: Жақында Қостанайға аттанбақшымыз, ол жақта Абайдың портретін саламыз. Одан бөлек бірнеше қалаларға шақыртулар бар. Шет елдерге шығып, шығармашылық тұрғыда шыңдалғымыз келеді. Бірнеше елдерде өтетін фестивальдерге өтініш жіберіп қойдық, әзір нақты ештеңе айта алмаймыз. 

- Сіздерді көбі стрит-арт суретші деп танитын сияқты. Өздеріңізді бірінші кім деп қабылдайсыздар? 
Али: Мен өзімді бірінші кезекте кәсіби суретші ретінде таныстырамын. Стрит-арттан да алғанып көп. Граффитимен айналысқалы кескіндемедегі палитрам да өзгерген сияқты. 
Ержан: Бізді көп адам стрит-арт арқылы таныды. "Tigrohaud Crew" командасы деп біледі. Кескіндемеден бастағаннан кейін мен де өзімді кәсіби суретші ретінде көремін. Одан кейін граффити суретшімін. Қазір біз екеуін біріктіру үшін жұмыс жасап жатқан сияқтымыз. Кескіндемедегі ойды, стильді стрит-артқа әкелуге тырысудамыз. Бұрын шеберхана мен көшеде салатын суреттеріміз әртүрлі болатын. 
- Көше әлде көрме? 
Ержан: Салыстырудың өзі қиын. Бәрі араласып кеткен секілді. Көрменің ұнайтыны - атмосфера бар. Көрмеге келген адам өнер көремін деп келеді. Өнерге, жаңа ойға ашық адам. Ол сенің жұмысыңа көз тоқтатып қарайды. Көрменің артықшылығы сонда. Оған қоса жұмысың дұрыс сақталады, жақсы жарық қойылады. Көшеде ол жоқ. Бірақ ол жақта сенің жұмысыңмен көп адам танысады. Осылайша, көрмеге аяғын баспаған адамның өнерге жақындауына ықпал етуге болады. Әрқайсысының өз артықшылығы бар. 
Али: Көрменің ішіндегіні сыртқа алып шыққымыз келеді. Қазір сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Бірақ алдымен қоғамды дайындап алу керек сияқты. Халықтың көбіне стрит-арт, заманауи сурет өнері әлі де таңсық. Оларды өнерге жақындатуға бағытталған көрмелердің көбейіп келе жатқаны қуантады. 


 

- Стрит-артқа қызығып жүрген жас суретшілерге айтар кеңестеріңіз бар ма? 
Ержан: Стрит-арт та кез-келген өнер түрі сияқты мінезді талап етеді. Оған қоса, көшеде сурет салғаннан кейін көптеген кедергілер болып жатады. Ауа райы да күнде қолайлы бола бермейді. Бірде суық, бірде ыстық. Ол жұмыстың астына күн ыстық болып, жұмысымды аяқтай алмадым деп жаза алмайсың. Сенің қандай жағдайда жұмыс жасағаның ешкімді қызықтырмайды. Бәрі тек нәтижені көреді. Сондықтан бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу маңызды. 
Шеберханада жұмыс жасап үйренген адам далада өзін басқаша сезінуі мүмкін. Адамдардың көзқарасынан, сөзінен ұялатын болса, ол сурет сала алмайды. Оның үстіне биікке көтерілуің керек. Биіктіктен қорқып, қолың дірілдейтін болса, тағы ештеңе шықпайды. Сол себепті, барлық қорқынышты ұмытып, жағдайға үйрену қажет. Ал ең бастысы өз ісіңді жақсы көруің керек. Тек сол арқылы жақсы туынды жасауға болады. 
Али: Қандай жұмыс болмасын алдын-ала эскизін қағазға түсіріп алған дұрыс. Мен сол жерде импровизация жасай саламын деп ойлау қате түсінік. Көлемді сурет салатын болған соң, қисайтып жіберуің мүмкін. Сосын бірден үлкен мурал салуға талпынбай, кішірек қабырғалардан бастаған жөн.

Суреттер Али Закир мен Ержан Танайдың әлеуметтік желідегі парақшаларынан алынды. 

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: