Көп адам менікіндей мүсінді армандайды – хитке айналған «İstedim» әнінің орындаушысы

Бүгiн, 16:00 139

Хитке айналған «İstedim» әнінің орындауышысы, танымал әзірбайжандық әнші Роза Зяргярли өзінің шығармашылық жолындағы жаңалықтары мен жеке өміріндегі маңызды оқиғаларға қатысты сұхбат берді.

Әнші «Sputnik» агенттігіне берген сұхбатында жаңа әндерінің табысы, денсаулығына байланысты қиындықтары, жеке өміріне қатысты жоспарлары және балаларының жетістіктері туралы ашық айтты.

Роза соңғы уақытта «Переболела», «Ревность», «Ağlaya, ağlaya» («Жыла, жыла») және «Son» («Соңғы») атты жаңа әндерін тыңдармандарына ұсынды. Бұл әндер музыкалық чарттардың алғашқы орындарын иеленіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Әншінің айтуынша, бұл жобаларға бейнебаян түсіруде тек әзірбайжандық мамандар ғана емес, ресейлік және украиналық кәсіби шеберлер де атсалысқан.

Ол денсаулығына байланысты шығармашылық үзіліс алуға мәжбүр болған.

Өмірінде стресстің көптігінен салмақ қосып, 86 келіге дейін жеткен. Әнші спортпен шұғылданып, қанша диета ұстағанымен, жақсы нәтижеге қол жеткізе алмаған.

Осылайша 2023 жылдың 2 мамырында асқазанға баллон орнату операциясын жасатты. Бұл күнді әнші өзінің «екінші туған күні» деп атайды. Себебі отадан кейін денсаулығы күрт нашарлап, комаға түсіп, өмір мен өлімнің арасында жатқан. Басқа ауруханаға ауыстырылған соң ғана аман қалды.

Бірнеше қиындықты бастан өткергеніммен, бұл шешіміме еш өкінген жоқпын. Қазір 72 келі салмаққа түстім, алда тағы 5 келіден арылу ойымда бар, – дейді әнші.

Роза өзінің сыртқы келбетіне қатысты айтылатын пікірлерге тоқталып, бетіне ешқашан пластикалық операция жасатпағанын атап өтті. Дегенмен, косметологқа баруды әдетке айналдырғанын және екі рет липосакция жасатқанын жасырмады.

Мен тек екі рет липосакция жасаттым. Көп адам менікіндей мүсінге ие болуды армандайды, бірақ одан әрдайым ұялып, жабық киім киіп жүретін едім. Тек екінші липосакциядан кейін ғана қалағанымды кие бастадым, – дейді ол.

Әнші жеке өмірі туралы да ашық айтты. Бұрын екі рет отбасылы болған ол биыл тағы да тұрмысқа шығуды жоспарлап отыр. Бұл жаңалығын 24 мамырда жарияламақ.

Өмірде өзіңді ойлау керек. Бұрынғы некелерімде мені алдады, бірақ бұл үшін өзімді кінәлаймын. Себебі алдауға мүмкіндік берген де мен. Әйел адам еркекке толықтай сенбеуі керек, сол сияқты еркек те әйелге шексіз сеніп қалмауы қажет. Сенім керек, бірақ оны тексеріп отыру да артық етпейді, – дейді ол.

Розаның айтуынша, өзіндік табысы бар және өзіне сенімді ер адамдар сирек кездеседі.

Өзіне сенімді ер адамдар жоқ. Көпшілігі былай ойлайды: егер онымен таныссам, оған ақша жұмсау керек, өйткені ол әнші, оған қымбат сыйлықтар сатып алу қажет… Олар әйелдің жүрегін ақылымен жаулап алуға болатынын түсінбейді. Ер адамдарды кінәламаймын, өйткені ақша тауып, өзіңде бәрі бар кезде, олар сенімен танысуға тәуекел етпейді, – деп бөлісті әнші.

Розаның балалары да шығармашылық жолдан алыста емес. Қызы Бюльбюль атындағы орта арнаулы музыка мектебін және Бакин музыка академиясын аяқтап, қазір Түркияда білім алып жатыр.

Негізінде соңғы «Son» атты әнімді алғаш орындаған – менің қызым. Бірақ ол бұл әнді маған берді, себебі әншілік мансабын тек оқуын аяқтағаннан кейін бастағысы келеді, – дейді Роза.

Ал ұлы Джордж Ресейдегі «Блеск» сериалы арқылы танымал болған. Ол алты ай бойы Санкт-Петербургте дайындалды, кейін түсірілім жұмыстары Ресей мен Түркияда өтті.

Менің ойымша, Қазақстандағы жетімдер үйінде өскен, ешқандай қолдаусыз ресейлік сериалға шақырылған әзірбайжандық жігітпен мақтану керек. Ол актерлік шеберлігін керемет көрсетті. Өкінішке қарай, бұл жетістікті Әзірбайжанда ешкім байқамады, бәрі тек сүйісу сахнасын талқылаумен шектелді. Бұл өте өкінішті, – деп ренішін білдірді әнші.

Роза пандемияға дейін қара нәсілді баланы асырап алғысы келгенін айтты. Бірақ қоғамның түрлі көзқарасына байланысты бұл ойынан бас тартқан.

Бәрі жүзеге аспағаны жақсы болды деп ойлаймын, өйткені мен райымнан қайттым. Себеп менің балаларымда емес, көрермендерде, әріптестерімде және әлеуметтік желі қолданушыларында, олар менің бұл қалауымды әртүрлі қабылдады. Ал менің жалғыз мақсатым – осы балаларға аналық махаббат сыйлау еді. Оларға бұл қатты жетіспейді, – деп сөзін түйіндеді әнші.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: