Кореяда қазақстандық кино күндері өтеді

3 Маусым 2022, 15:17 2718

Мәдени алмасу жылы аясында 10-14 қазан аралығында Кореяда қазақстандық кино күндері өтеді,- деп хабарлайды El.kz Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Бұл туралы мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея бірлескен комиссиясының төртінші отырысында айтылды. Тараптар мәдениет және өнер, туризм, кинематография, спорт, музей және мұрағат ісі, сондай-ақ телехабар тарату салаларындағы өзара іс-қимылдың ауқымды мәселелерін талқылады. Елдер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2022 жыл мәдени алмасу жылы болып жарияланғанын атап өткен жөн.


– Қазақстан мен Корея мемлекетаралық байланыстардың барлық спектрі бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың дәстүрлі жоғары деңгейіне ие. Елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар жыл сайын нығайып келеді. Мемлекет басшысының өткен жылдың тамыз айында Корея Республикасына сапары осы берік және достық қарым-қатынастардың айғағы болды, оның қорытындысы бойынша архив ісі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Сапар аясында ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды, - деді ҚР МСМ халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Бақнияз Қарашина.

Мәдени алмасу жылы аясында 20-26 маусым аралығында Сеулде республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының гастрольдері жоспарланып отыр.

Өз кезегінде Қазақстанда K-pop концертін, классикалық музыка түнін, киноиндустрия форумын, сондай-ақ корей қолөнерінің көрмесін өткізу жоспарланып отыр.


Бақнияз Қарашина екі ел арасындағы арасындағы мәдени алмасу жылы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенімді екенін айтты. Қос тараптың мәдениеті сондай-ақ тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік зор екенін сөз етті.

Бөлісу: