03.11.2025
18:11
865
Көпбалалы әкелерге 1,5 млн теңгеден грант беріледі

Көпбалалы әкелерге 1,5 млн теңгеден грант беріледі

Қазақстанда мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант алуға өтінім қабылдау жалғасуда. Сарапшы Әліби Көшербай бұл жобаның шарттары мен талаптарын түсіндіріп берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл – мемлекеттен берілетін ресми бағдарлама. Толық ақпарат business.enbek.kz сайтында жарияланады. Өтінім дәл осы платформа арқылы қабылданады. Бағдарлама Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүзеге асырылады және жеті әлеуметтік санаттағы азаматтарға арналған, – деді сарапшы.

Көшербайдың айтуынша, жобаға жұмыссыз азаматтар мен жеке кәсіпкер ретінде өз-өзіне жұмыс істейтін тұлғалар қатыса алады.

Ең бастысы – бұл бағдарламаға ресми жұмысы бар, яғни еңбек келісімшарты бойынша тіркелген адамдар қатыса алмайды. Мұндай ереже барлық өңірлерде бірдей қолданылады, – деп атап өтті ол.

Бағдарлама аясында қазіргі уақытта екі кезең өткен. Үшінші кезеңнің өтінім қабылдау мерзімі бүгін сағат 20:00-де аяқталады.

Грант қаражаты шағын кәсіп иелеріне құрал-жабдық сатып алу, жалдау ақысын төлеу және жұмыс бастауға қажетті материалдарды алу мақсатында беріледі.

Ақша нақты бағыттарға бөлінеді. Барлығы 10 бағыт бар, оның ішінде құс шаруашылығына, құрал-жабдық сатып алуға, жалдау ақысына және өзге де қажеттіліктерге жұмсалады. Комиссия мүшелері кәсіп бастауға бағытталған жобаларға басымдық береді, – деді Әліби Көшербай.

Сонымен қатар, сарапшы мал шаруашылығы, монша, сауда және азық-түлік салаларына грант берілмейтінін атап өтті.

Бағдарламаның келесі легін 2026 жылдың сәуір немесе мамыр айларында өткізу жоспарланып отыр. Бұл кезеңде өтінім беруге барлық өңірдің тұрғындары қатыса алады.

Әліби Көшербайдың айтуынша, грант негізінен әлеуметтік осал топтарға арналған.

Көпбалалы отбасылардың кемінде төрт баласы болуы керек, ал үлкен баласы 23 жастан аспауы тиіс. Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың бірі қатыса алады. Мүгедектердің өздері де қатыса алады, бірақ олар жұмысқа жарамды болуы тиіс, – деді сарапшы.

Мүгедекке қараушы тұлғалар бағдарламаға қатыса алмайды. Өтінім мүгедек адамның өз атынан беріледі және ол жұмысқа жарамдылығы туралы анықтама алуы қажет.

Қандастардың елге келгеніне бір жылдан аспауы керек, өйткені бұл статус азаматтық алғанға дейін сақталады. Ал қоныс аударушылар оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып, бір жылдан аспаған болуы тиіс. Асыраушысынан айырылғандар — бұл жетім балалар емес, жұбайының қайтыс болғанын растайтын құжаты бар азаматтар, – деп түсіндірді Көшербай.

Сарапшының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алып жүрген азаматтар да бағдарламаға қатыса алады. Алайда грант ұтқан жағдайда АӘК төлемі тоқтатылады.

Грантқа ие болған азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Шотына қаржы түскен соң ол табыс табушы тұлғаға айналады, сондықтан әлеуметтік көмек төлемі тоқтатылады, – деді сарапшы.

Қорытындылай келе, Әліби Көшербай бұл жобаны «кәсіп бастауға берілген зор мүмкіндік» деп атады.

Бұл бағдарлама – өз ісін ашып, тұрмысын жақсартуға ниетті азаматтар үшін нақты мүмкіндік. Ең бастысы – талаптарға сай болу және белсенділік таныту, – деді ол.

Бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылдау басталды. Қазақстанның тоғыз өңірінде тұратын азаматтар 400 АЕК (1 572 800 теңге) көлемінде грант ұтып алып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алады.

Бұл грантты әр қатысушы тек бір рет ала алады.

Кімдер қатыса алады?

Өтінім беруге келесі азаматтар құқылы:

  • тіркелген жұмыссыздар;

  • жеке кәсіпкерлер (тіркелгеніне кемі үш жыл болған).

Сонымен қатар, үміткер міндетті түрде келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы керек:

  • мүгедектігі бар адамдар;

  • қандастар;

  • өңіраралық қоныс аударушылар;

  • аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелері;

  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар;

  • асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы алушылар.

Барлық үміткерлерде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын өткенін растайтын сертификат (жарамдылық мерзімі – үш жылға дейін) болуы шарт.

Гранттың мақсаты мен сомасы

Грант – қайтарымсыз қаржы, яғни бұл сома кейін мемлекетке қайтарылмайды. Мақсат – жаңа бизнес ашқысы келетін азаматтарға алғашқы қадамдарын жасауға қолдау көрсету.

Грант көлемі – 400 АЕК (1 572 800 теңге). Бұл қаражат құрал-жабдық сатып алуға, өндірісті жолға қоюға және табыс көзі қалыптастыруға жұмсалады.

Қай өңір тұрғындары қатыса алады?

270 грант келесі өңірлерге бөлінген:

  • Абай облысы

  • Ұлытау облысы

  • Ақмола облысы

  • Шығыс Қазақстан облысы

  • Қызылорда облысы

  • Павлодар облысы

  • Солтүстік Қазақстан облысы

  • Түркістан облысы

  • Шымкент қаласы

Өтінімді қалай береді?

Өтінім беру процесі қарапайым:

  1. business.enbek.kz порталына тіркелу;

  2. Грант алу шарттарына сәйкестікті тексеру;

  3. Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, толтыру және порталға енгізу;

  4. Өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ азаматтар мансап орталықтарына немесе ХҚКО-лардың өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына барып өтініш бере алады.

Қаражатты неге жұмсауға болады?

Грант ақшасын:

  • құрал-саймандар мен еңбек құралдарын алуға;

  • технологиялық жабдықтар сатып алуға;

  • мал, құс, тұқым немесе көшет алуға;

  • орын-жайды жалға алуға жұмсауға болады.

Нені қаржыландыруға болмайды?

Қаражатты төмендегідей мақсаттарға жұмсауға тыйым салынады:

  • жеке тұтынушылық шығындарға;

  • несиелерді өтеуге;

  • жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе салуға;

  • жер учаскесін алуға;

  • акцизделетін өнім өндіруге.

Комиссия шешімі қалай қабылданады?

Грант иегерлерін аудандық немесе қалалық комиссиялар анықтайды. Үміткер өз бизнес-жобасын комиссия алдында қорғайды. Бағалау келесі критерийлер бойынша жүргізіледі:

  • идеяның бәсекеге қабілеттілігі;

  • өткізу нарығының нақтылығы;

  • жобаның қаржылық өміршеңдігі;

  • кәсіпкерлік дағдыларының деңгейі;

  • жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті.

Есеп беру тәртібі

Грант иегері қаржының жұмсалуы туралы тоқсан сайын онлайн есеп тапсырады. Барлық процесс портал арқылы, ешқайда бармай-ақ жүзеге асырылады.