Корей Жаңа жылы аймақтарда атап өтілді

7 Ақпан 2019, 11:30 3553

«Қазақстан кәрістер қауымдастығы» Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастырумен корей халқының Жаңа жылы – Сольналь мерекесі атап өтілді.  

Салтанатты кешке Қазақстан Республикасы Парламент  Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Ахмет Мурадов, облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ляйла Төрешова, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының және барлық этномәдени бірлестіктерінің мүшелері қатысты.

Көпжылғы дәстүр бойынша «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі Елена Ким кәрістер этномәдени орталығының ардагерлері мен белсенділеріне алғысын білдіріп, марапаттау рәсімін өткізді.

Сыр еліне Қиыр Шығыстан жер аударылған корей этносының өкілдері ел дамуына елеулі үлестерін қосты. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған сәтте кәріс этносы құшағын ашып, бауырына басқан жергілікті қазақ халқымен біте қайнасып, ынтымақта өмір сүріп, әр салада еңбек етіп келеді.

Кәрістер жас буынға, өскелең ұрпаққа ата-баба салтын насихаттап, үлкендерді құрметтеуге шақыратын Жаңа жылды тек отбасымен бірге өткізеді. Дәстүрге сәйкес бұл күні балалары ата-аналарына сәлем беріп, ал олар өз кезегінде үрім-бұтағына сыйлықтар табыстайды. Барлық отбасы мүшелері ханбок ұлттық киімін киеді.

 «Сольналь» мерекесінде би мен әндер орындалды, ойындар ойнатылды. Ал, барабаншылардан құралған бишілер ансамблі жиылған жұртшылықты өз өнерлерімен баурап алды.

Кәріс халқының Жаңажылдық мерекесі Өскемен қаласында да атап өтілді.

Бұл күні орындалатын тағы бір маңызды дәстүр қайтыс болған отбасы мүшелеріне қатысты. Мерекелік дастархан басында кәрістер бабалар рухынан көмек, қорғауды сұрайды. Бұл салттың аты – «чхаре». Концерт жүргізушілері осы және тағы басқа әдет-ғұрыптар жөнінде баяндап, кейбіреулерін сахынада көрсетті.

Шара барысында Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков барлық кәріс халқын ұлттық мерекелерімен құттықтай отырып, қоғамымызда тыныштық, бірлік, береке тұрақтылық болсын деген ізгі тілегін жеткізді.

«Кореядағы «Сольнальді» Қазақстандағы «Наурыз» мерекесімен салыстыруға болады. Биылғы жылы Шығыс Қазақстандағы кәрістердің қауымдастығы «Сольнальді» Достық үйінің қабырғасында алғаш рет атап өтуде», - деді ол.

Бөлісу: