Коронавирус жұқтырғандар саны 2 есеге өсті – Ажар Ғиният

1 Шілде 2022, 11:23 1278

Елімізде соңғы бір аптада СОVID-19 вирусын жұқтыру дерегі көбейген

Елімізде соңғы бір аптада СОVID-19 вирусын жұқтыру дерегі көбейген. Алайда қазақстандықтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты,– деп хабарлайды El.kz.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бүгін ведомстваралық комиссияда маска тағу режимін енгізу мәселесі қаралады.

–  Ауру жұқтырғандар саны 2 есеге өсті. Бүгін осы мәселе бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы өтеді. Онда өңірдегі эпидемиологиялық жағдай қаралып, алдағы уақытта қандай шаралар қабылдау керектігі талқыланады, – деді Ажар Ғиният елордада өтіп жатқан халықаралық нейрохирургиялық форумның кулуарында.

Министрдің айтуынша Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай бақылауда. –Бүгінде республика бойынша жағдай тұрақты. Өңірлер «жасыл» аймақта. Еліміздегі ауруханаларда жүздеген адам емделіп жатыр. Аураханалардағы науқастардың толуы – 6 пайызды құрайды. Оның ішінде коронавирус жұқтырған 4 науқастың жағдайы ауыр. Олар дәрігерлердің бақылауында, - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, Ажар Ғиният «Қазақстандықтар маска тағуға қашан міндеттелуі мүмкін?» деген сұраққа жауап берді.

– Елімізде эпидемиологиялық жағдайды бақылайтын матрица бар. Егер өңірлер «сары» аймаққа енсе, тиісті санитарлық эпидемиологиялық шараларды қабылдаймыз. Қазір өңірлер «жасыл» аймақта болғандықтан, ондай шаралар жоқ. Егер «сары» аймаққа енген кейбір өңірлерде аурушаңдық көбейіп, қандай да бір қауіп төнсе, онда министлік және санитарлық эпидемиологиялық дәрігерлер тарапынан тиісті шара қолданылады. Алайда қазір қазақстандықтарға алаңдауға негіз жоқ», – деді министр. 

Бақытнұр Бейсенбай
Бөлісу: