Шетел асып, маңдай терімен күн көріп жүрген қазақстандықтар саны жыл сайын артып келеді. Ашық деректерге сүйенсек, шамамен 137 мың қазақстандық еңбек мигранты ретінде түрлі елде жұмыс істеп жүр. Олардың дені Ресейге бет бұрса, соңғы жылдары Оңтүстік Корея мен Ұлыбритания қазақстандықтар арасында танымал бағыттардың біріне айналды. Бірі Сеул зауыттарында еңбек етсе, бірі Лондон маңындағы фермаларда таңғы шық кеппей жатып құлпынай мен орамжапырақ теріп жүр.
Бірақ шетелге барып табыс табамын дегендердің арасында алаяқтардың құрығына түсіп жүргендер де аз емес. 28 жастағы Түркістан облысының тұрғыны маусымдық жұмысқа бару үшін банктен қарыз алып, делдал компанияға 700 мың теңге төлеген. «Бір айдың ішінде құжат дайын болады, билет қолыңа тиюге жақын» деген уәдеге сенген жігіт Лондонға екі жылдан бері жете алмай жүр.
Күні бүгінге дейін банкке ай сайын төлем жасап отырмын. Ал ол ақшаны шетелде жүріп қайтарамын деп ойлаған едім, – дейді ол.
Бұл жалғыз жағдай емес. Отандық БАҚ мәліметінше, «жұмыс тауып беремін» дегендерге 800 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін төлеп, алаяқтардың құрбаны болғандар аз емес.
Делдалдардың бағасы әртүрлі: ең төмені – 100 мың теңге, орта есеппен 500-800 мың теңге, кейде тіпті 2 миллионға дейін жетеді. Қағаз жүзінде бұл ақшаға құжат рәсімдеу, билет пен жатын орын уәде етіледі. Алайда іс жүзінде құжат та, билет те болмай, адамдар қолындағы қаржысынан айырылып қалып жатыр.
Кім де болсын материалдық жағдайын жақсартқысы келеді, қалай дегенмен Қазақстандағы айлық табыс пен шетелдегі жалақы арасындағы айырмашылық жоғары.
Қазақстандағы орташа жалақы шамамен 316-448 мың теңге (шамамен 830 доллар) болса, Кореядағы қазақ жұмысшыларының табысы – айына 1,5-2 мың доллар. Бірақ тұрғын үй, тамақ, жол шығындарын шегергенде, қолына таза шамамен 1-1,2 мың доллар қалады.
Ал Ұлыбританиядағы маусымдық жұмысшылар аптасына 40-60 сағат жұмыс істеп, айына 1,8-2,2 мың фунт табады. Бірақ бұл да маусымдық табыс.
Ресми емес мәліметтерге сәйкес, мұнда шамамен 15 мыңға жуық қазақстандық жұмыс істейді, олардың көпшілігі құжатсыз жүргендер. 2020 жылғы есеп бойынша, Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргендердің ішінде жетінші орынға тұрақтаған.
34 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Азамат (есімі өзгертілді) бүгінде Оңтүстік Кореядағы зауытта еңбек етіп жатыр.
Жалақы жаман емес, бірақ алғашқы айларда пәтерақы мен жол шығыны көп ұсталады. Жұмыс ауыр, түнгі ауысым бар. Тіл білмесең, одан да қиын. Бірақ амал жоқ, отбасын асырау керек, – дейді ол.
Шетелге кеткен ата-ана балаларына ақша жібергенімен, мейірімін бере алмайды. Қаншама қарт ата-ана жалғыз қалып жатыр. Ол аздай тіл білмеу, полициядан жасырыну, жалғыздық сезімі тағы бар. Кореяда құжатсыз жүргендер көп болғандықтан, полициядан қашу – күнделікті өмірдің бір бөлігі.
Заңсыз жүрген қазақстандық жұмысшылар көбіне жұмыс берушілердің қысымына қарсы тұра алмайды, жалақының кешіктірілуі немесе толық төленбеуі де жиі кездеседі.
Осыған орай жуырда еліміздің Сыртқы істер министрлігі бірнеше рет ескерту жасап, шетелде жұмыс іздеген кезде тек ресми арналарға жүгінуге кеңес берді. Ресми деректерге сәйкес, бүгінде Оңтүстік Кореяда 30 мыңнан астам қазақстандық бар.
Мәселені шешу мақсатында Қазақстан тарапы Кореяға Employment Permit System (EPS) - еңбек рұқсаты жүйесіне қосылу жөнінде ұсыныс білдірген. Егер бұл келісім жүзеге асса, қазақстандықтар заңды түрде емтихан тапсырып, сертификат алып, ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореядағы елшілік құрамына полиция атташесін енгізу жоспарын қарастыруда. Бұл арнайы жасақ жіберу емес, азаматтардың құқықтық мәселелерін бақылап, көмек көрсететін өкіл болмақ. Демек қоғамда тарап кеткен «ертең-ақ полиция келіп ұстап әкетеді» деген әңгімелер асыра сілтеу болғалы тұр.
Оңтүстік Кореяда жұмыс берушілер қазақтарды еңбекқор әрі төзімді деп бағалайды, алайда заңсыз мигранттардың көбеюі қоғамда сенімсіздік туғызуда. Жол апаты сияқты келеңсіз жағдайлар да жергілікті тұрғындар арасында теріс пікір қалыптастыруы мүмкін.
Ұлыбританияда қазақтар маусымдық мигранттардың жалпы ағымында бейтарап қабылданады. Жұмыс берушілер оларды «уақтылы келетін, еңбекқор, тәртіпті» деп сипаттайды, ал қазақ студенттері мен жас мамандар елдің оң имиджін қалыптастыруға өз үлесін қосып жүр.
Көрші елдермен салыстырғанда, қазақстандық еңбек миграциясының көлемі әлдеқайда аз:
Саны аз болса да, қазақстандықтардың бір бөлігі заңсыз жолды таңдағандықтан, олардың проблемалары қоғамда жиі талқыланады.
Алыс жолға шыққан әрбір қазақстандық өз тағдырымен бірге елдің абыройын да арқалап жүр. Оңтүстік Кореядағы жасырын жұмысшылар да, Лондон даласында таңнан кешке дейін құлпынай теріп жүргендер де адал еңбек етуде. Кореяда көзқарас екіұшты болса, Ұлыбританияда қазақтар еңбекқор мигрант ретінде бағаланады.
Адам еңбегін қадірлейтін қоғамда маңдай тердің ақысы да адал болуы тиіс, сондықтан шетелге жұмыс іздеп шыққан әрбір азамат ең алдымен ресми арнаны таңдауы қажет. Әйтпесе арманын қарызға айырбастаған тағдырлар тағы қайталануы мүмкін.
Авторы: Дина Ғалымжанқызы