Көпшілік филиппиндік бала күтушілерге неге құмар?

31 Шілде, 10:15 487

Бүгінгі таңда баланы балабақшаға ор­наластыру да қиындық тудыра­ды. Балабақшаның құны да аспандап тұрғаны белгілі. Мемлекеттік балабақшаның кезегі келгенше ол баланың мектепке баратын уақыты да болып қалуы мүмкін. Сондықтан декреттік демалыстан жұмысқа шығатын уақыты келгенде «Баланы кіммен тастаймыз?» деген сұрақ барлық ата-ананы мазалайды.

Сол себепті бір ата-ана бүлдіршінін жеке балабақшаға берсе, енді бірі бала күтуші қызметіне жүгінеді. Бүгінде балаға қарайтын кәсіп иелерін тек ауқаттылар ғана емес, көпшілік жұрт та іздей бастаған. Өз перзентін өзгенің тәрбиесіне беру, өзгенің баласын өз жауапкершілігіне алу екі жаққа да оңай емес. Бірақ онсыз тағы жол жоқ. Жөні түзу бала күтушісін табу да оңай емес. Ақпарат құралдарында «бала күтушісі сәбиді өлтіріп кетіпті», «үйді тонап кетіпті» деген ақпарат өте жиі шығады.

Осы күні филиппиндік бала күтушісінің көмегіне жүгінетіндер көбейген. Түр əлпетін корей, қытай, тіпті қазақ, қырғызға жақындатып жататын филиппин қыздары бала күтуші ретінде көп елде сұранысқа ие. Әсіресе, Түркия, Ресейдегі жұлдыздар шақыратын болған. Қазір Қазақстандағы шоу-бизнес өкілдері де қалысар емес.

Мысалы, актриса Жәния Журинская шетелдік бала күтушінің визасы мен ұшып келуі үшін агенттікке 2 миллион бергенін, ал ай сайын 900 доллар (шамамен 427 737 теңге) жалақы төлейтінін екенін жазған.

Филиппин əйелдері барша шығыс халықтары сияқты отбасы құндылықтарын жоғары қояды. Əйелдерінің көнбіс, бейімделгіш, икемді келетін табиғаты олардың жоғарыда аталған бала күтушілік, жанға жайлы жар деген сияқты қырларын айқын ашып көрсетеді.

Актрисаның өзі баласына қарайтын адамды неліктен шет мемлекеттен алдырғанын түсіндірді. Оған шетелдіктермен байланыстыратын агенттікті әнші Луина ұсынған. Жәнияның сөзінше, Луина да филиппиндік бала күтуші жалдаған.

Бір себебі - үйде бәрі ағылшын тілін білгенін қаладым. Мені біреулер «құтырған»  дейді. Біреулер  «Керемет. Балаңыз ағылшын тілінде сөйлейді» дейді. Мен үшін бұл қалыпты жағдай. Филиппиндік бала күтушінің алдында менің екі бала қарайтын көмекшім болды. Одан бөлек тағы үй жинайтын көмекшім болды. Бала күтушінің жалақысын естіп, мені сөгіп жатқандар бар. Үш адамның орнына бір адам жалдау мен үшін 50 мың теңгеге ғана қымбатқа шықты. Мен осылай өмірімді жеңілдеттім, - дейді ол.

Ал блогер Карина Оксукпаева баласының денсаулығына алаңдағандықтан филиппиндік бала күтушісін жұмыстан шығарған.  

Біз бала күтушіні жұмыстан шығарып жібердік. Бұл өмірімдегі ең сәтсіз тәжірибе болғанын жасырмаймын. Балам ауырып жатқандықтан отбасымызбен анализ тапсыруға мәжбүр болдық, - деп жазды блогер әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Бірақ үйдегі филиппиндік бала күтуші әйелдің реакциясы түсініксіз болыпты. Анализ тапсыру үшін көлік жүргізушісін жібергенде «Менің ұйқым қанбады, есі дұрыс адамсыңдар ма?», - деп жауап берген әйел ашуланып, қарсы тараппен келісімге келе алмаған. 

Қысқасы мен оның сондай мейірімді әйелден ашулы адамға қалай айналып кеткенін түсінбедім. Мен оған біздің үйде жұмыс істеу үшін барлық жағдайды жасадым. Бала күтушімен ұзақ мерзімді жұмыс істегім келген, - деп видеоүндеу жасады Карина Оксукпаева. 

Балалар психологы Меруерт Дәулетқызы күтушінің бала психологиясына қалай әсер ететінін айтып берді.

Бала күтушісін таңдаған кезде өте мұқият болу керек. Оған бірнеше маңызды себеп бар екенін атап өту қажет. Ең біріншіден, ол балаға физикалық түрде жауапкершілік, сонымен қатар психологиялық дамуына өте қатты әсер етеді. Баланың анасы жанында болмағандықтан, онсыз да психологиялық тұрғыда соққы алған бала бөтен әйелмен жалғыз қалады. Ал күтуші әйел басқа елдің азаматы болса жағдай ушыға түседі, - дейді маман.

Сарапшының айтуынша, камера арқылы бақылаған күннің өзінде күтушінің балаға қалай әсер етіп жатқанын болжау қиын.

Әрбір жас кезеңінде балада даму процестері әртүрлі қалыптасады. Әртүрлі өзгерістерге ұшырайды. 2-3 жас аралығындағы бала өзін әлеуметтік ортаға тиесілі екенін біле бастайды. Өзінің кім екенін тани түседі. Анасы мен әкесіне қарап, іс-әрекеттерін қайталайды. Осы жерде құндылықтар жүйесі де қалыптасады. Ал үйде бала мен күтуші ғана қалатын болса, біріншіден, күтушінің қандай тәрбие беріп жатқанынан ата-анасы хабарсыз болады. Камераның ар жағында болып жатқан әрекетке қарап, «бәрі жақсы» деп те ойлауға болмайды. Бала күтушінің іс-әрекетін қайталау арқылы сол кісінің құндылықтарын, мінез-құлық ерекшеліктерін бойына сіңіруі мүмкін, - дейді Меруерт Дәулетқызы.

Ал баланың тілі шығып, сөйлеп кетуіне үнемі қасында болатын адам тікелей әсер етеді. Сондықтан психолог бала күтушісінің қай тілде сөйлейтініне назар аудару қажет екенін атап өтті.

Бала негізі өз ана тілінде тәрбие алғаны дұрыс. Себебі, баланың болашақтағы ойлауы мен миының қалыптасуына туған тілінде сөйлеуі өте қатты ықпал ететіні сөзсіз, - дейді Меруерт Дәулетқызы.

Шетелдік үй қызметшілері мен бала күтушісіне сұраныс бойынша Оңтүстік Корея көш басында тұр. Financial Times мәліметінше, Оңтүстік Корея шетелдік азаматтардың есебінен елдегі бала туу көрсеткішін арттыруды көздеп отыр. Арнайы пилоттық жоба аясында 100-ге жуық филиппиндік әйел Сеулге барып, үй шаруасымен айналыспақ. Билік өкілдері бұл бастама корей әйелдеріне оң ықпал етеді деп болжам жасаған. Корей билігінің айтуынша, үй шаруасынан қолы босаған әйелдердің бала тууға құлшынысы оянады. Егер аталмыш жобаның нәтижелері көңіл қуантарлықтай болса, 2025 жылдың ортасына қарай Оңтүстік Кореяға тағы 1200 адам келеді деген жоспар бар.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: