Кореяда жұмыс істейтін қазақ жігіті күніне қанша теңге табатынын айтты

25 Сәуір 2023, 10:17 18423

Оңтүстік Кореяға кеткен қазақстандықтар саны жыл сайын артып барады. Олардың дені табыс табу үшін жүргендер. Айтуларынша ол жақтағы жалақы біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрінеді. Тіпті олар кәрістер ұсынған кез келген жұмысты істеуге дайын. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген отандасымыздың бірімен сұхбаттасқан еді.

Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінде Оңтүстік Корея мемлекетінде 35 мыңға жуық отандасымыз жүр. Оның 9,6 мыңы заңсыз қалып қойғандар. Кореяда жұмыс істеп жүргендердің қатарында Азамат есімді жерлесіміз де бар. Ол аз уақыт ішінде өзі қанағаттанатындай табыс тауып жүргенін айтады. 

Бұған дейін Азамат Қазақстанда жеке сот орындаушысының көмекшісі болып қызмет атқарған. Кореяға келгеніне көп болмапты.

Мен осы жылдың қаңтар айында Оңтүстік Кореяға Дубай және Филиппин арқылы Оңтүстік транзиттік бағытпен ұшып келдім. Бұл жерде  мотельде петинщик болып жұмыс істеймін. Яғни, бір реттік жұмыс істеп жүрмін, – дейді Азамат.

Көп адамдар үшін толық емес жұмыс күні табыстың негізгі түрі. Көбінесе бір реттік жұмыс бірнеше сағаттық, бірнеше күндік немесе бір апталық болады. Кейде тіпті бірнеше айға ұласуы да мүмкін. Қазір отандасымыз шағын қонақ үйде төсек жапқыштарын ауыстыру, салу секілді күнделікті қызмет атқарады. Айтуынша табысы да аз емес секілді. 

Қазақстанда менің қажеттілігімді өтейтін жұмыс және соған сай жалақы болған жоқ. Әрине, біздің елде де жұмыс көп. Бірақ айлық жалақысы 150-200 мың теңгеден аспайды. Ал қазір бұл ақшаны бір апта ішінде табамын, – дейді отандасымыз.

Біздің елмен салыстырғанда айырмашылық өте жоғары. Азамат бір аптада бір айлық ақшаны тапса, айына шамамен 1 миллион теңге (2 900 000 вон) алады екен. Бұл валюта бағамына байланысты аз не көп болып өзгеріп отырады.

Күніне 50 мың теңге (150 мың вон) аламын. Жұмыстағы ұжымдық қарым-қатынас біздің елдегіден бөлек. Мұнда қарамағындағы қызметкерлерін құрметтеу мәдениеті бар. Тіпті, мен мейрамхана иесінің өзі даяшы болып жұмыс істейтінін көрдім. Мейрамхананың ауласын тазалап, көшені сыпырып жатқанын байқап, таңқалдым. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық деген дүние болса, ол басқаша деңгейде шешіледі. Көбісінде бұл ақшаға байланысты емес, – деді ол.

Отандасымыздың айтуынша, Оқтүстік Кореяда жұмысқа тұру үшін ешкім ешкімге пара бермейді. Бұл жағынан алғанда кәрістердің мәдениеті тым жоғары. 

Адамдардың орта табы және одан төмен класы болсын барлығы заңды сақтайды. Мәселен бағдаршамда қызыл жанып тұрса және жолда машиналар болмаса да жаяу жүргіншіге жасыл түс жанғанша күтіп тұрады.

Ерінбеген адамға елімізден де жұмыс табылады. Бірақ отандастарымыздың да еріккенен ел асып жүрмегенін түсінуіміз керек. Оны Сыртқы істер министрлігі де растап отыр. Бірі емделу, екіншісі турист ретінде және соңғысы жұмыс істеу үшін барады. Солардың арасында жұмыс істеуге баратындардың саны басым. Оның ішінде заңсыз жүргендері қаншама. Осыны ескере келе, жуырда Қазақстан Оңтүстік Кореядан 50 мың квота алу туралы келіссөз жүргізе бастады. Енді Оңтүстік Кореяға жұмысқа барғысы келетін қазақстандықтар арнайы квотамен жұмысқа орналаса алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, сәуірдің 25-26 күні жұмыс тобы Сеулге барып, еңбек миграциясы мәселесін талқыламақ. Оңтүстік Кореяда 16 елге еңбек квотасы беріледі, соның ішінде Қазақстан да бар.

Азамат секілді жерлестеріміз Кореяға ақша табу үшін кетіп жатыр. Өйткені, құрылыс, зауыт немесе басқа да кез келген қара жұмыстың жалақысы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда көп.

«Мен мұнда әжептәуір жалақы аламын әрі жатар орыным мен тамағыма көп шығын кетпейді. Шамамен табысымның 10 пайызын ғана ішіп-жеуге жұмсаймын. Ал Қазақстанда жалақының 50 пайыздан астамы азық-түлік алуға кетеді. Осылай бір айлығың келесі айлыққа дейін жетпей қарызға батасың. Мен мұнда досыммен бірге турист ретінде келіп, жұмыс істеу үшін қалдым. Бұл жерде жұмысқа орналасуға көмектесетін, жол нұсқайтын топтар бар. Әсіресе, қазақтар Ресей, ТМД-ның басқа елдерге қарағанда бір-біріне жақсы көмек көрсетеді, – деді Азамат.

Бұған дейін Кореяға  кіруге рұқсат берілмеген Қазақстанның екі азаматы Инчхон халықаралық әуежайынан заңсыз қашып, артынша ұсталған еді. Болған оқиға Оңтүстік Кореяда қоғамдық резонанс тудырған болатын. Алайда бұл оқиға сол жерде жұмыс істер жүрген отандастарымызға айтарлықтай зиянын тигізбеген секілді. 

Жергілікті билік немесе жұмыс берушілер тарапынан ешқандай қысым болған жоқ. Себебі біз істеп жүрген жұмысты дәл сол жалақыда өздері істемейді. Сол себепті олар бізге құрметпен қарайды. Бірақ бұл көші-қон қызметіне қатты әсер етпейді, – дейді отандасымыз.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: