Жолаушылар пойызына мінген әр адам үшін тазалық пен жайлылық ерекше маңызды. Осы талаптардың орындалуы – пойызды сапалы төсек-жабдықтармен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың еңбегіне тікелей байланысты. Солардың бірі – 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Шатыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
El.kz интернет порталының тілшісі кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Кір жуу комбинатының бастығы Айымгүл Төлегенқызының айтуынша, «Шатыр» бүгінде «Жолаушылар тасымалы» ұлттық компаниясының және жеке тасымалдаушылардың сенімді серіктесіне айналған.
«Шатыр» ЖШС жолаушылар пойыздарын барлық қажетті төсек-жабдықтардан бастап жұмсақ жылжымалы мүлікке дейін толық қамтамасыз етеді. Біз 20-дан астам бағытта, соның ішінде халықаралық бағыттарда да қызмет көрсетеміз. Басты мақсатымыз – жолаушылардың сапар барысында жайлылығы мен тазалығын қамтамасыз ету, – дейді Айымгүл Айтаева.
Оның айтуынша, компанияның ең үлкен артықшылығы – өз өндірісінің болуы. Кәсіпорында тігін цехы, сондай-ақ жастық пен матрас шығаратын өндіріс бар. Бұл өз күштерімен кең ассортименттегі өнімді шығаруға мүмкіндік береді. Мұнда перде, штор, дорба, төсек-жабдық жиынтықтары, матрастар, орын жабындары, арнайы киім және жастық қаптары басқа да бұйымдар тігіледі.
Тігін цехында еңбек ететін шеберлер арнайы тапсырыстарды қысқа мерзімде орындап, әр бұйымның сапасын мұқият тексереді. Сонымен қатар, компания жергілікті тоқыма өндірушілермен ынтымақтасып, шикізатты отандық нарықтан сатып алады.
«Шатыр» ЖШС тігін цехының бастығы Ақмарал Төлегенова бұл салада көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір ол өз цехының жұмысын үйлестіріп, әр бұйымның сапалы әрі стандартқа сай тігілгенін қадағалайды.
Қазір біз тігін бөліміндеміз. Мұнда жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен мата қабылданып, арнайы бөлмеде кесіледі. Әр мата алдын ала белгіленген өлшем бойынша кесіледі, – дейді Ақмарал Омарқызы.
Оның айтуынша, цехтағы жұмыс тәртібі нақты жүйеге құрылған.
Бізде алдымен мата өлшемге сай кесіледі. Бұл – ең маңызды кезеңдердің бірі. Әр бағыттың, әр пойыздың өз стандарты бар. Сол бойынша пішім жасап, мата кесеміз. Кесілген материалдар келесі кезеңге тігу бөліміне жіберіледі, – деді ол.
Маманның айтуынша, цехта тек төсек-жабдықтар ғана емес, сонымен қатар арнайы киімдер, жастық қаптары, перделер де тігіледі.
Біз тек жаймалар мен жастық қаптарын ғана тікпейміз. Пойыздарға арналған басқа да мүліктерді дайындаймыз. Сонымен қатар логотиптерді де өзіміз кестелейміз. Цехта арнайы тігін аппараты бар. Сол арқылы компания логотиптері мен жазуларды матаның бетіне кесте түрінде түсіреміз, – дейді ол.
Біз матрас пен жастықтарды өзіміз өндіреміз, сондықтан пойыздарды сапалы әрі ұзақ мерзімге шыдайтын өнімдермен қамтамасыз ете аламыз. Сонымен қатар отандық өндірушілерді қолдап, тоқыма өнімдерін жергілікті компаниялардан сатып аламыз, – дейді комбинат басшысы.
Жоғары сапаны сақтау мақсатында компанияның кір жуу комбинаттары Астана, Қарағанды және Павлодар қалаларында жұмыс істейді. Мұнда тек еуропалық Christeyns химиясы қолданылады. жуу процесі толық автоматтандырылған және Бельгиядағы мамандардың онлайн-бақылауында жүзеге асырылады.
Мұндай жүйе жуғыш заттардың дозасын дәл есептеп, қажетті түзетулерді автоматты түрде енгізуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл адами фактордың әсерін азайтып, тұрақты жоғары сапаны қамтамасыз етеді.
Дәстүрлі ұнтақтардан өзгеше, мұнда сегіз түрлі арнайы химиялық зат пайдаланылады. Әрқайсысы өз міндетін атқарып, матаға ұқыпты әрі тиімді әсер етеді. Барлық құралдар санитарлық нормаларға толық сәйкес келеді, – дейді Айымгүл.
Компанияның тағы бір маңызды ерекшелігі – үш сатылы су дайындау жүйесі. Бұл жүйе кір жуатын судың сапасын айтарлықтай жақсартады.
Біз қалалық су жүйесіне толықтай тәуелді емеспіз. Өзіміздің жеке ұңғымамыз (скважина) бар. Сол суды алдымен механикалық, кейін химиялық сүзгіден өткіземіз. Соңғы этапта су толық тазартылады. Бұл технология мата құрылымын сақтап, оның қызмет ету мерзімін ұзартуға және жуу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осы процестің арқасында жуған киімдердің түсі мен құрылымы сақталады, мата тез тозбайды, – деді ол.
«Біздің жұмыс – сапаны бақылап, әр есепті дәл жүргізу»
Кір жуу комбинаты бастығының орынбасары Эльмира Серікбайқызының айтуынша, күнделікті жұмыс барысында әр ауысымда қанша қызметкер жұмысқа келгенін, қанша көлемде өнім өңделгенін және қандай нәтижелерге қол жеткізілгенін есептеу – негізгі міндеттердің бірі.
Біздің жұмысымыз негізінен есепке байланысты. Әр ауысымның есебі жасалып, жалпы көлем мен көрсеткіштер есептеледі. Мысалы, бір күнде қанша төсек-жабдық өңделді, қанша адам еңбек етті – бәрі жүйеге енгізіліп, қорытынды есеп ретінде шығарылады, – дейді маман.
Оның айтуынша, сегіз жыл ішінде кәсіпорында айтарлықтай өзгерістер орын алған.
Мен алғаш келген жылдары мұндағы жағдай басқаша болатын. Сол кезде мен қарапайым оператор, үтіктеуші болып жұмыс істедім. Қазір кәсіпорын айтарлықтай дамып, жаңа цехтар ашылды. Мысалы, жаңа тігін цех іске қосылды, жұмыс көлемі артты. Бұрынғыға қарағанда өңдеу мен жуу процесі әлдеқайда автоматтандырылды, – дейді Эльмира.
Мұндай су дайындау жүйесі тек қана экологиялық емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да тиімді. Себебі қайта қолдануға жарамды су көлемі артады, ал электр энергиясы мен жуғыш заттарға кететін шығын азаяды.
Комбинат басшысының айтуынша, өндіріс кәсіби жабдықтармен толық қамтылған. Цехтарда өнеркәсіптік кір және кептіргіш машиналар, сондай-ақ үтіктеу катоктары орнатылған.
Мұндай техникалық база тәулігіне 50 мың килограммнан астам кір жууға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде барлық пойыздар дер кезінде таза әрі жаңартылған төсек-жабдықтармен қамтамасыз етіледі, – дейді комбинат басшысы.
Сондай-ақ комбинатта 55, 80 және 120 килограмм сыйымдылықтағы жоғары жылдамдықты кір жуғыш машиналар орнатылған. Бұл өз кезегінде тәулігіне мыңдаған төсек-жабдықты жууға мүмкіндік береді.
Жаз мезгілінде түсетін кір көлемі ең жоғары деңгейге жетеді – күніне 17 мыңға дейін төсек-жабдық жиынтығы өңделетінін айтады. Ал барлық өндіріс үдерісі 365 күн, тәулігіне 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істейді.
Жаз айларында пойыз қозғалысы көбейіп, кір көлемі екі есеге артады. Сол уақыттарда күніне 17 мыңнан астам төсек-жабдық жиынтығы өңделеді. Осындай кезеңдерде де жұмысымыз тоқтамайды. Себебі біздің ұжымның ұйымшылдығы мен жабдықтың қуаты соған мүмкіндік береді, – дейді Айымгүл Айтаева.
Кептіру мен үтіктеу процестері де толық автоматтандырылған. Маталар арнайы катоктар арқылы өңделеді, бұл сапаны арттырып қана қоймай, уақыт үнемдейді.
Оның айтуынша, кәсіпорынның сапаға деген көзқарасы халықаралық деңгейде расталған. «Шатыр» ЖШС жыл сайын Германияның Hohenstein институты беретін RAL халықаралық сапа сертификатына сәйкестігін дәлелдеп келеді.
Осы бақылау аясында Германиядан мамандар жыл сайын біздің барлық кір жуу кешендерімізге келіп, тексеру мен аудит жүргізеді. Бұдан бөлек, Германиядан арнайы сынамалық маталар жіберіледі. Біз оларды стандартты технология бойынша жуып, қайта сараптамаға жолдаймыз. Мұндай жүйе жуу сапасын толық бақылауға және әр кезеңдегі ықтимал ауытқуларды анықтауға мүмкіндік береді, – дейді комбинат басшысы.
Компания өз жұмысында инновацияны басты бағыт етіп ұстанады. Соның айғағы ретінде өндірістік процеске RFID технологиясы енгізілген. Бұл цифрлық жүйе арқылы төсек-жабдықтар мен жұмсақ жылжымалы мүліктің әрбір бірлігіне арнайы RFID-таңба тігіледі. Онда өнім туралы толық ақпарат жазылған.
Барлық мәліметтер бірыңғай базаға енгізіліп, цифрландырылған форматта сақталады. Бұл есеп жүргізу үдерісін жылдам әрі дәл етеді. RFID жүйесінің арқасында мүліктің қозғалысын бақылау толықтай ашық болды, ал жоғалтулар мен қателер ең төмен деңгейге дейін қысқарды. Есеп жүргізудің толық цифрлық форматы басқару тиімділігін және дәлдігін арттырды, – деп атап өтті ол.
Айымгүл Төлегенқызының айтуынша, бұл технология бұрынғыдай қолмен есеп жүргізу қажеттілігін толығымен жойған.
Бұрын бізде әр бұйымды тіркеу, санау, қай пойызға жіберілгенін қадағалау үлкен уақытты алатын. Қазір RFID жүйесінің арқасында бүкіл процесс цифрлық форматта жүзеге асады. Әр жайма, жастық қап, көрпе не сүлгінің шетіне микрочип тігіледі. Онда бұйымның неше рет жуылғаны, соңғы өңдеу уақыты, қай бағытқа жөнелтілгені және келесі дезинфекция мерзімі жайлы толық ақпарат сақталады, – дейді ол.
Жүйе қарапайым әрі тиімді жұмыс істейді. Жаңа төсек-жабдық айналымға енгізілген сәттен бастап цифрландырылады. Ал пойыздарға жөнелту кезінде арнайы аппарат микрочиптерді 5-7 метр қашықтықтан автоматты түрде оқиды.
Мысалы, бір пойызға 1000 жиынтық төсек-жабдық жіберілсе, ол шамамен 4000 жеке затты құрайды. Аппарат бірнеше секундтың ішінде сол 4000 затты автоматты түрде есептейді. Егер бір зат жетіспесе, жүйе оны бірден көрсетеді, – деп түсіндірді комбинат бастығы.
RFID жүйесінің енгізілуі – тек есепті жеңілдетіп қана қоймай, кәсіпорындағы ашықтық пен жауапкершілік мәдениетін күшейткен маңызды қадам болды. Енді әр мүліктің қозғалысы нақты тіркеліп, оның қай кезеңде, қай орында тұрғаны туралы толық ақпарат базада сақталады.
Бұрын кей жағдайларда пойыздан оралған төсек-жабдықтың нақты саны мен жағдайын анықтау үшін қызметкерлер бірнеше сағат бойы қолмен түгендеу жүргізетін. Ал жаңа жүйе арқылы бұл бірнеше минут ішінде шешіледі.
Жүйе тек есеп жүргізумен шектелмейді. Ол материалдық жауапкершілікті арттыруға, әр қызметкердің жұмыс нәтижесін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, белгілі бір пойыз бағытында төсек-жабдықтар жоғалған немесе бүлінген жағдайда, RFID коды арқылы оның қозғалыс тізбегі анықталып, нақты қай кезеңде мәселе туындағаны көрінеді.
Сондай-ақ әр бұйымның қанша рет жуылғаны мен қолданылғаны тіркеліп отырады. Егер төсек-жабдық өзінің пайдалану мерзіміне жақындаса, бағдарлама автоматты түрде ескерту шығарады. Бұл жаңа жиынтықтарға алдын ала тапсырыс беруге және қойма қорын тиімді басқаруға жағдай жасайды.
Мұндай тәсіл компанияның ішкі тәртібін күшейтіп қана қоймай, серіктес ұйымдардың да жұмыс мәдениетіне оң әсер ететін көрінеді. Есеп-қисап айқын болғандықтан, кез келген сұраққа нақты дерекпен жауап беруге болатынын жеткізді.
Қазіргі уақытта компания айналымында 100 мыңнан астам төсек-жабдық жиынтығы бар. Сонымен қатар қоймада жаңа жиынтықтардың үлкен қоры сақталады. Мұның бәрі пойыздарды қажетті жабдықтармен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Біз әрдайым үш күндік дайын жиынтықтар қорын ұстаймыз. Бұл кез келген күтпеген жағдайға жедел әрекет етіп, пойыздарды тоқтаусыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Айымгүл Төлегенқызы.
Кәсіпорынның экипировка және кір жуу қызметтері тәулік бойы, аптаның жеті күні жұмыс істейді. Экипировка бөлімшелері Астана, Қарағанды және Павлодар қалаларында орналасқан. Комбинатта өз автопаркі жұмыс істейді. Арнайы таңбаланған көліктер таза және кір төсек-жабдықтарды бөлек тасымалдайды.
Біз санитарлық нормаларды қатаң сақтаймыз. Таза және кір киімдерді бірге тасымалдауға болмайды. Барлығы жеке-жеке көліктермен жеткізіледі. Өз автопаркіміздің болуының арқасында таза төсек-жабдықтар мен инвентарды пойыздарға дер кезінде апарамыз. Бұл компанияның тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, – дейді комбинат басшысы.
«Шатыр» ұжымы үшін басты мақсат – жолаушылардың жайлылығы мен разылығы.
Біз әр жолаушы сапар барысында өзіне деген қамқорлық пен жылылықты сезінуі үшін еңбек етеміз, – деді.
Кәсіпорында бүгінде 350-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың арасында көпбалалы аналар, зейнеткерлер және әлеуметтік осал топ өкілдері бар.
Біз ұжым мүшелерінің жағдайына бейжай қарамаймыз. Мереке күндері және үздік қызметкерлерге ай сайын сыйақылар тағайындалады, – дейді Айтаева.
Жаңа қызметкерлер міндетті түрде еңбек қауіпсіздігі мен электрқауіпсіздік бойынша оқытудан өтеді, әрқайсысына арнайы куәлік беріледі.
Жиырма жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Шатыр» ЖШС – еліміздегі теміржол саласындағы сенімді әрі тұрақты серіктестердің бірі. Компанияның жетістігі – тек технологияда емес, ең алдымен, адал еңбек пен кәсіби жауапкершілікте.
Біздің мақсатымыз – әр жолаушы сапар кезінде тазалық пен жайлылықты сезінуі. Сол үшін біз тәулік бойы еңбек етеміз. Бұл тек жұмыс емес, бұл – өз ісіңе деген құрмет пен халық алдындағы жауапкершілік, – дейді Айымгүл Төлегенқызы.
Бүгінгі таңда «Шатыр» – тек кір жуу комбинаты ғана емес, тұтас өндірістік экожүйе. Ол теміржол қызметінің сапасын арттыруға және жолаушылар мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосып келе жатқан кәсіби ұжым.