АҚШ-тағы Калифорния университетінің зерттеушілері адамның көру қабілетін толық қалпына келтіру жолын алтын алмұрт ұлуынан (Pomacea canaliculata) іздеп жатыр. Ғалымдар алғаш рет бұл ұлудың көзін толық қалпына келтіре алатынын зертханалық деңгейде дәлелдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жұмыстың нәтижелері Nature Communications ғылыми журналында жарияланған.
Адам көзі — күрделі сенсорлық орган әрі оны табиғи жолмен қалпына келтіру өте қиын. Бірақ ұлуда бәрі басқаша: ол тор қабықты, көз бұршағын және көру жүйке талшықтарынтолық қайта жаңғырта алады.
Зерттеу авторы, молекулалық және жасушалық биология кафедрасының доценті Элис Аккорси былай дейді:
Алтын алмұрт ұлулары — ерекше жаратылыс. Олар күрделі сенсорлық мүшенің қалай толық қалпына келетінін зерттеуге бірегей мүмкіндік береді.
Зерттеушілер ұлу мен адам көзінің құрылымдық ұқсастығын ғана емес, дамуына жауап беретін гендердің де ұқсас екенін анықтады. Тіпті ғалымдар бұл ұлуға CRISPR/Cas9 геномды өңдеу технологиясын алғаш рет қолданды.
Олар pax6 деп аталатын генді өшіріп көрді — бұл ген адамның да көз дамуында шешуші рөл атқарады. Нәтижесінде, бұл генсіз ұлу эмбриондары көзсіз дамыды.
Ғалымдардың байқауына сүйенсек, көзді алып тастағаннан кейін ұлуға оны қайта өсіру үшін шамамен бір ай уақыт қажет:
Анатомиялық тұрғыдан жаңа көз бұрынғысынан айнымайды, — дейді Аккорси.
Алайда жаңа көздің функционалдығы — яғни ол бұрынғыдай көре ала ма — әзірге белгісіз. Бұл үшін ғалымдар арнайы мінез-құлық тестін әзірлеп жатыр.
Ғалымдар ендігі кезекте pax6 гені тек көздің дамуында ғана емес, оның қайта өсуінде де рөл атқара ма — соны анықтауға тырысады. Егер солай болса (бұл ген адамда да бар) адам көзі де регенерацияға бейімделуі мүмкін.
Біздің мақсатымыз — ұлудағы көру регенерациясының механизмін түсіне отырып, адам ағзасында да ұқсас процестерді белсендіру, — дейді зерттеу жетекшісі.
Бүгінде көру қабілетін толық қалпына келтіру — медицинадағы шешілмеген күрделі сұрақ. Алайда табиғат өзі бұл сұраққа жауап беретін үлгіні ұсынған сияқты. Алтын алмұрт ұлуы — осы бағытта үміт отын жаққан жаратылыс.
Егер гендік регенерация принциптері тереңірек зерттелсе, бұл алдағы жылдары адамның көру қабілетін жасушалық деңгейде қалпына келтіру жолына алып келуі әбден мүмкін.