27.07.2022
20:18
2400
Коронавирусқа қарсы жаңа препарат емдеу хаттамасына енгізілуі мүмкін

Коронавирусқа қарсы жаңа препарат емдеу хаттамасына енгізілуі мүмкін

Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы жаңа препаратты клиникалық хаттамаға енгізуді қарастырып жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек саясаты департаментінің басшысы Бауыржан Жүсіпов мәлім етті, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

– Әлемде КВИ-ді емдеу үшін қолданылатын бірқатар дәрі-дәрмек бар. Бірақ ол препараттар зерттеудің соңғы кезеңінен өткен жоқ. Дегенмен, бірқатар елдер кейбір дәрі-дәрмектерді шұғыл жағдайда қолдануға ұсыныс беріп отыр. Қазір бұл бағытта біздің клиникалық хаттаманы әзірлеуші мамандар белсенді жұмыс істеп жатыр. Жақын арада жұмыс нәтижесін жариялаймыз. Бір ай ішінде белгілі болып қалады, – деді Бауыржан Жүсіпов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Айта кетсек, қазір орталық коммуникациялар қызметі алаңында еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты баспасөз мәслихаты өтіп жатыр.

Брифингіде белгілі болғандай шілде айы басталғалы 3 қазақстандық коронавирустан қайтыс болды.

Сонымен қатар, қазір әлемде омикрон штамының өршіп тұрғаны айтылды. Сондай-ақ, еліміз 300 мың доза Pfizer вакцинасын сатып алу бойынша келісім жүргізіп жатыр.