Қос бағыттың сабақтастығы

17 Сәуір 2017, 10:36 5808

Саяси және рухани жаңғырудың сабақтасуы

Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» басылымында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамда өте белсенді талқылануда. Елбасының рухани толғауын саралап, талқылау мақсатында ҚР Ұлттық музейінде де дөңгелек үстел өтті.

Келелі кеңеске тарихшылар мен саясаттанушылар, журналистер мен музей саласының қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстел барысында Елбасы мақаласында көтерілген мәселелер мен алдағы уақытта орындалуы тиіс тапсырмалар төңірегінде ой қозғалады.

«Елбасы осыған дейін саяси және экономикалық жаңғыру туралы айтты. Енді осы аталған екі жаңғыруды рухани жаңғырумен сабақтастыру керек. Өйткені, саяси жаңғыру да, рухани жаңғыру да озық ойлы азаматты талап етеді. Міне, осындай ұрпақ болмаса ешбір жаңғыру іске аспайды. Халықтың сана-сезімі өзгеру керек. Біз сөз етіп отырған мақалада Елбасы осы туралы айтып отыр. Бұл дер кезінде шыққан, әрі бізді нақты жұмыстарға жұмылдыратын мақала деп есептеймін» – деді, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының ғылыми  қызметкері Телебаев Газиз Тұрсынбекұлы.

Аталған мақалада Елбасы XXI ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудың басты бағыттарын атап көрсетумен қатар, жақын уақытта атқарылатын басты міндеттерге тоқталған болатын. Мақалада әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртып, ұлттық болмысын бірегейлендіру үшін қажетті алғышарттар көрсетілген. Олардың қатарында бәсекелік қабілет; прагматизм; ұлттық бірегейлікті сақтау; білімнің салтанат құруы; Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; сананың ашықтығы бар.

Мақаланың екінші бөлімінде таяу жылдарда атқарылуға тиіс біршама міндеттер көрсетілген. Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларын жүзеге асыру міндеті қойылған.

Бөлісу: